Қарасай, Қази (12-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Шарықтады, шалқыды,
Астындағы боз мойнақ
Соққан желдей аңқыды.
Қара терге боялып,
Аттың бойы балқыды.
Ор қояндай ырғытып,
Сайлау жерден қарғытып,
Көбелеп тау желеді.
Өтуіне жол қиын
Көлденеңнен кез келді.
Тауды төмен ағады,
Жағалап кетіп барады.
Өтетұғын бір кезең
Ақаң батыр табады.
Сол кезеңнен асады,
Атқа қамшы басады,
Жігер қайнап, тасады.
Өтейін десе, өте алмай,
Төтеден өтіп кете алмай,
Ақыл-ойға батады.
Қалың қолдан Қарасай
Ахметке ереді.
Асудың талай қиынын
Қияда ерлер көреді.
Асырмайтын бұл тауды
Қиялап басып, өрлейді.
Қара атқа да күш түсіп,
Жануар содан терлейді
Жан ұшырып жайсаңдар,
Өрмелеп тауға шығады.
Тауға шығу қиын-ды
Қос өкпені сығады.
Ақырды кенет айдаһар,
Сескеніп бұлар, бұғады.
Жата қалып тұлпарлар
Елеңдеді құлағы.
Қарасы таудай айдаһар
Леппен тартып барады.
Қатулы батыр Қарасай—
Халықтың сенген қарағы.
—Кесірткеден қорыққан,
Ойласам, маған сын екен,
Ерлігіме мін екен.
Маңдайыма тап болған
Айдаһардың күні екен.
Мұны мен «жау» демейін,
Кесірткеге теңейін.
Тас кесетін алмаспен
Ортасынан бөлейін.
Сыпырып алып қабығын,
Құс таңдай қылып өрейін.
Құйрығымен тау соғып,
Лебімен тартып барады.
Ат аяғы тоқтамай,
Орақтан қалған семсермен
Оралта келіп салады.
Айбат шеккен айдаһар
Бүктетіліп қалады,
Аға батыр Ахмет
Қарасай сынды балаға
Қадала сонда қарады.
Жаусыраған батырлар
Қараобаның басынан
Қарауыл қарап тұрады,
Қаланы болжап қарады.
Он екі қатар қақпалы,
Бекінген бекем ел екен.
Бұрын-соңды жаулардың
Еш бармаған жері екен.
Шаһардың сырты айнала
Он жеті қатар ор екен.
Айналасы болаттан
Жағалай құрған тор екен.
Мұны көріп Қарасай,
Дулығасы көк болат,
Басына киді бөрікті.
Жауға жалғыз шабуға
Өзіне батыр сеніпті.
Гүрзіні қолға алады,
Қорғанға жақын барады,
Гүрзіменен салады,
Айбалтамен шабады,
Талқан қылад қаланы,
Мұны көрген қалмақтар,
Барабанын қағады.
Сан жетпейтін қалың қол
Батырды қамап алады.
Қас жауымен қасқарып
Қарсыласып барады.
Қабан құлақ қарамен
Қашқан жауын орады,
Құрыды қалмақ амалы,
Еркін шауып, еліріп,
Еріңнің жүрді талабы.
Қу томардай құлатып,
Талайдың басын қағады.
Қарсы келген жауларды
Қарсысынан шабады.
Жылға-жылға жерлерден
Жылжып қан да ағады.
Тебінгіден тесе атты,
Үзенгіден кесе атты.
Қабаттасып келгенін
Қабатынан қоса атты.
Талайларын құлатты,
Батырларын сұлатты,
Алмасы өткір қияқты,
Арыстандай сияқты,
Жалғыз жүріп Қарасай
Осындай салды бүлікті.
Қарауыл хан еңіреп
Қарасайдың алдында
Қол қусырып тұрыпты,
Аяғына бас ұрыпты.
Қаһарлы туған Қарасай
Мойнына арқан салады,
Жетектеп ханды алады.
Екі көзі қызарып,
Ұшқын атып жанады.
Хан Еділдің алдына
Сүйретіп алып барады.
—Елдің басы—ер Еділ,
Әміріңмен барғанмын.
Мекені берік жау екен,
Көрген шақта таңдандым.
Айтқан сөзі анамның
Өтірік емес, жөн екен,
Қауіп-қатер көп екен,
Беріктегі ел екен.
Бұрын-соңды бұл елге
Жау бармаған жер екен.
Сол қалаға бардым мен,
Ойран-бүлік салдым мен.
Қарауыл ханның қол астын
Түгел шауып алдым мен.