Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс жыры (8-бөлім)

Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 3 мин оқу

Осы тұрған Тайша хан
Қорқатын еді ал мұнан.
Мылтық атса өтпеген,
Қашаннан бұл ер еді.
Ер екенін ханыңыз
Мүлтіксіз-ақ біледі.
Еріксіз-ақ ханыңыз
Өзбекті ерге береді.
Өзбек еріп қалмаққа,
Ақ ордаға келеді.
Үйде отырған Гүлпаршын
Терезеден көреді.
—Рас шығар бұл сөз,—деп,
Қаражанға сенеді.
Кілем қойды дестелеп,
Ішік қойды текшелеп.
—Не болады мал,—деді,
Төрт түлік мал ішінен
Таңдағаныңды ал,—деді.
Ен олжаға кенеліп,
Қаражандай батырың,
Кетуге елге ойланды.

Гүлпаршын қолға хат алды,
Құс тұмсықты қаламмен
Сүйген жары Алпамыс[қа]
Хат арқылы толғады.
—Нашар да болсам, Алпамыс,
Қалмақпенен ел едім.
Рұқсат алып қырық күнге
Сені күтіп жүр едім.
Ол күн ертең толады,
Ат жарысы болады.
Сен де қоссаң Шұбар тай
Соған енді сен,—деді.
Дауың болса қалмаққа
Саларсың кейін сен,—деді.

Қаражан хатты алады,
Досқа кетіп барады.
Тапсырды дейді сол хатты
Алпамыстай досына,
Екеуі оқып қосыла.
Гүлпаршын айтқан сөзіне,
Хаттан тегіс түсінді.
Атын сайлап қос батыр
Жатқан жерден тұрады,
Белін қынай буады.
Тайша ханның еліне
Қалмақ пен қазақ екі дос
Қалың топқа құлады.

Жиналған халық көп еді,
Ат шабатын күні екен.
Шабатын аттың барлығын
Белгі салып қағазға
Жазып жатқан жері екен.
Бүтін халық қамалап,
Сол араға тұрады.
Аттың санын сұрасаң,
Төрт жүз сексен ат екен.
Тайшада бар тарлан ат,
Қаражанда қара ат,
Көбіктінің сары аты,
Сұрқылтайдың сұр аты,
Бәрі кетіп барады.
Мұнда тұрған хан ала ат
Айқай шықса жағалай,
Таста ойнаған маралдай.
Бұ да енді қосылады,
Ақташаның аласы.
Таудан аққан бұлақтай
Бұ да кетіп барады.

Алпамыстың Шұбары
Қаражан мініп доңғалап,
Екі аяғы салбырап,
Анда-санда жер соғып,
Бұ да кетіп барады.
Сұрқылтай деген сұр бала,
Сыншы бала сол еді,
Қашаннан залым қу еді.
Аттың бәрін айдауға,
Осы бала келеді.
Қырық күндей жерлеуге
Атты айдап жөнеді.
Қараға Шұбар қосылмай,
Қаражан мінген Шұбардың
Өзі және келеді.
Шабатұғын жеріне
Жақындап бұлар барады.
Қаражан мінген Шұбар ат
Жүрмеуге енді қарады.
Не қыларын біле алмай,
Қаражан батыр тұрады.

—Шаршадың ба, тай Шұбар,
Арқалайын мен,—деді.
Төрт аяғын тең буып,
Үш күншілік жеріне
Қаражан арқалап жөнеді.
Бір төбенің басына
Арқадағы Шұбармен
Келіп түсе қалады.
Жағалай жүріп Сұрқылтай
Аттың бәрін сынады.
Жусап тұрған Шұбарды
Баланың көзі шалады.
Қанатсыз құс деп санады,
Жақсы көңілге ұнады.

—Жамандатқыр Шұбар ат
Өтірік жүрмей жүр екен.
Бізге бәйгі жоқ екен,
Нағыз тұлпар бұл екен.
Осы тұрған балаңыз
Қалмағына келеді,
Келіп сөйлей береді:
—Бүтін қалмақ баласы,
Ойлап енді қарашы.
Бізге енді бәйгі жоқ,
Көріп келдім Шұбарды.
Құстай болар шамасы
Шұбарға кесел етемін.
Қаражандай батырды
Ұйықтатып кетемін.
Бүкіл қалмақ баласы
Мұны мақұл көреді.

Шаппаймыз деп бір қалмақ
Батырға қабар береді.
Шаршап келген батырың
Ұйықтап енді қалады.
Таң самалы болғанда,
Шолпан жұлдыз туғанда,
Келіп балалар қарады.
Ұйықтағанын көреді,
Тай Шұбарды буады.
Төрт аяққа төрт шеге
Балалар енді қағады.
Оңашалап жекелеп,
Бір шұңқырға тығады.
Қаңбақпенен жабады,
Ду қойып енді шабады.
Батыр—аңқау, ер—күдек,
Қаражандай батырың
Қапыда енді қалады.
Жердің бетін шаң басып,
Балалар кетті бел алып.
Қаражандай батырың
Жеті күні толады,
Ұйқыдан батыр тұрады.
Ессіз жатқан далада
Жалғыз өзі қалады.
Алдағанын балалардың
Батыр сонда біледі.
Шұбарды тұра іздеді,
Әр шұңқырды аралап.
Қаңбақпен жапқан Шұбарды
Батырдың көзі көреді,
Төрт шегені білмеді.
Шабуға енді қарады,
Тартпалап ерді салады.
Шұбарменен қиқулап,
Балалардың келген ізімен,
Көк майсаның жүзімен,
Қаражан кетіп барады.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз