Қарасай, Қази (1-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Қалмақтың ханы Қабартиын мен Нұрадынның әкесі бөле болды екен. Нұрадыннан хан Мұса туады. Мұсаның бәйбішесінен Мамай, Орақ туады, тоқалынан 30 ұл туады, Мамайдан бала болмайды, Орақтан Қарасай мен Қази туады.
Қабартиынның балалары Палуан сұлтан, Батыр хан дегендер болады. Палуан сұлтан мен Батыр хан Орақ пен Мамайдың тұсындағы хандар еді.
Бір күні Мамай ауырады, ауырып жатып ел қайғысын ойлады. Көп ұзамай осы ауруынан жазылады.
Жазылған соң, елінің биі мен бегін, уәзірін шақырып алып, Мамай өсиет айтады.
—Жиылып келген елдерім,
Ел ішінде ерлерім,
Билер менен бектерім,
Палуан сұлтан, Батыр хан
Ішінде жүрген кек еді,
Ойлағаны көп еді.
Бір күні көзім жұмылса,
Сендерге қысым береді.
«Еділ, Шаған суларды,
Қалың жыныс, нуларды
Қоныс қып алсам», дер еді.
Көзім тірі шағында
Сендерге ақыл салайын,
Мақұл көрсең барлығың,
Хан қалмақты алдайын.
Кезі келсе, дұшпанның
Қанын ұрттап, жалмайын.
Еділ, Сақмар суларым,
Жыныс ағаш, нуларым,
Елек пен Қобда, Ойылым
Қалмаққа кетіп қалмасын.
Мұным қалай, Сыпыра,
Сізге ақыл салайын?
Сыпыра:
—Халықтың қамын ойламай,
Ғаділ сұлтан бола ма,
Пайдасын айтпай халықтың,
Хан адамдар оңа ма.
Ханым, айтқан бұл сөзің
Келеді тура жобаға.
Ғаділ ханым—Мамай—сен
Халықтың қамын ойлаған.
Сөйледі сонда Мамай хан:
—Алты жолдас ал,—деді,
Палуан сұлтан, Батыр хан
Падишаға бар,—деді.
Іште болсын кек деген,
«Дос болам», деп, амалмен
Өзіңе тартып ал,—деді.
Арғы жағым бөле еді,
Өмірлік тату болуға.
Ал жеті елші барыңдар,
Менің айтқан сөзімді
Ойыңа тоқып алыңдар.
Алыс емес, қалмақтың
Жақын екен арасы.
Бес күн сапар жол шегіп,
Сыпыра келді қалмаққа.
Екі ханды дос қылып
Сыпыра дана ақылгөй,
Абыройды өзі алмаққа.
Сыпыра қартың жырлайды,
Жырламай қарт, тұрмайды,
Көңлі дана қарт еді,
Айтса, жырға ыңғайлы.
—Халықта дана хан едің,
Қайыспас қара нар едің,
Асырмас биік тау едің,
Сыртқа зәрді шығармай,
Бізбенен іштен жау едің.
Мамайменен екеуің
Халықты тату бағуға.
Ішке пікір сақтамай,
Адал досты болыңдар.
Жамандықтан, хандарым,
Бір-біріңді қорыңдар.
Палуан сұлтан, Батыр хан—
Ақыл, ойлы артық жан,
Ел бастығы, ер еді,
Әрі батыр, әрі паң.
—Ей, Сыпыра, Сыпыра!
Сөзіңді байқап, аңдаймын.
Айлалы Мамай сөзіне
Өлгенімше нанбаймын.
Мамайдың менен кем емес
Жиған әскер, құралы.
«Дос болам», деп ханыңыз
Қандай шартқа тұрады?
Шын дос болса менімен,
Байлау болсын ортада
Мұсылманның Құраны.
Осы сертке тұралық
Әскермен келсін хан Мамай.
Әскерменен, сәнменен
Біз де алдынан шығалық.
Адал ниет көңілмен
Шын достықта тұралық.
Екі патша сап түзеп,
Әңгіме дүкен құралық
Палуан сұлтан ханменен
Қатты уәде байлады.
Уәде етіп ханменен,
Елге қайтып Сыпыра,
Берік сөзін сайлайды.
Хан Мамайға келеді,
Көргенінің баршасын
Баяндап айтып береді.
—Е, хан Мамай, хан Мамай!
Палуан сұлтан батырдың
Бір сөзінің мерті бар.
Ханның айтқан сөзінде
Жанған оттай өрті бар.
«Құран алып, құшақтасып,
Анттасу», деген серті бар.
Сол сертке көнесің,
Құранмен ант бересің.
Сонда Мамай ойлайды,
Ойламасқа болмайды.
—Қараға ант берген жан
Әуелден де оңбайды.
Ақылгөйім, жолдастар,
Ой ойлайтын жер болды,
Халқым, ойға салайық.
Құранмен ант бермесек,
Палуан сұлтан сенбейді.
Палуан сұлтан залымға
Дәлелмен ант берейін.
Бір болат біз аламын,
Жеңіме тығып барамын
Анттасар уақытта
Жең ішіне біз тығып,
«Біз алдасақ, бізді ұрсын!
Сіз алдасаң, сізді ұрсын!»
Құранмен бізді қағамын.
«Бізді ұрсын!» деп, Құранмен
Көкірекке ұрайын.
Бүктеме семсер, ақ алмас
Жең ішіне тығайын.
Құшақтасқан шағында
Жүрегінен жарайын.
Бір қатары сөйлейді
—Не десең де, хан Мамай,
Сөзіңді қабыл аламыз.
Халық бастаған хан едің,
Білімге артық данамыз.
Билік Мамай өзіңде,
Ақылмен ойлап қараңыз!
—Өлтіруге сол ханды
Көкірегім ынтызар.
Бұрын өлсем залымнан,
Ноғай, Қазақ халқымнан
Қарсы оған кім шығар?!
Қаста жолдас, нөкермен
Салтанатпен келеді.
Уәдесі ханменен
Ортадағы көл еді.
Қалың ағаш-жыныс
Бір жағы құба бел еді,
Уәде еткен жеріне
Екі жасақ келеді.
Палуан сұлтан, Батыр хан
Көрнекті оба басына
Еш нәрседен қаперсіз
Қарусыз барып шығады.