Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (13-бөлім)

Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу

—Осы тауда сіз тұрыңыз қарайып,
Бір ұрысты қылайын мен ғажайып.
Бес мыңменен ұрыспаққа барайын,
Бата берші, арыстаным, қол жайып?!

Көрұғлыдай сұлтанынан бата алып,
Архарумға қашқан жауға бет алды.
Ықыласымен сұлтан ата берген соң,
Батырлар атты айдап жолға салады.

Қырық жігіт бұл арадан кетеді,
Екі арада біраз уақыт өтеді.
Бірнеше күн дамыл алмай қуған соң,
Райханның әскеріне жетеді.

Бес мыңменен барып ұрыс салады,
Кешікпей-ақ екі мыңын алады.
Аты шаршап болдырған соң ерлерің,
Қырық бірі де қолға түсіп қалады.
Қызылбастар аттың басын бұрады,
Көптігінен тұқымдары құрымады.
Ғират біліп, Құба таудың басында,
Байлауында ойын салып тұрмады.

«Бір бейнетті, Ғират атым, білдің бе?
Батыл көзбен, жануарым, көрдің бе?
Байлауыңда ойын салып тұрмайсың,
Жауға кеткен қырық жігітім өлді ме?».

«Қырық жігітің Райханға барыпты,
Екі мыңын кешікпей-ақ алыпты.
Аты шаршап болдырған соң ерлерің
Қолға түсіп қырық бірі де қалыпты.

Ей, сұлтаным, мен айтайын сөз басын,
Жауға түскен өңкей сенің жолбарысың.
Байлауымда ойын салып тұрғаным:
Көріп тұрмын қырық жігіттің көз жасын».

Көрұғлы:

—Ғиратыма мініп алып жөнермін,
Мен айналып он төрт күнде келермін.
Он төрт күнде егер қайтып келмесем,
Ол дүниенің базарында көрермін.

Ақбілек:

—Қызылбастың туралап шаншы сыртынан,
Тұқым қоймай дұшпандардың жұртынан.
Райханнан қиянатты көп көрдім,
Шынжыр тағып жетелеп кел ұртынан.

Ай, шырағым, құлағың сал сөзіме,
Тілек тілеп жас аламын көзіме.
Құдай досты пайғамбарға тапсырдым,
Төрт шаһаряр көмек берсін өзіңе.
Ер Көрұғлы Ғиратына мінеді,
Қашқан жауға бетін қойып жөнеді.
Ерте тұрып қуған екен батырың,
Нақ тал түсте Райханды көреді.

—Бенде болған нарларымда арман көп,
Ойладың ба мені өліп қалған,—деп.
Іздеп келді арттарыңнан Көрұғлы
«Қайдасың,—деп,—қырық жігітім, Сапабек?».

Қырық бір жігіт көрді жаудың айдауын,
Жау алғанда көрді олардың жайлауын.
Сұлтанының даусын естіп батырлар
Дал-дал қылды темір шындыр байлауын.

Алла қосып қызылбастан несіпті,
Көрұғлының айтқан сөзін есітті.
Босанған соң қырық жігіт бас қосып,
Айғай салып қызылбасқа тиісті.

Көрұғлы алды аспаһандай қылышты,
Көп дұшпандар көріп қашып жылысты.
Қырық екісі басын қосып батырлар,
Бірнеше күн қызылбаспен ұрысты.

Екі мыңды сап қылыпты осыдан,
Қолға түсті жалғыз өзі Райхан.
Жаяу айдап Ақбілекке әкелді,
Неше түрлі бейнет көріп қысылған.

Көп азаппен Райхан патша өледі,
Жәмбілге Көрұғлы қайтып келеді.
Райханның қазынасы көп екен,
Алып келіп Бозұғланға береді.

Көрұғлының дабылы жұртқа кетеді,
Патшалықпен барлық өмірі өтеді.
Өз сүйгені Ақбілекке қосылып,
Бозұғлан хан мұрадына жетеді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз