Алпамыс батырдың хикаясы (15-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
—Ақша жүзің сарғайттың,
Атым келмес деп мұңайдың.
Озды ма бәйгеден Шұбарың,
Ат келді, болдың көзайым.
Мойнына таққан тұмарың,
Шапқанда тарқар құмарың.
Келді ме бәйгеден Шұбарың,
Ат келді, болдың көзайым.
Ат шомылған теріңіз,
Қысылғанда қолдар піріңіз.
Сенен айналсын шорыңыз,
Ат келді, болдың көз айым.
Сонда Алпамыстың қайтарған жауабы:
—Ат шомылған қара терге,
Айту керек бұған шапқан ерге.
Құтты болсын қуанышың,
Қайта бер, Баршын, үйіңе.
Қалмақтардың жүзі солсын,
Қып-қызыл қан қырғын болсын.
Құтты болсын қуанышың,
Қайта бер, Баршын, үйіңе.
Бұлағыңнан су ішпесін,
Басқаның қорлығы жетпесін.
Басқаның көзі түспесін,
Қайта бер, Баршын, үйіңе.
Сонда Баршынның қайтарған жауабы:
—Атым келді деп қуанып тұрсың-ау,
Атың өлер болыпты.
Қу қалмақтың елінде
Сүйегі қалар болыпты.
Ат келіп жидың есіңді,
Мен барайын ордаға.
Қасыма қос, сұлтаным,
Қаражан деген досыңды.
Жіберді достын бірге ертіп,
Қаражандай достымен
Баршын үйге барады,
Қолына оттар алады.
Төрт қозының құйрығын
Қаражан атты достының
Арқасына салады.
Гүлбаршындай перизат
Оң қолға қазан алады.
Байшұбар жатқан далаға
Қаражанменен қосылып,
Жүгіріп кетіп барады.
Байшұбар аттай бедеудің
Аяққа қаққан шегесін
Амбарменен қысып ұстап,
Табандап суырып алады.
Арам қанын аяқтың
Қартықпен суырып алады.
Зиятты қандар қоймайды,
Төрт қозының құйрығын
Қазанға салып күйдіріп,
Аяққа орап тастады.
Бәйгеден келген Шұбарды
Он бес күн Баршын суытты,
Он бес күн Қаражан суытты,
Он күн Алпамыс суытты.
Бәйгеден келген Шұбарды
Қырық кеш, қырық күн кездірді,
Баршынды қалмақтан бездірді,
Ат тұяғын тоздырды.
Мініп бедеуін келгенде,
Бәйгеден аты келгенде,
Қырық кеш, қырық күн кездіріп,
Асыл туған Шұбар-ды.
Дөнен қойдың көрінісі,
Шұбардың тұрған сымбаты.
Баршынменен қосылып,
Қаражанменен үшеуі,
Үйге бір Құдай енді келіге.
Елінде қалмақтың Баршынды
Ақ некаһпен түсіріп,
Қылды бір енді ғашыратты.
Қыз бен жігіт жақындасса,
Белгілі ғой бұл әдет,
Екеуі қылды сұхбатты.
Сарғайып таңдар атады,
Таза қылды таһаратты,
Оқыды бамдат намазды.
Баршынменен кеңесіп,
Елге қайту қамын етті.
Бұл сөздер соныменен қалып тұра берсін, ендігі сөзді Тайша ханнан есітіңдер. Патшаның барлық уәзірлері жиналып:—Ау, өзбек «атым бәйгеден келді» деп Баршын сұлуды алып кете бере ме? Бастан уағдасы бар еді. Уағдамызды бұзамыз ба? Баршынды жалғыз келген бір өзбекке беріп жіберсек, онда бізге өлім жоқ. Олай қылмайық, қарсыңызға шақырып алыңыз. Ау, мына ат жарыстың енді күресі болады деңіз, өзіңіз қырық палуандай таңдап қасыңызға алыңыз, сөйтіп өзіне айтыңыз, күресін қылып, қырық палуанымды жықсаң, зорлығыңды білсем, сонда ғана сен Баршынды алып кете бересің деңіз. Соны шақырып айтпақ, тақсыр, сізден, оны мақұлдау бізден. Сөйтіп, осы мәслихатпенен Алпамысты шақыртып алдырады. Алпамыс Тайша ханның көз алдына келіп тұрды. Тайша ханның көргені осы еді, қараса өзі он төрт жасар ұл, бейіштен шыққан десе де өтірікші болмайтын, кекілін тарап қойған кісі мақтап сидырарлық емес екен. Тайша ханның ақылы кетті, жан-жағына қараса, Алпамысқа тамаша қылып, көшелерден дуалдар үстіне шығып қарап тұр. Сонда патша тұрып: