Қарасай, Қази (5-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Қабағын түйіп, сұрланып,
Жаседілдің шатырына
Шапшаң басып жолданды.
Самсап тұрған көп жауға
Қайрылмай кетіп барады.
Есіктен еніп, өрледі,
Ханға сәлем бермеді,
Құрып қойған жебені
Қу қамыстай көрмеді.
Жолға құрған көк болат,
Басқаныңда, қырады.
Отыра қалған шағында,
Жебе тіреп қолтықтан,
Өтірік емес, шын, рас
Жебелердің сынғаны.
Даярланған батырлар
Қалтырасып, дірілдеп,
Тырп етуге әлі жоқ,
Бәрі жылап, шулады.
Жаседіл хан сөйледі:
—Қазимысын сен?—деді,
Жаседілмін—мен,—деді.
Ханға сәлем бермеген,
Төрге қарап өрлеген,
Қази, сенің нең?—деді.
Сонда Қази ақырды,
Ақырып сөйлеп, жапырды,
—Қалмақтың басы—Жаседіл,
Кесе келдім басыңды,
Шаба келдім еліңді,
Сындыра келдім беліңді,
Көрсете келдім көріңді.
Бейпіл жатқан халқыма
Саласың неге көзіңді?!
Тақта отырған қалмаққа
Сыбанып жетіп барады
Сескенген ерден Жаседіл:
—Сынау үшін қол жидым
Ашу тұтпа, сабыр ет,
Орақ пен Мамай шырағы.
Түп несептен бөле едің,
Орақтан туған сен едің,
Палуан сұлтан баласы—
Жаседіл хан мен едім.
«Орақтың екі баласын,
Жүздесіп, көрсем»,—деп едім.
Қази ер, саған сенемін,
Не десең де, көнемін,
«Досың болсам»,—деп едім.
Айыбыма, ер Қази,
Тұлпарымды таңдап мін,—деді.
Ақ кіреуке қамқадан
Киімді таңдап ки,—деді.
Оң қолының басы алтын,
Қиғаш қара қасы—алтын,
Сары алтынмен қаптаған,
Сұлуымның шашы алтын,
Аруымды сүй,—деді.
Қазижан, ақыл саламын,
Халқыңның көңлін табамын.
Шын достыққа той етіп,
Қызмет етіп, жағамын.
—Осы айтқаның шын болса,
Мұныңды бөтен демейін.
Қарасай ағам—туысым,
Ақылдасып көрейін.
«Мақұл»,—десе Қарасай,
Бұл тілегің берейін.
Өтірік айтсаң егер де,
Көңліме кір болар.
Сан қалың қалмағың
Кеңшілікке мұң болар.
Кейін қалған ағасы—
Қарасайға келіпті,
Уәдесін, көргенін
Түгел айтып беріпті.
Қалмақпенен Қази ер
Уәдеге сеніпті.
Қайырмады Қарасай,
Қазидың айтқан сөзіне
Қуанышпен көніпті.
Екеуі Жаседіл ханға қонаққа барады. Жаседіл қонақ етіп, құшақтасып, дос болады.
Қарасай, Қази, Жаседіл
Бір біріне сеністі,
«Ақыреттік доспыз»,—деп,
Дос шартына көністі.
Жаседіл хан жадырап,
Жар салды жалпы халқына.
«Ту көтеріп, той етем
Шын достықтың шартына.
Жасыңыз бен кәріңіз,
Әйел, еркек—бәріңіз,
Салтанатпен келіңіз.
Қызығымды көріңіз!»
Қарасай менен Қази ер
Дос болып қайтты еліне.
Хабар берді: «Келсін»,—деп,
Еліндегі еріне,
Шынтемірдей ханы мен
Халықтың би мен бегіне.
Қуанышқа халық толады,
Ел қуанбай, не қылсын,
Ойлаған мақсат болады.
Босып кеткен көп халық
Қонысына қайта қонады.
Сол кезде Жаседіл ханнан мынадай хабар келеді.
—Қарасай, Қази—жан досым,
Шын достыққа нан, досым!
Даярландым мен тойға,
Халқыңа хабар сал, досым.
Құрметін, сыйын көп қалмақ
Алдыңыздан сайласын.
Кемпір, шалдар және де
Көпті көрген дана да
Келмей тойға қалмасын!
Хабарды естіп Шынтемір,
Елін жиып алады,
Халыққа ақыл салады.
«Алпысқа жасым келгенше
Бір балаға кем едім.
Осы тойға барған соң,
Ұлдыны да көремін,
Қыздыны да көремін,
Іштегі шерім қозғалып,
Қорланып, топта шөгемін.
«Соның үшін жиынға,
Мақұл көрсең, Қарасай,
Бармай-ақ қойсам»,—деп едім
Хан бармайды, қалады.
Халықты бастап Қарасай
Қалмаққа кетіп барады.
Жаседіл патша халқын
Қасына жиып алады.
—Қонақты келген бағыңдар,
Көптің бабын табыңдар.
Біреуің кейін тұрмай-ақ,
Етіңдер қызмет құлдай-ақ.
Қарасай менен Қазидың
Халқыменен жау болдық,
Боларын мұндай білмей-ақ.
Алтын жамбы аттырып,
Ат бәйгісін шаптырып,
Теңселтіп балуан тұрғызып,
Назарын көптің бұрғызып,
Сапырып беріп шарабын,
Тік тұрып қалмақ, бас иді.