Қарасай, Қази (10-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Жанталасқан жауыңның
Құртасыңдар шарасын.
Анық жете білмедім,
Аяулы ердің біреуі
Жау қолында қаласың.
Батырлар киіп сауытын,
Садақтарын асынды.
Қоржындарын бөктеріп,
Айбалта ерге асылды.
Қараүлекпен қоштасып
Аттанғанда батырлар,
Іздемеді еш адам
Қази сынды жас ұлды.
Қазиды көріп Қараүлек,
«Қалдың,—деп,—неге?»—сұрады.
—Батаңды жеке алам,—деп,
Қасқайып Қази тұрады.
Қазиын сүйіп Қараүлек,
Батасын сонда береді:
—Ал, қолымды жаяйын,
Қайрылмай кетті Қарасай,
Сол болар маған уайым.
Жараланар майданда,
Жәрдем ет соған, сұраймын.
Жолың болсын, құлыным,
Сендер аман келгенше,
Не көрсем де, шыдайын,—
Деп, Қараүлек түюлі
Бір зат ерге ұсынды.
Не екеніне түсінбей,
Қази сонда қысылды.
Қамқор болған қарт ана
Қайыра тағы сөйледі:
—Қырық болаттың қылауымен
Уыттаған дәрі еді,
Ала кет, жаным, майданға.
Жөнелді Еділ ту ұстап,
Реттеп қолды, дұрыстап.
Жаз күнінде, күн ыстық,
Күндіз-түні дамылсыз,
Қонбай жүрді, тыныстап.
Алты айшылық жер еді,
Арада үш ай шөл еді,
Ерігіп ерлер жарысты.
Күйіндегі кіл бедеу
Ауыздықпен қарысты,
Басыменен алысты.
Астындағы тұлпардың
Табанынан жер соқты,
Маңдайынан күн соқты.
Енді шөлейт жер келді,
Адам да, ат та шөлдейді,
Шөлдеуменен меңдейді.
Жалды аттардан жал кетті,
Батырлардан әл кетті.
Әуе айналған аңызақ
Кептіріп аңқа, шөлдетті.
Еділ хан сонда сасады,
Бетінен өңі қашады.
Батыр мен бегін жиып,
Ақылға ақыл қосады,
Қолдың жайын баяндап,
Көптен көмек тосады.
Ахмет батыр тіл қатпай,
Қамшы басып тұлпарға,
Қарауыл жаққа жөнелді,
Атына жедел мінеді.
Қарауыл шоқы басынан
Қияға көзді салады.
Жарқырап жатқан бір көлді
Алыстан көзі шалады,
Көлге қарап шабады.
Қақтығып батыр барады,
Ат суарып алады,
Өзі суға қанады.
«Тәтті көл» деген көл екен,
Қуанып, көңлі тынады.
Аспанға атып шапшыған
Таудан аққан бұлағы.
Басы—бұлақ, аяғы—
Айдын көл, жасыл құрағы,
Бір жағына көз салса,
Адыр биік тау екен,
Қалың орман арасы,
Белден шабын, бау екен.
Бір жағына көз салса,
Жоңышқалы көк шалғын,
Кілең тілкем сай екен,
Ат отына жай екен.
Күннің көзі көрінбес
Таласа шыққан ағаштан.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы шөккен атандай,
Жапырақтың жалпағы
Ерлер киген шапандай.
Айналасы сол көлдің,
Ат шаптырса, жеткісіз.
Суы тәтті шекерден,
Ішкен жан қиып кеткісіз.
Қалмақтың ханы—қожасы
Алма бағын ектірген.
«Ел қонбаған нулы көл,
Ақ сары бас қулы көл,
Елсіздегі еркін көл,
Шалқып жатқан шалқар көл
Ахмет батыр көрдім»,—деп,
Хан алдына барады.
Аңсаған қол шілдеде
Көлге қарай шабады.
Шырадай ашылып көздері,
Шөлдеген ерлер қанады.
Бойы ширап, ес жиып,
Қияға көзді салады.
Жеңсік болған жемістен
Жеп, мейірі қанады.
Жеті күн жатып батырлар,
Жиды тегіс бойларын.
Аттанар жауға күн жақын,
Ортаға салды ойларын.
Ұшынып кетіп сөзден сөз,
Өз ара сонда керісті.
Бірімен-бірі егесіп,
Басылар, сірә, болмады,
Найзаларын тіресіп,
«Қой!» дегенге қоймады.
Сонда Ағыс сөйледі:
—Осыларың жөн бе еді,
Бұздыңдар бүгін бірлікті,
Бет алған ісің өнбеді?!