Қарасай, Қази (3-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Палуан сұлтан өлген соң, қалмақтың ханы Палуан сұлтанның баласы—Жаседіл бір күні азаматтарын жияды да, солармен ақылдасады.«Мамай атамды алдап, өлтіргенін білесіңдер. Атаның кегін алуды мақұл көрсеңдер, Қарасай, Қази болса атадан жас, ақылдан бос қалды. Бұзаубақтың Шынтемірі қазақ халқына хан болған секілді. Оның бізге қарсы келуге ерлік, серілігі жоқ. Оның халқын шауып, Еділ, Шаған, Сақмар жерін алып, атамыздың кегін алалық»,—деді. Халқы бұл мәслихатты мақұл көрді. Сөйтіп, араға елші жібереді. Елшілер Шынтемір ханға келіп мәнісін айтады. Шынтемір хан: «Бір айдың ішінде көнсек те, көнбесек те, жауабын береміз»,—деп, уәде байласады. Бұлар кеткен соң Шынтемір хан халқын жиып, былай дейді:
«Атаңа нәлет Жаседіл—
Айтулы мықты ер,—дейді.
Палуан сұлтан батырдың
Қанын жоқтап жүр,—дейді.
Мақұл көрсен, халқым,
Жол шығар деп,—ойлаймын,
Күшті жаудың алдына
Қарсыласып бармаған.
Бұл қоныстан көшелік,
Шалғысы жетпес қалмақтың
Кең қонысқа жетелік».
Хан айтқан соң, халық көнеді,
Билікті ханға береді.
Есебі жоқ көп халық
Қоныстан көшкен жер еді.
Қараүлек: «Жаудан тайған жоқ еді, жеті атадан дұшпан көзін салған жоқ еді, қалмақ кегін алған жоқ еді. Қарасай, Қазидың жас уақтында Орақ, Мамайдан қалған орда қалмаққа мирас болатын болса, жау мені шапсын»,—деп, көшпей қалады. Мамай өзінің тірі шағында Қарасай мен Қазиға күміс пен алтыннан сақа құйдырып беріп еді. Екі бала асық ойнап жүріп босқын елді көреді. Қази төсектің үстінде ұйықтап қалады. Сонда Қарасай анасы Қараүлекке толғайды:
—Қараүлек анам—сен дейді.
Қарасай жетім—мен,—дейді.
Сөгіле көшті ел,—дейді,
Неге көшті көп халық,
Хабарын айтып бер,—дейді.
Сонда Қараүлек сөйлейді.
—Орақ, Мамай барында
Халқымның ары кетпеген,
Ел намысын кетпеген,
Дұшпанның қолы жетпеген,
Екеуінің барында
Жау халқымнан шеттеген.
Қалмақтың ханы—Жаседіл
Атасының төгілген
Қара қанын кектеген.
«Орақ пенен Мамайдың
Қос жетімін өлтіріп,
Қанын ұрттап, қанам»,—деп,
Ханыңа хабар салыпты.
Хан болып тұрған Шынтемір,
Бойында жоқ ерлігі,
Жасқанып жаудан қалыпты.
Орақтан туған Қарасай,
Енді болды тамаша-ай.
Алтын Орда—бұл шаһар—
Мамай, Орақ қаласы-ай.
Тоғызға келдің, жетімім.
Жастық қылар болар ма
Текті атаның баласы-ай!
Атадан бала туса, игі,
Атаның жолын қуса, игі.
Атаның жолын қумаса,
Атаға тартып тумаса,
Жасық туған жаманның
Барынан да жоғы игі.
Атаға тартсаң, Қарасай,
Алтын сарай ішінде
Қабан құлақ қара ат бар.
Мамайдан қалған көк сауыт,
Тас кесетін ақ алмас,
Орақтан қалған садақ бар.
Жетесіз, жаман болмасаң,
Қабан құлақ қара атқа,
Қарасай жетім, мін,—деді.
Бадана көзді көк сауыт
Мамайдан қалған ки,—деді.
Сан жетпейтін қол болсын,
Есепсіз қалмақ мол болсын,
Қайтпай, шіркін, ти,—деді.
Жалаңаштан да, жауға шап,
Ажалдан бұрын өлмейсің.
Ал, немерем—Қарасай,
Кім шыдайды, шырағым,
Сен долдансаң, ашуға?!
Жалғызбын деп, жаспын деп,
Дұшпаныңа бас ұрма.
Келбетіңе қарасам,
Атаға тартқан секілді.
Сонда Қарасай сөйлейді:
—Қараүлектей анайым,
Жұмсадың, тіліңді алайын.
Батаңды бер, қарт шеше,
Қасыма жолдас ертпей,
Жападан жалғыз көп жауға
Өзім-ақ қимыл салайын.
Қашып кеткен халқыма,
Ана, хабар бермейін.
Атамнан қалған көк болат
Сансыз жауға сермейін.
Батыр батыр бола ма,
«Жалғызбын» деп, торықса,
Жауды санап, қорықса.
Жауды көрсе, қайтпайтын
Тұқым едім қарыспа.
Құралды халық ағайын
Қорыққаннан қалмақтан
Кетті босып алысқа.
Байтақ халық елімнің
Өзім-ақ арын арлайын.
Қайырлы болса сапарым,
Қалмақтың ханы—Жаседіл
Қара қанын төгемін.
Аттанар жауға болды жер,
Қарасайдай балаңды
Осы жолда сынап көр.
Қараүлектей қарт анам,
Ықыласпен батаң бер.
Сонда қолын жаяды,
Батасын беріп қарады:
Басыңа, балам, орнасын!»
Шешесі бата берген жер,—
Қарыспа туған Қарасай
Атадан қалған сауытты
«Кебінім» деп киген жер.
Тас кесетін алмасты
«Сайғағым» деп ілген жер.
Атадан қалған қара атты
Жауға тұңғыш мінген жер.
Көк садағын асынып,
Жауға жалғыз жүрген жер.
Қарасай жауға аттанды,
Көтеріліп көңлі,
Көкірегі желденіп,
Қарасай батыр шаттанды.
Қаруларын басқарып,
Жаседілдің жауына
Жападан жалғыз қасқарды.
Ұйықтап жатқан ер Қази
Ұйқыдан шошып тұрады.
Орақтан қалған жас жетім—
Қараүлектің шырағы
«Қарасай қайда кетті?»—деп
Шешесінен сұрады.
Сонда Қараүлек сөйлейді:
—Шынтемірдей ханыңның
Айла-ақылы кем екен.
«Қалмақ келді»,—деген сөз
Босқа айтылған кеп екен.
Бейбітшілік болған соң,
Босып кеткен халқыңа
Хабар бере кетіпті.
Сонда Қази сөйлейді:
—Алдама, анам, сен,—дейді,
Жаседіл берген қысымнан
Босқан халық-ел,—дейді.