Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (4-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Отыр екен түсінде
Түрікпен елдің шағында-ай,
Бұрынғы ата бағында-ай.
Атадан қалған мирасын
Кіреуке алтын тағында-ай.
Қалың әскер тұр екен
Раушанбекті қорғауға
Қамалап оң мен-солын-ай.
Дүнияның ләззәтін
Бұл түсінде көріпті,
Жан көрмеген дәуірді-ай.
Қол қусырып, «сұлтан» деп,
Ортаға алып тұрады
Жанның бәрі жабырлай.
Жалаңаш қылыш қолға алып,
Неше мыңдай әскер тұр,
Тигізбей ханға зәбірді-ай.
Бұл сәулетпен тұрғанда
Киелі қара бура кеп,
Раушанбекке шабынды-ай.
Иықтан алып жерге ұрды,
Раушанбектей ханыңды-ай.
Қамаған қалың әскердің
Біреуі кетті табылмай.
Босанып мұнан қашып еді,
Алдынан шығып бір қабылан
Тырнағын салды жаздырмай.
Тырнағынан қабыланның
Қырық бөрі келіп айырды-ай.
Босанып және ол қашты,
Жанының ойлап қамын-ай.
Аспаннан келіп көк бүркіт
Төбеден бұрып сұлтанның
Ағызды судай қанын-ай.
Төрт жүз қарға жалап жүр
Қанын жерге тамызбай.
Аспаннан түскен көк бүркіт
Қырық бөріні соғып жүр
Пәлекті ұрған дауылдай.
Дәрменсіз жатты Раушанбек
Көзі көріп барындай.
Біреу келіп байлады
Раушанбектің қолдарын,
Дәрменсіз жатқан шағында-ай.
Оянса батыр түсі екен,
Албырап тұрды өртеніп,
Көкірегі жалындай.
Тұра келсе таң атқан,
Шақырып алды қасына
Жолдасының барында-ай.
Көрген түсін айтуға
Қырық жігітке жаңылмай.
Мен бір жаман түс көрдім,
Оңға жоры, жігіттер,
Кетпесін дауа табылмай.
Әлқисса, Раушанбек далаға шығып дәрет алып, келіп түсін айтып жорытайын деп келе жатқанда таудан құлап келе жатқан көп киікті көріп, түсін жорытуды ұмытып кетіп, жігіттерге ер сал деп бір сөз айтқаны:
—Ай,қырық жігіт, тұрыңдар,
Айтқан сөзді ұғыңдар,
Ер салып әбзел бедеуге,
Тезірек атқа мініңдер.
Таудан төмен құлады
Суға қарап көп киік,
Оны да шығып көріңдер.
Іздегенің сол еді,
Текесін таңдап алыңдар.
Он жігіт болса болады,
Менімен бірге жүруге,
Басқаң қоста қалыңдар.
Ат қағып келген ерлерім,
Тынығып деміңді алыңдар.
Құмайды қосып киікке
Тамашасын көріңдер.
Өзімен кетет қызығы
Құс алмай-ақ қойыңдар.
Құс қызығы бір басқа,
Ит жүйрігін сынайық,
Бұл сөзіме наныңдар.
Мергендеріңді сынайық,
Қалдырмай мылтық алыңдар.
Жау құралы қалмасын,
Тастан асыл қылышты
Қия белге шалыңдар.
Ырғай сапты найзамен
Қалдырмаңыз садақты,
Қаруды жолдас қылыңдар.
Күн шығып қызып кетпесін
Тезірек атқа мініңдер.
Раушанбектің бұл сөзін
Есіткенсін жігіттер
Орнынан тұрды қуанып.
Он жігіт шықты сайланып,
Қолдан бөлек шұбалып.
Таярланды жүруге
Бедеу атқа ер салып.
Қылыш байлап беліне,
Найзаларын қолға алып.
Қорамсақ толған оқпенен
Садағын алды қамданып.
Бүркітін тастап құсына
Ылғи құмай тазыны
Шақырды беклер памданып.
Құмай келді бектерге
Шақырғансын жиналып.
Қиядан көздеп құмайлар,
Алды-артында бектердің
Жүгіріп жүр айналып.
Ал енді бектер шу десті,
Бір-біріне жүр десті.
Киікке қарай шамданып,
Киік тұрды қарасып,
Атты адамға таңданып.
Ылғи құмай тазыны
Көзі көрді киіктің
Адамға тұр еді алданып.
Тазыны көзі көргенсін,
Киік қашты тауды өрлеп,
Құтылуға қамданып.
Жабыла қуды жігіттер
Ұстамасқа арланып.
Таудан арман аспай-ақ,
Таңынан тартып құмайлар,
Көбі қалды қарпалып.
Ылғи құмай тазылар,
Құтқармады киікті
Екеу-екеу парланып.
Таудан арман құлады,
Бөлініп кетті төрт киік
Қарасын үзіп жауланып.
Тазылар қалды адасып,
Көре алмай оны қарманып.
Табанынан тас соғып,
Тырнағы сынып құмайдың,
Кейінде қалған киікке
Тұрып қалды алданып.