Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (14-бөлім)

Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Сорғалап аққан ыстық қан
Құртып барад сүлдені,
Аққан қаннан әлсіреп,
Қарасай аттан құлады.
Қабан құлақ қарасы
Қасынан кетпей тұрады.
Тұрпарды көріп Қази ер,
Атының басын бұрады.
«Қарасай жазым болды-ау!»—деп,
Жүрегі ердің ұрады.
Екпіндеп Қази келеді,
Ағасын жатқан көреді.
Жатқанына арланып,
Түйдектеп сөйлей береді:
—Ініден төмен болар ма
Алдында өскен ағасы?!
Ер жігітке бата ма
Жаудың салған жарасы?!
Қарасай саған не болды,
Қанды-ау Қызылбас табасы?!
Ашуланып Қарасай,
Қайраты тасып қызады,
Қанын тартып ішіне,
Суытып түсін, бұзады,
Не болды бүгін маған? деп.
Тілі тиді Қазидың,
Өңменен өтті жаман, деп.
Бірге туған Қазидан
Қалайша кейін қалам? деп,
Шамырқанып, шамданып,
Қарасай батыр арланып,
Пірлерден жәрдем сұрады.
Сауытының сыртына
Түгі тұтам шығады,
Есін жинап алады.
Енді ұмытты батырың
Денедегі жараны.
Айбаттанып ақырып,
Жан-жағына қарады.
Қанталаған қара көз
Қазиды шолып қарады.
Темір тікен секілді
Бетінің түгін көреді.
Түйіліпті қабағы,
Кейігенін біледі.
Жараны таңып жалма-жан,
Қабан құлаққа мінеді.
Айбаттанып ақырып,
Қайта жауға кіреді.
Бұрынғыдан артықша
Бойына қуат барады,
Кеуде ашуға толады.
Келген жерден талайын
Қарасай ерің жояды.
Еш нәрсені білмеді,
Үш қырлы өткір жебемен
Кез келгенін түйреді.
Бір кезде майдан басылды,
Қара түнек ашылды,
Самсаған қол, сарбаздар
Біріне-бірі қосылды.
Қызылбас жерін шарлады,
Жабыла іздеп жамырады
Еділ сынды жас ұлды.
Қайтпайтын беті, қасқарған
Қази сондай ер еді.
Тастан салған зынданның
Есігін бұзып кіреді.
Қапаста жатқан қаріптің
Босатып бәрін жіберді.
Көзіне түспей Еділ хан,
Түтігіп батыр, жүдеді.
Алыстан талып зарлы үн
Құлағыңа келеді.
«Елім-жұртым, ерлерім
Хабарсыз қалды алыста.
Ен жауда қалып, ерлерім,
Кім салар құлақ дабысқа.
Қарасай, Қази—қаһарман,
Кеттіңдер ме шынымен
Бір бұрылмай намысқа?!».
Сонда Қази тыңдады,
Зарлы үн ерді шыңдады.
Үн шыққан жаққа жөнелді,
Дәт тұтып батыр тұрмады.
Жапырып жауын келеді,
Самсаған қолды көреді,
Арбада Еділ жегулі,
Мойнында қамыт тұр еді.
Арбаны тізіп, тіркеген,
Құрыммен бетін бүркеген.
Денеден кеткен торы еті,
Тірі адамның суреті,
Еділді Қази біледі.
Сонда батыр долданды,
Тас шоқпарын қолға алды.
Құлдарды ұрып, жапырды,
Жүрегін жара ақырды.
Еділ ханды босатып,
Қызылбас көзін батырды.
Ханын ертіп Қази ер,
Ерлерге келіп қосылды.
Елдің жоғын тауып кеп,
Қуандырып қосынды.
Қызылбас елін талқандап,
Тентектерін тұтқынға ап,
Алдына салып жылқысын,
Тыйды жауды күлкісін.
Қызылбас сынды дұшпанның
Сындырды азу бар тісін.
Кекті жаудан кек алып,
Батырлар елге жол шекті
Қазиналы көп олжа
Ер көңілін желдентті.
Жырлаған еркін шаттық үн
Ен даланы күңірентті.
Ежелгі жауын жаншып,
Еліне бәрі бет алды.
Естеріне ел түсіп,
Ер жүрегі от жанды.
Тау мен тасты тербетіп
Қосылып бәрі ән салды.
Қашаннан сақ Қарасай
Тоқтай қалды кенеттен.
Алыстан сонда естілді
Қоңырау даусы күңіренткен.
Дыбысқа қарай бой ұрып,
Ізімен Қази шабады.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз