Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (11-бөлім)

Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Ер ынтасы бытырап,
Біріне бірі көнбеді.
«Атым—Қазақ»—дегенде
Ерлер неге кірледі,
Бұл—масқара, не сұмдық?!
Хан әмірімен жүрмеді.
Сонда Еділ хан бұйырды,
Самсаған қол жиылды.
—Соғысыңдар жекпе-жек,
Сынаңдар, күшті, қиынды.
Біріңді-бірің аяма,
Аясаң, соғыс бола ма?!
Күш сынасып бағыңдар,
Алысқа тентек тоя ма?!
Мұны естіген Сыпыра қарт
Орнынан ұшып тұрады,
Көптен тілек сұрады:
—Татулықпен сына күшіңді,—
Деп жалынып, жылады.
Тау басында қара тас
Жатыр, әне, қарашы.
Жауласпаңдар өзді-өзің,
Болайын мен арашы.
Ашуды тастап, батырлар,
Соны атып қарашы.
Онша да мұнша қамал жоқ
Алмаған адам баласы.
Кезекпен бәрің атыңдар,
Қалмасын тасқа жаласы.
Содан анық көрінер
Батыр мен батыр арасы...
Батырлардың баршасы
Қарт сөзіне көнеді.
Садақтарын асынып,
Тауға қарай жөнеді.
Қазандай қара тас жатыр
Тау басында, көреді.
Батырлардың ішінде
Ахмет үлкен,—дер еді,
Үлкенге кезек береді.
Садағын Ақаң кезеді,
Көздеп тартып қалады,
Өтпеді тасқа садағы.
Алау алды кезекті,
Үші өткір жебесін
Сарыжаға керіпті,
Толғап тартып қалады.
Зуылдап оғы барады,
Қара тасқа қадалып,
Төрт елідей жарады.
Көн садақты батыр Көрбетті
Алаңғасар ер еді,
Кезек соған келеді.
Садағын қолға алады,
Толғап тартып қалады.
Қара тасты бұл-дағы
Қарыс сүйем жарады.
Қартқожақ батыр желденді,
Желігіп, жетіп келді енді,
Қара тасты көрді енді.
«Талқандайын тасты»,—деп,
Толғап тартып қалады,
Атқан оғы оның да
Төрт қарыстай барады.
Бармағын тістеп Қартқожақ,
Жан-жағына қарады.
Ақырып Ағыс келеді,
Құлаштан садақ кереді,
Жебесі зырлап кетеді,
Қара тасқа жетеді,
Бес қарыстай барады,
Майрылып оғы қалады.
Қатуланып Қазбан сұр,
Асығып кезек сұрап тұр,
Кезегін енді алады,
Садағын тартып қалады,
Қара тасты шатынатып
Жеті қарыс барады,
Майрылып оғы қалады.
Орақтан туған Қарасай
Енді кезек алады.
Қасқайып жетіп барады,
Садағын тартып қалады,
Зуылдаған сұр жебе
Қара тасты жарады.
Тастан өтіп болат оқ,
Қара жерді қабады.
Қайратына батырдың
Хан Еділ таң қалады.
Білдірмейд бірақ Еділ хан,
Білдіруге арланды.
«Өзімнен артып кетер»,—деп,
Қызғанып сонда, шамданды:
—Байқадың ба, батырлар,
Аталы ердің атысын?!
Қара тасты қақ жарып,
Қарасай тапты қапысын.
Қатардан қалғым келмейді,
Келіп тұр менің қатысқым?
«Қарасай сынды ерменен
Күш сынассам»,—деп едім.
Садағын Еділ қолға алды,
Әлденеге долданды.
Талабын жастың бір Алла
Сағатында оңғарды.
Атқан оғы Еділдің
Қара тастан өтіпті,
Таудың талай шоқысын
Төңкеріп-ақ кетіпті.
Атқан оғын оздырып,
Еділдің көңлі өседі.
Қайратына мастанып,
Хан Еділ желдей еседі:
«Арық аттар жалданды.
Жүдеген ерлер әлденді.
Рақатта жан, хош кеуіл,
Баршаңа да әл берді.
Ерлік сынап, егесіп,
Көл басында шаттандық.
Қол бастаған Ахмет,
Атақты басшым сен едің.
Қиғаштың биік тауынан
Қарауыл, батыр, қарап кел.
Жау шамасын болжап көр,
Аумағы қанша ел екен?»
Хан әмірін қайтармай,
Мойнаққа тоқым салыпты,
Ерді ерттеп алыпты.
Бес қаруын асынып,
Мінгені атқа анық-ты.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз