Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (6-бөлім)

Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу

Келген қонақтар жеті күн жатып, еліне қайтпақ болады. Жаседіл хан тарту-таралғы сыйлық беріп, разы етеді. Аттанар алдында Қарасай тұрып: «Ұлсызға, қызсызға қызық жоқ»,—деп, елімнің ханы—Шынтемір бұл жиынға келмей қалып еді. Шын көңліңізбен сол кісіге батаңызды беріңіз, ала барайын»,—деді. Жаседіл хан қолын жайып: «Бір ұлды, бір қызды болсын!»— деп бата берді. Жаседіл бастаған қалмақтың құрметіне ырза болып, екі батыр еліне келеді. Шынтемірдің тоқалы Ақханым сол кезде 42 жаста екен. Ұзамай, Ақханым жерік болады:

Күндердің күні өткенде
Ақханым жерік болады.
Ақханымның жерігі
Қара тастан қанады.
Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Егіз бала табады.

«Жаседіл ғаділ патша еді, осы перзент соның батасынан болып еді, бұ да ер жеткенде, сондай ғаділ болар»,—деп, ұлының атын Еділ қойған екен. Еділ жеті жасқа келгенше халық тыныш, ел бейбіт болды. Қарасай, Қази біреуі 16- ға, біреуі 14-ке келді. Қалмақ пен Қазақ, Ноғайдың арасы жіксіз, жақсы тату болды. Еділ жеті жасқа келген соң, Шынтемір ауырды. Қарасай мен Қазидың аулы Шынтемірдің аулына сәске түстік жер еді. Ауру меңдетіп, жеңе бастады. Ауырып жатып Шынтемір былай деп толғады:

«Жалғыз еді балам,—деп,
Жетімнің күні қараң,—деп,
Қалай болар заман?—деп,
Әуелден жазу осылай,
Нешік болар шарам?!»—деп,
Ауырып жатып толғайды,
Толғамасқа болмайды.
«Өлерде көрген Еділді
Қарасай мен Қазиға
Тапсырам», деп ойлайды.
Қайғысын ойлап жалғыздың,
Ажары кетіп, түнерді,
Жанынан үзді күдерді.
Қос тұлпармен хабаршы
Қарасай ерге жіберді
Шынтемір жатқан ордаға
Сәске түсте келіпті.
Қол қусырып, есіктен
Иіліп сәлем беріпті.
Бұларды көрген Шынтемір
Көтеріп басын сөйлейді:
—Қарасай, Қази—сен—деді,
Шынтемір ханың—мен,—деді,
«Көңілге келген бір сөзді
Айтып кетсем»,—деп едім.
Ой-өрісі кеңеймей,
Артымда жас қалып Еділім
Мойын ұсынып қарсы алам
Жаратқан Алла әмірін.
«Санаулы күнің бітед»,—деп,
Қағып тұр ажал дабылын.
Ерлер киген көк сауыт
Берік болмас жағасыз,
Астыңа мінген шын тұлпар
Тасқа шаппас тағасыз.
Орақтан туған ұл болсаң,
Жетім қалған Еділді
Қапталыңа аласыз.
Жалғыз қалған Еділжан
Сүйеусіз де панасыз.
Сонда Қарасай сөйлейді:
—Қамқорым, ханым сен едің,
Қарасай, Қази мен едім,
Тірі болса, Еділді
Қазимен қатар көрермін.
Өлсек, шұқыр бір болар,
Шықсақ, басы төбенің.
Қарасай, Қази, Еділ боп,
Тізе қосып, жабармыз
Ашылған жерін көбенің.
Ел шетіне жау келсе,
Ер басына дау келсе,
Сағасын қанға малармыз
Сегіз қырлы жебенің,
Деп, Қарасай көтеріп
Ақ алмасын, ант берді.
Тізе бүккен Қази мен
Еділді жатқан хан көрді.
Батасын беріп балаларға,
Шынтемір хан жан берді.
Шынтемір хан өткен соң,
Шын дүниеге кеткен соң,
Сыпыра—дана кәріңіз
Елге көңіл бұрады.
Би менен бекті жияды,
Елге басшы хан іздеп,
Әңгіме дүкен құрады.
«Халыққа қорған батыр да
Ежелден жаумен ойнаған.
Қарсы келер жан болса,
Қасарған беті таймаған.
Халықтың халық болғаны—
Бұл тұқымның себебі
Орақ, Мамай өлерде
Қарасай, Қази жас қалды.
Жас болса да, жалындап,
Самсаған қолды басқарды.
Өлерінде хан Мамай:
«Қази мінсін тағыма,
Әділ болар,—деп еді,
Қалың елдің бағына».
Соны естіген Сыпыра
Алыстан сөзбен орады.
—Атадан қалған алтын тақ,
Мақұл көрсең әлеумет,
Қазиға мирас болады.
Жиылған көп мақұлдап,
Сыпыра қартты қостады.
Халықты ертіп дана қарт,
Ордаға қарай бастады,
Тобын жазбай келеді.
Игі жақсы, бектердің
Келгенін Қараүлек көреді.
Мамайдан қалған орданы
Көк майсаға тігеді.
Жиылып келген халқына
Ту биені сояды,
Жал-жаяны кертіп,
Астаумен тартып, қояды.
Сабаны пісіп жігіттер,
Сапырып қымыз, құяды.
Қараүлек сынды дана ана
Жиылып келген халқына
Тік тұрып қызмет қылады.
Сөздің реті келгенде,
«Бұйымтайың бар ма?»—деп
Қараүлек ана сұрады.
Сыпыра сонда толғады,
Тереңнен сөзді қозғады.
Кәріліктен түскен қос жағын
Жібекпен таңып торлады.
Сөзге шешен сұр таңдай
Сүрінер сірә болмады.
—Әйел де болсаң, Қараүлек,
Ер атанған сен едің.
Ақылменен ана боп,
Он сан елге тел едің.
Тегіңе ерлік орнаған,
Қарауыл таумен тең едің.
Ежелден сұлтан Нұрадың
Халықтың көздеп мұрадын,
Орақ, Мамай батырлар
Шеккенде сапар, жыладың.
Көз нұрың, қолда ермегің—
Қарасай, Қази шырағың.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз