Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (2-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Түрікпен елге бармаққа
Төрт жүз палуан сайланды,
Палуанның басы Махрам
Алмас қылыш байланды.
Төрт жүз палуан қол алып,
Махрамдай палуан
Жүрмекке енді ойланды.
Қайратты ерлер қамданып,
Қалдырмай қара байланды.
Қаһары қатты батырлар
Мұсылманның еліне
Салмаққа барып ойранды.
Махрамдай палуан
Қатты қаһар қолға алды.
Қалмақтың қалың еліне
Болғандай үлгі жол салды.
Бұл төрт жүз ердің айбатын
Көрген халық таң қалды.
Неше асқар бел қалды,
Туып өскен жер қалды.
Бірге туып, бірге өскен
Қатар-құрбы, тең қалды,
Қалың қалмақ ел қалды.
Қаһарына ерлердің
Жүрген жері қозғалды.
Мұсылманның еліне
Болатын болды бір жұмыс,
Бермесе Құдай жәрдемді.
Осы шыққан төрт жүз палуан
Мұсылманның елінен
Кек алуға арманды.
Шағдат ханнан аттанған
Төрт жүз палуан ерлердің
Ылғи тұлпар мінгені,
Гулетіп ерлер жөнеді.
Болаттан сауыт оқ өтпес,
Белсеніп ерлер киеді.
Тасқа тұрмас ақ сүңгі
Қарына батыр иледі.
Астындағы тұлпарлар
Тасқа тисе таңлағы
Саз балшықтай иледі.
Еті қызып шапқансын
Астындағы тұлпардың
Зорға басын биледі.
Қаһармен шыққан батырлар
Жанды көзге ілмеді.
Бетпақтың құба шөліне,
Батырлар атын шу деді.
Ерігіп тұрған тұлпар ат
Соққан желдей гуледі.
Түрікпен елге жетсем деп,
Аударыспақ ойнасып,
Асығып ерлер келеді.
Елін шаппақ түрікпеннің
Осыған көңілін бөледі.
Қырық жылдан бері жай жатқан
Харазымның түрікпен
Қауіпсыз жатқан ел еді.
Бес атадан түрікбенге
Талайдан дұшпан көп еді.
Шағдаттан шыққан төрт жүз ер
Қайраты қатты мол еді.
Мұсылман, қалмақ жауласқан
Бұрыннан қалған жол еді.
Толыбайдай сұлтанның
Өзі тастап хандықты
Бос отырған кезі еді.
Толыбайдың жалғызы
Раушанбектің мекені—
Әудек деген көл еді.
Раушанбек жалғанда
Жаннан асқан ер еді.
Жүзі көркем, шырайлы,
Адамнан емес пері еді.
Мінез-құлқы мүләйім
Құданың сүйген құлы еді.
Ысқауат—қайыр көп берген
Сақилығы шын еді.
Он жігітпен құс салып,
Сейілге шығар күні еді.
Әудектің жапан даласы
Раушанбектің шыққаны
Келатқан жаудың жоны еді.
Атаңа нәлет Махрам
Он жеті күн-түн жол жүрді,
Азғантай емес мол жүрді.
Ылғи тұлпар мінгені
Төрт жүз палуанды
Жазира шөлмен жүргізді.
Жүз батпан шойын шоқпарды
Асықтай атып Махрам
Ерлігін жұртқа білгізді.
Байлап қайтпақ мақсаты—
Толыбайдың баласы
Раушанбектей жалғызды.
Қайтар емес палуандар
Қалың түрікпен елінен,
Шағдаттың кегін алғызбай.
Байлап алып Раушанды
Ойдағы ісін болғызбай.
Мұсылман еліне
Болатын болды бір жұмыс,
Бермесе жәрдем бір Құдай.
Осы жүрген сәулетпен
Шағдаттан шыққан төрт жүз ер
Жол жүреді нақ бір ай.
Ерлері кетіп аз қалған
Түрікпеннің елінде
Махрамға жан жоқ сайма-сай.
Осы жүрген сәулетпен
Әудектің жеті көліне,
Келіп қонды жақындай.
Аттанып батырлар,
Харазым деген жерінен.
Туралап асып жол шеккен
Қу бастың құба шөлінен.
Есіткен қалмақ елаты
Туды деп жалғыз Раушанбек
Толыбай ханның белінен.
Түрікпенге шыққан анайы
Бұрынғы ата кегінен.
Күн-түндеп бір ай жол жүріп,
Жақынға келіп ол қонды,
Әудектің жеті көлінен.
Жата берсін бұл ерлер
Енді айталық кеңесті,
Алдағы түрікпен елінен.
Толыбайдың жалғызы,
Раушандай бегінен.