Қарасай, Қази (4-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 4 мин оқу
Өп-өтірік алдайсын,
Жаселді сынды жауыңды
Қарасайға арнайсың.
«Екі жасы кіші»,—деп,
Мені неге қорлайсын?
Қарасайға не жаздым,
Қатарына алмастай.
Серік қылып қасына,
Екеу болып жауға бармастай?!
Ерлерді жауға шаптырған
Намыс пенен ар шығар.
Қысқа ма, өмір ұзақ па,
Болжалды күнім бар шығар.
Жеті жасар күнімде
Жетімдікпен зарлатқан
Әмірден болған кәр шығар.
Қарасай—қорғау, мен—сүйеу,
Жалғыз кеткен батырға
Барып, жәрдем беремін.
Сонда Қараүлек сөйлейді:
—Қазиым, тыңда сырымды,
Тек екеуің болмаса,
Сүйеу болар балам жоқ.
Қабыртқаң, балам, қатпаған,
Омыртқаң, балам, өспеген,
Былбырап тұрған қауынсың.
Сонда Қази сөйлейді:
—Қараүлек елдің анайым,
Сізге тілек салайын,
Қарасай жауға кеткен соң,
Үйде не қып қалайын?!
Қарасай—қанат, мен—құйрық,
Жәрдем бере барайын.
Қару-қапшық жетімге,
Тауып бер, ана, тұлпар ат.
Қараүлек сонда сөйлейді:
—Пірлерден бөтен панаң жоқ.
Қолыңа құрық ал,—деді,
Беліңе жүген шал,—деді,
Елсізде жатыр көп жылқың,
Көп жылқыңа бар,—деді.
Сыншы болсаң, білерсің,
Қарағанын бетіңе,
Тай да болса, мінерсің.
Белге жүген шалады,
Жылқы аралап қарады.
Үсті қотыр лықыған
Қызыл шолақ көк құнан
Оқыранып, Қазиға
Ұсынып мойнын барады.
Борбайында қоңы жоқ,
Мойнында жалы жоқ,
Жал-құйрығы тағы жоқ,
Қызылды жаяу қуады,
Аттан сағы сынады.
Шешесіне келді де:
—Ат тауып бер,—деп жылады.
—Сансыз жылқы мол,—дейді,
Сапарың болсын оң,—дейді,
Тағы да бар сен,—дейді,
Қайта келсе алдыңнан,
Тәуекел ет те, міне бер,
Бұйырған атың—сол,—дейді.
Жылқыға тағы келеді,
Қызыл құнан Қазиды
Келген бойда көреді,
Оқыранып, желеді,
Ұсынып мойнын береді,
Басына жүген салғанда,
Басының кірді ажары.
«Құл-құтан мазамды алар, деп,
Жылқышы мініп шабар», деп,
Қотыр болып жүр екен,
«Қази іздеп табар», деп.
Сән-сайманды салған соң,
Тұлпардың көңілі шат болды,
Сағынып жүрген жануар,
Мінер иесі тап болды.
Айыл-тұрман салған соң,
Таутекедей ат болды.
«Сен—шарыққа шыққан бүркітсің,
Қанатың қайтпас сұңқарсың,
Жем тастаса, қайрылма.
Сен—қарағайға қарсы біткен бұтақсың,
Балталаса да айрылма.
Сен—қайсар қара болатсың,
Тасқа шапса, жасып, майрылма».
Белестен белес, бел асып,
Емен садақ, сай кез оқ,
Беліне алмас жарасып,
Қырқа-қырқа жерлерден
Қарауыл Қази қарасып,
Қарауыл салған ағаның
Артынан жетті жанасып.
Бес жүз шатырмен, есепсіз қолмен тау жарған көк бұлақта жатқан қалмақты көріп, Қарасайдың Қазиға айтқаны:
—Бауырым Қази—сен,—дейді,
Алдыңда қорған мен,—дейді,
Есіз тастап қалаңды,
Еңіретіп анаңды,
Артымнан келген нең?—дейді.
Сонда Қази сөйлейді:
—Қарасай, сөзіңді алмаймын,
Сөзіңе құлақ салмаймын.
Жеделмен атқа мінген соң,
Талабымнан танбаймын.
Қорлық бердің, Қарасай,
Зәбіріңді арлаймын.
Жауға қарсы бармастай
Қази сенен кем бе еді?!
Берсең де, батыр, бер,—деді,
Бермесең де, бер,—деді.
Жақсы атыңды қимасаң,
Қай мықтымыз барайық.
Сынасайық, кел,—деді,
—Бауырым едің, қарағым.
Қайтпасын сенің талабың
Қарағым, етпе балалық,
Екеуміз бірге баралық,
Жаседілдің ханына
Тізе қосып шабалық.
Ей, ерке туған Қазиым,
Енді болмас амалым,
Қарашоқының басында
Қарауылда қаламын.
Қиындық саған іс болса,
Мен де артыңнан барамын.
Қызыл атты жаратып,
Аспанға басын қаратып.
Қамшыға бұтын таратып,
Тұяқтан шыққан тозаңын
Жауға қардай боратып,
Белестен белес, бел асты,
Мінген аты, сән-сайман
Бір-біріне жарасты.
Қарауылшы қалмақтар
Қазиды көріп алыстан,
Ақылынан адасты.
Азаматын шақырып,
Хан әңгіме құрады,
Сыншыларын жияды.
Олар келіп, алдынан
Қазиды сынап тұрады.
Мінген аты терлеген,
Алдыңда тұрған ерлерді
Бір кісідей көрмеген.
Сыншылары сынады,
Сынап, көңлі тынады.
Бұл—атаның баласы,
Қази екен шамасы.
Қарасай мен Қазиға
Кімнің болар шарасы?!
Қайтпас ердің өзі екен,
Баба түкті нәсілі,
Шын батырдың тегі екен.
Егер айла қылмасақ,
Көрсетер бізге көрімді,
Әлек етер елімді.
Сыншылардың бастығы
Отаман деген ер еді,
Асқан сыншы, айлакер,
Амалға озған кен еді.
Жаседілге келеді,
Келе жылай береді.
Көзінен аққан ыстық жас
Қойныңа төгеді.
—Ей, Жаседіл—ханымсың,
Халықтағы барымсың,
Арымас, биік тауымсың,
Құламас биік жарымсың.
Келбеті асқан ер көрдім,
Жау сағынған шер көрдім,
Айла-ақылын кең көрдім,
Қабағынан қар жауған,
Мұртынан мұз тамған,
Қанды Орақтың баласы—
Қази атты ер көрдім.
Айла, ақыл табалық,
Алдап, арбап қаралық.
Ақылы көп ер екен,
Қазида артық даналық,
Шамамыз келсе, жағалық.
Алдамасақ егер де,
Құртатын шығар шараны.
Айла-амал қылыңдар,
Болаттан жебе құрыңдар
«Қази ер, саған сенем,—деп.
Не айтсаң да, көнем»,—деп,
Қол қусырып тұрыңдар.
Болат жебе үстіне
Жібек кілем салыңдар,
Үстіне мақпал жайыңдар.
Есікте тұрсын қос батыр,
Алмас семсер қолға алып,
Төрде тұрсын төрт батыр,
Сыртынан басқын шатырдың.
Даярланып барша жау,
Қамсыз болып тұрады.
Қази ердің алдынан
Отаман сыншы шығады.
—Аталы Қази сен едің,
Жеті атадан ер едің,
Ернің қанды бөрі едің.
Орақ пенен Мамайдың
Артында қалған көзі едің.
Жаудан қайтпас ер болсаң,
Сескенбес Қази сен болсаң,
Алтын шатыр ішінде
Жаседілдей ханым бар.
Кілең батыр сайланған
Бағып тұрған бағы бар.
Батыр болсаң сен,—деді,
Жаседілдей патшаның
Дидар жүзін көр,—деді.
Қол қусырып сәлем бер.
Егер ханға бармасаң,
Ер емессің, сасқаның,
Шатырына кірмесең,
Қорыққаннан қашқаның.
Мұнан Қази саспады,
Қази халық бастады
Астындағы тұлпарын
Берік қаңтарып тастады.
Қарыспа туған Қази ер
Жалаң қылыш қолға алды,
Ашуланып, долданды.