Қарасай, Қази (13-бөлім)
Қарасай-Қази · Нұрпейіс Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Қалмақтың ханы мінекей,
Қолыңа әкеп бердім мен.
Сонда Еділ сөйледі:
«Ханын айдап келдім», деп,
Өтірік айтпа сен маған.
Қолыңа оңай түспейді
Қалмақтың ханы ол,—деді.
Бұл сөзіңе нанбаймын,
Сөзіңе құлақ салмаймын!».
Қарасайға сөз бермей
Қази атып тұрады:
Алдың ба енді жағамнан.
Ала алмай жүрген бар ма өшің
Жауыңды жеңген ағамнан?!
Боққа шыққан сүйрік ең,
Жаңылдың ба тобаңнан?!
Шақырды ашу хан Еділ,
Болды сонда көп дабыр.
Ерлердің сезіп арасын,
Сөйледі Сыпыра—қарт бұлбұл:
—Жеті ханды өткергем
Сендерден бұрын, балалар!
Данышпан хандар қашан да
Ер ерлігін бағалар,
Ер де елді сағалар.
Өзді-өздерің керіссең,
Дұшпаның білген табалар.
Ала ауыз болсаң, Еділ хан,
Аузыңдағы жоғалар.
Жанжалды қойып, жауға шап,
Дұшпаның білген табалар.
Қарт сөзі екі болмады.
Мақұлдап, көп те қолдады.
Суыт жүріп батырлар,
Қызылбасты шаппаққа
Тәуекелдеп бет алды.
Жау тұсына келеді,
Шамалап ерлер көреді,
Әр батырды бас қылып,
Жүз кісіден бөледі.
Тұс-тұстан жауға тимекке
Бекініп ерлер жөнеді.
Алшынның ұлы—Алауы
Тастады іліп жалауын,
Жүз батырын жүздіріп,
Бұзды жаудың қамалын.
Айсаның ұлы Ахмет,
Айбыны, күшті құдірет,
Бір бүйірден ол тиді
Жауар күндей күркіреп,
Қамалды бұзып, кетті өтіп,
Сілкініп дүние, дүрілдеп.
Тигеннен жауды еңіретті
Көн садақты Көрбетті,
Тас қорғанды талқандап,
Тар кезеңнен ол да өтті.
Қатулы батыр Қартқожақ
Азу тісін қайрады,
Ақ көбік шашып тұлпары,
Ор қояндай ойнады,
Жүрген жері жосадай,
Көпіршіп қан, қайнады,
Найзаға тізіп өлігін,
Тірісін қойдай айдады.
Қызылбасты қыруға
Құмартты сондай, тоймады.
Жаңбыршының ұлы Ағыс-ты,
Бір тұстан салды соғысты,
Тасыған дария сеңіндей
Өлік пен қан тоғысты.
Тоғыз жасар Қазбансұр,
Жау еді жастың тілегі,
Жау ішінде жайнаңдап,
Сыбанулы білегі.
Қанша қалмақ қамасын,
Айнымады жүрегі.
Жаудың күнін салдырды.
Қарасай мен ер Қази:
«Бабам!» деп ұран салып жүр,
Тізгін қосып екеуі,
Семсерін қанға малып жүр,
Талайдың басын қағып жүр.
Қаланы алып болғанда,
Қарауытқан түн болды.
Батырлар бәрі бас қосып,
Сапарлары оң болды.
Тыныс ала бергенде,
Тыңнан келді бір хабар:
«Жау алды,—деп,—бар жолды».
«Қайдасың?»—деп, Қазиды
Қатулана шақырды.
Қарасай мен Қази ер
Ақырып жауға тиеді.
Қаннан бұлақ ағызып,
Өліктен оба үйеді.
Қара жүрек Қызылбас
Жерден кебін киеді.
Ердің ерлік істерін
Жырлауды жаным сүйеді.
Жау қырылып болады,
Жол да еркін қалады.
Әскерлерін түгендеп
Батырдың бәрі санады.
Жүз нөкер мен Еділ хан
Жоқ болып топта шығады.
«Аламыз,—деп,—ер құнын»,
Ерлер қайта аттанды.
Кектенсе, көрмес ер тыным,
Егеліп, тегіс саптанды.
«Қара да емес, хан құны»,—
Деп, батырлар оқтанды.
Ашу, намыс кек кернеп,
Көздерінен от жанды.
Жанталас майдан басталды.
Домалап доптай бас қалды.
Қарасай Қази—екі өрен
Батырларды басқарды.
Жердің көгі жабысып,
Боялып қанға тас қалды.
Тұманнан күнді көрмеді,
Семсерін кезек сермеді.
Құлаштап салып найзаны,
Бұқтырып жауды, өрледі.
Осылай тасып жүргенде,
Жараланды Қарасай,
Қызумен өзі білмеді.