Қарасай, Қази (8-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Жай жатқанда жау іздеп,
Шырағым, етпе балалық
Алда-жалда болмасаң,
Тілімді айтқан алмасаң,
Қараүлекке баралық.
Қараүлек анам жау табар,
Содан сұрап қаралық,
Қарттан ақыл алалық.
Халыққа басшы ханымсың,
Не айтсаң да, көнеміз,
Айтқаныңа сенеміз,
Сізге тізгін береміз.
Қараүлек тұрған ордаға
Екі батыр жүреді.
Талма-тал түс кезінде
Ақылды ана біледі,
«Жолдарың болсын жаным»,—деп,
Миығынан күледі,
Ордаға келіп кіреді,
Желіккенін ерлердің.
Сонда Еділ сөйледі:
—Жас күнімде хан қойдың,
Соңымнан ерді ел,—деді.
Ойыма түсті бір қиял,
Өзіңіз ақыл бер,—деді.
Ой мәнісін айтайын,
Жақсы тыңдап көр,—деді.
Жан жолдасым—Қарасай,
Көпті көрген көнеге
Бұйымымды айтып бер,—деді.
Сонда Қарасай сөйледі:
—Жеті жаста Еділің
Халыққа ғаділ хан болды,
Ойлағаны ар болды,
Сескенер емес батыл ер.
«Бұрынғы өткен хандардың
Мен де жолын қуам,—деп,
Беліме алмас буам,—деп,
Ел көңлінен шығам,—деп,
Жау табылса, қырам»,—деп,
Еділің тыным бермеді,
Айтқаныма көнбеді.
«Жауласуға жас жетті,
Жау іздеуім жөн»,—деді,
Тегі Сұлтан Нұра хан,
Орақ, Мамай заманнан
Кекті дұшпан бар ма еді?
Қараүлек сонда сөйледі:
—Еділ ханым—шырағым,
Келген бойда-ақ сынадым.
Орақ, Мамай барында
Көздеген елдің мұрадын.
Балалықпен шешеңе:
«Жау тауып бер»,—деп сұрадың.
Ауыр тиді анаңа
Күтпеген жерден сұрағың.
Қазақ қазақ болғалы,
Талай хандар орнады,
Қызылбас, қалмақ жауласып,
Тыныштық елге болмады.
Шауып, шаншып қазақты,
Талай дұшпан қорлады.
Сенен бұрын бәрі өтті,
Талай батыр, хан өтті.
Атандың елге «Әділ хан»,
Төреңді кім кемітті?
Жау іздеп, жаным, жауықпа,
Дүрліктіріп ел-жұртты.
Жауың келсе өзі іздеп,
Көрінер сонда кім мықты.
Тілімді алсаң, Еділжан,
Ел ұйтқысын бұзбай-ақ,
Сақтайтын тыныш күн жетті.
Сонда Еділ сөйледі:
—Болғаным жабы ұнай ма,
Ел намысын жоқтамай,
Жатуға ер ұл шыдай ма?
Соқтықпай жауға, тынбаймын,
Тапсырып ақырын Құдайға.
Өткен хандар жауласқан
Менен артық Құдай ма?!
Қарасай, Қази—екі ағам
Ақырып кірсе майданға,
Қашпай жауы, шыдай ма.
Қауырсыны қатқан соң,
Бүркіт құс жатпас ұяда.
Белгілі берен ер жігіт
Көк сауытқа сыя ма.
Қас жаманның белгісі:
Ел үшін жанын қия ма.
Халықтың намыс-ары үшін
Елден жаным садаға.
Қараүлек сонда сөйледі:
—Олай болса, шырағым,
Осы айтқаның шын болса,
Құлыным, өссін мұрадың.
Ұзақ өмір, ұзын жас,
Қарағым, саған сұрадым.
Іздесеңдер ел кегін,
Құтты болсын талабың!
Шын жау болса керегің
Алдырмайтын ауыр қол—
Ата жауды табамын.
«Қайта оралып келер!»—деп,
Қуанып, көңлім күтеді
Орақ, Мамай заманын.
Жау сағынсаң, Еділжан,
Қуандырдың өзімді.
Құлағың салып, тыңдай бер
Ауыздан шыққан сөзімді.
Кешегі Мамай барында
Қара қыпшақ Қобланды
Осы ордаға келгенде,
Маған сәлем бергенде,
Мамайменен екеуі
Билік айтып, кеңесті,
Ерлік айтып, егесті.
Сонда Қобылан не десті:
—Он екіге келгенде,
Туырлықтай ту алдым
«Жау!»—деп айтса, қуандым.
Мен қалмақтың елінен
Таңдап Құртқа қыз алдым,
Барсакелмес шөлді алдым,
Алдырмайтын ханды алдым.