Қарасай, Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
«Досым Мамай, қайдасың?
Кел, бері»,—деп тұрады.
Дулыға, бөрік басында,
Хан Мамай шығады.
Көрген адам таң қалып,
Қызыққа қарап тұрады.
Бірін-бірі «досым» деп,
Екеуі құшақ жаяды.
Жең ішінде ақ алмас,
Көк сауытын көтеріп,
Қалмақты Мамай жарады.
Құлаған соң Батыр хан,
Соғысқа бастар басшы жоқ,
Жылап-сықтап қалмақтар,
Шарасыз қайтып барады.
Өлтірген соң патшаны,
Мамайдың көңлі өсіпті,
Жең ішінде болат біз
Жадынан шығып кетіпті.
Ордасына келеді,
Жиылған халық көп еді.
Жең ішінде болат біз
Жеңін шешкен шағында
Шынтағына кіреді.
Аққан қанды сорғалап
Елемеді хан Мамай.
Ақырыңда сол бізден
Ажалдың болған себебі.
Аурудың беті жаман болған соң өлеріне көзі жеткен Мамай елімен арыздасып былай дейді:
«Қайран жұртым сен едің,
Халыққа басшы мен едім.
Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шұқытпай,
Қорғап бақсам деп едім.
Қараға ант бергенім—
Сенің қамың жеп едім.
Ат жалын тартып мінген соң
Халқымның ары үшін,
Бермеске жауға намысын
Тұлпар мініп, ту алдым,
Тас кесетін ақ алмас
Талай қанға суардым,
Арқарлықтың алты жау,
Айқай салып, мұны алдым.
Қазақ, Ноғай елі үшін
Қысқарттым жаудың өрісін.
Шапса қолы жетпеген,
Басына қонған бағы артық.
Қайрат, күші тағы артық,
Құрал-сайман, сәні артық
Қалмақтың басы Қараман,
Қан жаудырып, мұны алдым.
Туып-өскен жер үшін,
Қазақ, Ноғай елі үшін.
Жауды көрсе, қайтпаған,
Үш қырлы найза саптаған.
Ертістің ханы—ер Шабан
Еңіретіп мұны алдым.
Құралмен іздеп барғанмын,
Он төрт күн ойран салғанмын,
Он бес күнде алғанмын.
Жау табылса, қуандым.
Үрімнің басы—Ертіс хан,
Үн салдырып мұны алдым.
Сансыз халық елі бар,
Жан бармайтын жері бар,
Мұсылманмен қашаннан
Атасының кегі бар,
Біздің байтақ халықты,
«Шабамын», дейтін сөзі бар.
Хабарына қанған соң,
Бұйырдым би мен бегіме,
Есепсіз ауыр қол болып,
Есебі жоқ мол болып,
Аттандым Қытай еліне.
Алдырмайтын жау екен,
Жері де биік тау екен,
Қытайдың ханын қан етіп,
Қырғын салып, мұны алдым.
Қыс болмайтын жері бар,
Берік жатқан елі бар,
Алдырмайтын, алысса,
Талай мықты ері бар,
Еліне жау келмеген,
Жауласқан жауы жеңбеген,
Екі талай жер болса,
Қайтпай, қылыш сермеген,
Бұрын-соңды еш жаудан
Қорлық-зорлық көрмеген,
Қызылбаста Қырым хан,
Қырғын салып, мұны алдым.
Шүршіттің басы—Шүмен хан,
Түн жаудырып, мұны алдым.
Сен ырза болсаң, мен ырза,
Жауға айдасам, тіл алдың,
Қырқарлықтың қырық жұрты,
Қырғын салып мұны алдым.
Халқымыз айтқан өсиет:
Ынтымақпенен жүріңдер,
Азаматым, қорған бол
Байтақ халық еліңе.
Ынтымақты болсаңдар,
Кіре алмас дұшпан шегіңе.
Мен өлген соң, бұл дұшпан
Ескі кекті еске алар.
Палуан сұлтан батырдың
Төгілген қаны жоқталар.
Орақтан қалған қос жетім
Жетіспеген жас еді,
Қабартиын тұқымы
Жеті атадан қас еді»,—
Деп қоштасып халқымен,
Дүниеден Мамай өтеді.
Орақ, Мамай өткен соң,
«Хансыз халық оңбас»,—деп.
Сыпырадай кәрі бар,
Кешегі өткен Мамайдың
Есіз қалған тағы бар,
Нұрадын ердің нәсілі—
Қарасай менен Қазидың
Атасының даңы бар.
Алған жауы көп еді,
Ауызға толы сөз еді,
Қарасай мен Қазижан
Кешегі Орақ, Мамайдың
Артында қалған көзі еді.
Кешегі өткен хан Мамай,
Қази атты баланы
«Менің балам» дер еді.
«Өскен соң Қази бар болып,
Мен мінген таққа мінсін»,—деп
Талай айтқан сөзі еді.
Қараүлек сонда сөйлейді:
—Жиылған халқым—сен,—дейді,
Өтінем сізге мен,—дейді.
Қара ағаштай қайран жұрт,
Бір тілегім бер,—дейді.
Жеті мен тоғыз жасында
Қарасай менен Қазиым
Жетіспеген жас,—дейді.
Хан болып, елді баға алмас,
Ел шетіне жау келсе,
Қасқайып қарсы бара алмас.
Халықтың Сыпыра қорғаны,
Жібекпен жағын торлады,
Халық алдыңда толғады,
Толғамасқа болмады,
Елінің қамын ойлады.
—Алтын Орда, Сарайдан
Елге басшы қарт едім,
Сөз бастаған талайдан.
Қарасай, Қази—қос жетім,
Аталыдан хан болса,
Халық жетер мақсатқа,
Жиылып келген мақсатқа,
Жиылып келген көп халқым,
Қараүлек тілін алсаңыз,
Қарасай менен Қазижан
Кәміл жасқа келгенше,
Шаруа еді мал баққан,
Мінезі елге бек жаққан,
Қапияда сөз тапқан,
«Бұзаубақтың баласы—
Шынтемірдей мырзаның
Ойлаймын бар деп санасы».
Хандықты соған берейік,
Қара боп, соңына ерейік!
Сыпыраның бұл сөзін
Халқы мақұл көреді.
Есіз тұрған алтын тақ
Шынтемірге береді.
Халыққа басшы ғаділ хан,
Екі кісі айтысса,
Береді тура төрені.