Алпамыс жыры (3-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу
Оған да болмай Айтолқын
Байсарыға сөйлейді:
—Байсары, шалым сен,—деді,
Білмеймін енді еш нәрсе.
Мына тұрған нашарың,
Нашарың енді жыласа,
Білмеймісің, әй, қартым,
Жүйеңнің тоқсан босарын.
Нашарың ер жетпей ме,
Қалмақ елге жеткен соң,
Енді елден кеткен соң,
Ықтиярсыз әр қалмақ
Алып оны кетпей ме?
Сонда да шалың болмады,
Өзінікін жөн деді.
Айтолқындай аруға
Енді шалың көнбеді.
—Қалай да болса бұл жерден
Кетемін енді мен,—деді.
Айшылық жерден адасып,
Байсары енді келеді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес мол жүріп,
Өліп-талып Байсары
Қажыса болат сынады.
Қалмақтың келіп еліне
Байсары енді құлады.
Түсіре салып ол жүгін
Тайша ханға барады.
Қонысты енді Байсары
Тайша ханнан сұрады.
—Сарыөзен судың сағасы,
Көктөбенің жағасы,
Осыны қоныс қыл-ай,—деп,
Осыған енші қылады.
Айдын шалқар көлі бар,
Лайық енді қонысқа
Бұл бір лайық жер еді.
«Алдым,—деп,—қоныс» Байсары
Қайтып елге келеді,
Қуанады, күледі.
Жылқының бәрін алайлап,
Сол қонысқа салады.
Малдың бәрін ал жайлап,
Ақ ордасын тігеді,
Соны бір қоныс қылады.
Қоныс етіп сол жерді,
Бірнеше жыл тұрады.
Бірнеше күн болады,
Тайша ханның уәзірі
Ит жүгіртіп, құс салған,
Ен далаға шығады.
—Біз не етелік, не етелік,
Осы отырған өзбекке
Біз де барып кетелік,—
Деп әңгіме құрады,
Аттың басын бұрады,
Сырттан қабар қылады.
Айтолқын мен Байсары
Жылқыда енді шамасы.
Жалғыз қалған Гүлпаршын
Дауысты құлақ шалады.
Естіген соң қабарын
Гүлпаршын сыртқа шығады.
Шықса ішік жамылып,
Бейжай беті қабынып,
Балалы қаздай баяулап,
Жаяменен жаяулап.
Аш күзендей бүгіліп,
Әділ жаннан түңіліп,
Бозжорға аттай жығысып,
Ор қояндай ығысып,
Гүлпаршын сыртқа шығады.
Уәзірлер соны көреді,
Мұндай жанды туғалы
Көргені, сірә, жоқ еді.
Сұлулыққа шыдамай,
Талай уәзір құлады.
Есі ауғанын білген соң,
Қолына алып мұздай су
Гүлпаршын бүркіп себеді.
Есін[ен] тайған уәзірлер
Қалпына келеді.
Есін жиған қалмақтар
Кеңеседі келеді,
Ханға тура жөнеді.
Құлағына салады,
Шүйінші сұрап алады,
Аттың басын бұрады,
Атқа қамшы ұрады,
Ханға таяу құлады.
Сол уақытта Қаражан
Бұл да батыр ер еді.
Патша менен батырдың
Правосы тең еді.
Қаражандай батырдың
Қырық шама уәзірі
Ит жүгіртіп, құс салып,
Далада бұл жүр еді.
Тайша ханның уәзірін,
Қайтқанын елге көреді.
«Соншама неге қуанды,
Біз де барсақ өзбекке
Енді, шіркін, не етеді?!»
Қаражанның уәзірі
Өзбекке таман келеді,
Сырттан қабар береді.
Баяғы сұлу Гүлпаршын
Құлаққа қабар тиген соң,
Тағы да шыға келеді.
Манағыдай қалыппен
Қалмақтың көзі көреді.
Мұндай жанды бұрын-соң
Көргені оның жоқ еді,
Берейін деп ерге қабарды
Қаражанға құлады.
Тайша ханның уәзірі
Ханға келіп сөйледі:
—Алдияр, тақсыр хан,
Артық туған ешбір жан.
Шеттен келген өзбектің
Көз жеткізбес бір сұлу
Ондай болып жан тумас,
Лайық саған жан екен.
Осы айтқанды Тайша хан
Мақұл әбден көреді.
Уәзірлерге ханымыз
Енді сонда сенеді.
—Тұлпар мініп баптанып,
Біреуің барып кел,—деді.
Уәде берсе өзбегің
Қабарын алып кел,—деді.
Не болады мал,—деді,
Шешілсін енді дау,—деді.
Қалағанды өзі алсын,
Алдына айдап сал,—деді.
Мұның тілін алады,
Сөзіне құлақ салады.
Бір тұлпарға ер салып,
Өзбекке кетіп барады.