Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (3-бөлім)

Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу

Бір күні шықты Раушанбек,
Он жігіт ертіп елінен.
Құс салып, киік ауламақ
Әудектің жеті көлінен.
Хан баласы Раушанның
Соған көңілі бөлінген.
Алғыр құс пен жүйрік ит,
Жинады қоймай шынынан.
Жолдас қылып ертеді,
Ерлерді сайлап теңімен.
Құс салып сейіл қылмаққа
Халқын жинап Раушанбек
Рұқсат алды көбінен.
Шырайлы еді Раушанбек
Адамзат емес періден.
Хан баласы Раушанды
Көруші еді артық түрікпен
Перзентінен өзінің,
Жалғыз туған белінен.
Халқына болған жағымды
Мүләйім мінез пиғылымен.
Алды-артында қара жоқ,
Жалғыз еді Раушанбек
Толыбайдың белінен.
Алдында аға болмады,
Артында жоқ және інісі,
Жалғыздық түсіп есіне
Қамығады шынымен.
Өзінен де туған бала жоқ,
Қамықты бегің сонымен.
Бұтақсыз өскен дарақпын
Өскен жапырақ көлімен.
Айқайлап перзент сүймедім,
Бала туып белімнен.
Жазатайым іс болса,
Жоқтайтұғын аға-іні жоқ
Қалың түрікпен елінен.
Қартайған атам не қылсын
Уақты өткен күнінен.
Уақты хошлық қыламын
Қырық жігіт ертіп ізімнен.
Қалың жауға кез келсе,
Жәрдемші боп ата бер,
Қалмағай тағы тізгіннен.
Арманы бар ма жігіттің
Атам жоқ деп іздесе,
Перзентің болып кейіннен.
Ердің құны—бір оқтық,
Қиядан қыстау іс болса,
Жасаған Жаппар Құдай-ау,
Жанға бергей тоқымнан.
Уайымнан пайда жоқ,
Бір жігітке ойласаң,
Бұрынғының көзінен.
Жалғызға болғай мәдеткер,
Жасаған Құдай өзіңнен.
Нәмарт деп біреу айтпай ма
Шықса мынау сөзімнен.
Ойға түсіп бір қиял,
Жалғыздықтан сөз айттым,
Өзімде перзент уайымнан.
Кел, қырық жігіт, атқа мін,
Жүрелік Әудек көлімен.

Бұл сөзді айтып Раушанбек жігіттеріменен атқа мініп, Әудек көлге қарай кетіп бара жатқан жері.

Қырық жігіт шу деп ат қойды
Әудектің жеті көлінен.
Таңырқатты сәулеті
Мына түрікпен елінен.
Алғыр бұрты жүйрік ат,
Қару-мылтық асынған.
Асан көзге көрінер,
Жау құралы бір басқа
Асынған екен белінен.
Сәулетін көрген ерлердің
Жан келе алмас жанына-ай.
Ылғи тұлпар мінгені,
Қияға салған көзін-ай.
Асфаһани қылышпен
Садақ, найза қолында-ай.
Ақ кіреуке сауытпен
Болат қалқан басында,
Ділдадан дабыл асынды-ай.
Шошынғандай көрген жан
Айбатына ерлердің
Бұл бара жатқан пормындай.
Ат қойды беклер шу десіп,
Бір-біріне жүр десіп,
Әудектің жүрер жолына-ай.
Шығарып салған қырық жігіт
Басқасы қайтып еліне,
Хан баласы Раушанбек
Он жігітпен бөлінді-ай.
Раушан мінген қанкері ат
«Шу» дегенде бәрінің
Қара озып кетті алдына-ай.

Сол күні шапты күнімен,
Келесі шапты түнімен,
Ұйқы алмай көзіне-ай,
Бір күн, бір түн ат шауып,
Әудектің қара жалының
Келіп шықты белінен.
Белге шығып қарады
Әудектің жеті көлінен.
Көзінің жетер шынына-ай,
Балдырған балғын мұнартып,
Әудектің шалқар көлдері,
Көрінді ыстық көзіне-ай.
Қамысты көлі Әудектің
Жағалай шатыр тігуге
Жақпады ердің көңіліне-ай.
Қоғалы көл, қулы көл,
Жекенді көл, желді көл—
Бұл төртеуі батырдың
Оң келмеді өзіне-ай.
Екі көлі бар еді
Бетпақтың құба көліндей.
Қызылкөл деген көл еді,
Қызыл тамыр қара оты,
Қалың шыққан жеріне-ай.
Тобылғылы, нұралы,
Біткен тасы қыналы,
Жағалай шатыр тігуге
Осы мақұл көрінді-ай.
Арғы жағы бұл көлдің
Бетпақтың құба шөлімен
Қалмақтың асқан жолы еді.
Ат басын бұрып батырлар
Соған құсын салмаққа
Сапар тартып жөнеді-ай.
Ол екі көлдің арасы
Ара күндік жол еді-ай.
Қызылкөлді жағалай,
Шатыр тігіп жатпаққа,
Батырлар гулеп жөнелді-ай.
Найзасын тасқа ырғады-ай,
Басқаға мойын бұрмады-ай.
Күн бесінге жеткенде
Қызылкөлдің басынан
Батырлар келіп құлады-ай.
Қызыл көлдің басынан
Жағалай шатыр тігіпті-ай.
Кешке дейін батырлар
Шатырда жатып тынықты-ай.
Жағалай жатқан сабатқа
Ат жіберіп батырлар
Ер әбзелін алыпты-ай.
Жағалай айдында отырған
Құс төресі қу еді,
Қоймай атып алыпты-ай.
Ойын-күлкі сәулетпен
Сол күні ұйықтап жатқанда,
Хан баласы Раушанбек
Бір жаман түс көріпті-ай.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз