Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс батырдың хикаясы (16-бөлім)

Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу

—Әй, ұлым, алты айлық жолдан Баршындайын жарыңды іздеп келдің, көп жолдарға ат шаптың, атың озып бәйгеден келді. Алла Тағаланың бұйрығы болды, Баршын ақыреттік жарың болды, бірақ та ел жиналып, ат жарыс, палуан болады деген дәріппенен келген екен. Әуел атым озды деп Баршынды елге алып кете бересің бе, иә палуандарменен ұстасасың ба?

Алпамыс ішінен ойлап тұр: «Құдай—жалғыз, мен— жалғыз. Бұл елдерде Құдайдан басқа, Қаражаннан басқа кімім бар».

—Кел мәрттікке, белім буайын, қалмақтар нама ретсіздік қылды деп, әй, тақсыр хан да өтірік айта ма, хан жарлығы қайта ма, кел палуандарыңмен мен ұстассам ұстасайын,—деп ханның өз палуандарының ішінен біреуін таңдап шығарып еді, Алпамыс Хазірет Әлиге сиынып, көзіне жас алып, патшаның палуанын көтеріп тұрып дөңгелетіп тұрып жерге көтеріп қойып қалды. Тайша ханның алдында палуанын жығып, палуаны орнынан тұрмай, жарым сағаттай өткенше патшаның тоғыз палуанын жықты. Енді Алпамысқа шығуға палуан табылмады. Сол уақыттар көптің бір шетінде Алпамыстың Байшұбары тұр еді. Қалмақтардың қиялы болған екен «бұл атын өлтірейік» деген, солай қылып Байшұбар алдына келгенін басады, артынан барғанын тебеді, гуілдескен көп қалмақты жақындатпай тұр еді. Алпамыс мұны көріп, шығуға палуан болмаған соң атына жүре берді.

Батыр мінді Шұбарға,
Зейінін салды қалмаққа.
Әскер жаман құрсаған,
Аңдап батыр қараса.
Дін білмеген көп қалмақ
Жібермеске ұқсаған.
Ашуы келіп батырдың
Қылышын ұстап ойланып,
Бір шығарып, бір қойып.

«Әуелі өздерінен болсын» деп ойланып тұр еді, сонда патшаның баяғы бас уәзірі Көкеман қасқа патшадан рұқсатсыз Алпамыс батырға мылтық атты. Бұл атқан оғы ажалы жетпеген батырға тимей кетті.

Қылышын суырып алады
Сансыз тұрған қалмаққа.
Шұбарға қамшы салады,
Көп қалмақтың басын алады.
Тура келген қалмақтың
Қақ маңдайынан шабады.
Қапталдан келген қалмақтың
Өлгенін алып барады.

Арадан бір сағат өткенше,
Көп қырғындар болады.
Шапқанда қылыш тап алды,
Айырады жаманды.

Ханы менен ханзада,
Бегі менен бекзада,
Сол уақытта қалмақтар
Қалғаға қашып қамалды.

Қалмақты қырып Алпамыс
Гүлбаршынның үйіне
Қаражанменен қосылып,
Сол уақытта қайтып барады.

Бұның өзі көп қырғынға айналып кеткеннен кейін патша бүтін уәзірлерін шақырып: «Ақыр бұл соғыстың болуына кім себеп болды?»—деп тексеріп сұрағанда, бұл соғыстың болуына себепші Көкеман қасқа екенін бәрі айтып, патша дереу шақыртып алып: «Осынша жұрттың қырылуына себеп болған сен екенсің»,—деп өзін өлтіріп жібереді.

Алпамыс батыр бәйгеден атын оздырып, Тайша ханның жиған палуандарын жығып, Тайша ханның еліне ажалдай тиіп қорқытып, тоқсан қара нары мен нары үстінде жасауларыменен, ақ кименің ішінде Баршын атты жарыменен атасы Байсарыменен қоштасып, енесі Алтыншашпенен де көрісіп, қош айтып, Қаражан досыменен қоштасып, еліне жүріп кетті.

Еліне сапар қылады,
Ақша жүзін солдырды,
Мінген тарланын болдырды,
Алты айшылық жол жүрді.

Баяғы жылап-сықтап қалған ата-анасына, Жиделі Байсын, Қоңырат еліне аман-есен келіп, ата-анасыменен көрісіп, басқа ағайындарыменен де көрісіп, аман-есен келген қуанышына үлкен той қылып, жұртты жиғызып, бәйге шауып, қала жар салдырып, жұрттың бәрі аман-есен жары Баршынды алып келгеніне құтты болсын айтып, Алпамыс батыр алтын қабақ аттырды, палуанға түсірді. Сөйтіп, отыз күн ойынын, қырық күн тойын қылды, сөйтіп, мұрадына жетіп, екі жастың көңілі ашылды.

Алма басты жасыл сона
Жігіттің қолында жақсы.
Таза сапты жауһар пышақ,
Бектердің белінде жақсы.
Әркім өз елінде жақсы,
Жеген һәм жерінде жақсы.
Алпамысты жаздырған
Жиемұраттың тілінде жақсы.
Жарға болсаң бес күн ашық,
Би сақал уақытында жақсы.
Соншаны жақсы қылып,
Сазға келтірді бұл жақсы.
Патшаның Құдай ғанибеті,
Патшаға қызмет еткенім жақсы.
Бұл сөздерді айтып тұрған—
Бекмұхаммед Жиемұрат бақсы.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз