Алпамыс батырдың хикаясы (8-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
—Бедеумен таудан асқалы
Тұр ма бізден жасқанып.
Бұл үйде кісі бар ма екен
Бізбенен хабарласқалы?
Қаратауда бар-ды тас,
Көзімнен ақты қанды жас,
Ақ үйде адам бар болсаң,
Далаға шығып хабарлас.
Сонда үйде отырып Баршынның айтқаны:
—Көңілімнің хошы жоқ,
Мүсәпір құлмын, достым жоқ.
Кім болсаң да қалма жолыңнан,
Хабарласуға кісім жоқ.
Кетті дәрмен белімнен,
Тайды дәулет қолымнан.
Хабарласуға кісім жоқ,
Кім болсаң да қалма жолыңнан.
Сонда Қаражанның қайтарған жауабы:
—Болмай суаш ат құйрығын өрейін,
Атың әйел, Баршын сұлу, не дейін.
Далаға шық, көздеріңнен Баршынжан,
Байсын елінен саған хабар берейін.
Мініп бедеу әр майданда желгенде,
Асфаһандай сансыз қалмақ өлгенде.
Өзі он төртте, аты—Алпамыс,
Сізді іздеп бір жас бала келгенде.
Мойнына таққан тіллә тұмарын,
Өзі он төртте, аты—Алпамыс,
Инанбасаң мініп келдім Шұбарын.
Алпамыстың уә Байшұбардың атын айтқан соң Баршын қорғасындай балқып, айдай боп шалқып, далаға жүгіріп шықты. Қараса Қаражанның астында Байшұбарды көрді. Үстіне қараса қайнатқан темір реңді, түрі жап-жаман, бұрын бір де көрмеген қара қалмақты көрді. Көріп уайымдап, Байшұбар атты шырамытып, көңілі бұзылды, көзінен жасын төгіп:
—Мойыныма таққаным тілләдан тұмар,
Мен жыладым күні-түні зар-зар.
Басыңнан апаң айналсын,
Қапыда өліп олжа болған, Байшұбар.
Мен жыладым көзде жасым көл болып,
Артымды жапқан қолаң шашым жол болып.
Айналайын көзіңнен, олжа болған, Байшұбар,
Қапыда өліп, құл боп қалған сені мен.
Мен қарасам, бейістен туған ай еді,
Сұлтан аман деп көңілім жай еді.
Көзіңнен айналайын, Байшұбар,
Мен кеткенде қысыр емген тай едің.
Тағы да Қаражанның жауабы Гүлбаршынға:
—Жамандық қыл, мақсатыңа сен тиме,
Көп жылап сен әйелдікті көп етпе.
Тарттым айыл дан бедеудің беліне,
Құлақ сал, сен, Қаражанның тіліне.
Білмей қалдым мәрт екенін мен ғапіл,
Жолбарыстай қол салды беліме.
«Алла» дедім ат шомылды терлерге,
Өзі жалғыз, көп жылайды пірлерге.
Білмей қалдым мәрт екенін мен ғапіл,
Бүркіттей көтеріп ұрды жерлерге.
Бұ жалғанды ғаріп көңілім хош көрдім,
Жалғыз едім бір-біреуге ес болдым.
Құдайды бір, Расулды хақ білдім,
Қорыққанымнан Алпамыспенен дос болдым.
Гүлбаршын Қаражанның қолтығынан ұстап аттан түсіріп, үйге алып келіп құрметтеп, көп тамақтар беріп сыйлады.
Сонда Қаражан тұрып:—Енді, Баршынжан, бізді жақсы көріп, Алпамыстың досы деп білсең, мен енді Алпамыстың жанына барайын. Маған сүйген жарыңның хабарын жеткізіп қуантқаныма сүйіншімді берсең,—деді. Баршын орнынан тұрып, сандықтан алтын түйме қара шекпенін алып, Қаражанның иініне жапты.
Сонда Қаражан тұрып:—Сенің атаң Байсары деген бай еді. Ата-анаң көрінбейді, қай жаққа кеткен,—дейді. Сонда Баршын көзінің жасын көл қылып жылап:—Ау, хан хандығын қылып, бұқара бұқаралығын қылды. Тайша хан бізге зорлық қылып, қызыңды маған, иә Қаражанға бермедің деп, ата-анамды бүгін үш күн болды, қамап қойды.