Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (7-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Менің атым—Махрам,
Ерлігін халыққа сездірген.
Талайларды күнінде
Төсегінен бездірген.
Қара тасқа найзасын
Қарыс сүйем ендірген.
Талай жерде қисықты
Зорлықпенен көндірген.
Мұсылманның елдерін
Талай жерде бүлдірген.
Мені естіген батырлар,
Алдыма келіп бас иіп,
Бел шешіп қарсы жол берген.
Сен білмейсің, Сапабек,
Ойын көрме біздерден.
Ілгері өткен заманда
Иесіз жатқан қалмақты
Түрікпен талай бүлдірген.
Иесіз жатқан халық жоқ,
Еліне ие табылды
Халқын ұстап меңгерген.
Шұбар туды бұлғатып
Жауға шығар батыр көп
Қарағай найза өңгерген.
Мен сияқты қабылан
Аз халқын көпке теңерген.
Білмей жүрсің, түрікпен,
Басыңнан әруақ тайғанын
Осы күнде сендерден.
Хан болуға ерініп,
Тақтан түсті Толыбай
Қырсықтың басып сол жерден.
Әруақ тайды басынан
Біткенсін бақты меңгерген.
Осы сапар түрікпен
Қисаяр бастан жығаңыз,
Қаза тауып біздерден.
Тілімді алсаң, Сапабек,
Раушанбекті байлап бер
Үмітің болса елдерден.
Осыны айтып Махрам
Жүз батпан шойын шоқпарды
Бұлғап қолға алады.
Қабақта жатқан көк тасқа
Шоқпарды бұлғап салады.
Шоқпар тиген тастары
Ұндай болып барады.
Көрсетем деп қайратын
Лақтырып шоқпарды
Асықтай қағып алады.
Ерлігіне мас болып,
Ол айғайды салады.
Бір өзінің даусына
Тау жаңғырып барады.
Түрікпен түгіл, қасында
Еріп келген төрт жүз ер,
Олар да естен танады.
«Раушанбек» деп шақырып,
Ол айғайды салады.
Көбік шауып аузынан
Жер тебініп тұрады.
Анда Сапабек Махрамның бұл сөзін есітіп, қайран болып, іштен қорқып, сырттан білдірмей қайтып келіп Раушанбекке сөйлегені:
Қайтып келді Сапабек
Раушанбектей еріне.
Қауып етеді ішінен
Махрамның көріп түріне.
Раушанбекке сөйлейді,
Көргенін айтып көзіне:
—Мен барып келдім, сұлтаным,
Қалмақтан келген әскердің
Бастығы Махрам өзіне.
Жаудың түрі тым жаман,
Болмаса жәрдем Құдайым,
Сұлтаным, сенің өзіңе.
Келдім деп айтат кек үшін
Түрікпеннің еліне.
Қайраты артық залымның
Көрінді менің көзіме.
Болған шығар бір жұмыс
Біздің түрікпен еліне.
Қалмаққа берген көп азар
Келсе еді кезіне.
Шыққан екен әдейі
Біздің дін Харазым еліне.
Бұрыннан жүрген алалмай,
Түрікпенде жатқан кегіне.
Қаһарланып шығыпты
Нан пісіріп деміне.
Төрт жүз палуан шығыпты
Шағдатханнан бөліне.
Палуанның басы Махрам
Жалғыз өзін балап тұр
Жиналған қалың көбіне.
Махрам артық қайратты,
Жан келмеген осы еді
Қатар жүріп шынына.
Жүз батпан ойын шоқпарды
Асықтай атып ойнап жүр,
Көрсетіп халықтың көзіне.
Түрі жаман кәпірдің
Қаһарманнан бұрынғы.
Кем көрінбеді көзіме.
Ызаланып мен келдім
Атаңа нәлет кәпірдің
Әрбір айтқан сөзіне.
Аламын дейді түрікпеннен
Бұрынғы кеткен арымды-ай.
Бұзамын дейді талқандап,
Мекен еткен шаһарыңды-ай,
Талауға салып малыңды-ай.
Шығарам дейді кеудеден
Бір шыбындай жаныңды-ай.
Өздерің байлап бер дейді
Толыбай мен Раушанбек—
Екі бірдей ханыңды-ай.
Бұл екеуін бермесең,
Көресің дейді Раушанға
Менің айтқан сөзімді-ай.
Түрікпенді шауып бұл сапар,
Кек алатын көзімді-ай.
Ұғылды атадан айырып,
Малыңды салсам тілімге-ай.
Қызды анадан айырып,
Шулатармын, Сапабек,
Шырқыратып құлындай.
Табанға салып езермін
Солқылдаған мырзаңды-ай,
Сатып алған құлымды-ай.
Қаһары қатты залымның,
Хан баласы Раушанбек,
Қалмақтың сөзі осындай.