Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс батырдың хикаясы (9-бөлім)

Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу

—Үндеме, мен Алпамыс достыма қазір жеткізем, қайын атам, қайын енем сау ма екен деп сұраса, мен мына хабарды айтсам, ол хабарды менен естісе, онан соң менен риза болмайды ғой. Онан да мен тезірек жетейін,—деп Байшұбардың үстіне мініп, мына сөзді айтты дейді:

—Ақылым енді болды менің дал,
Намысқа тырысып қозғалысты қоңыраттар.
Байсын елінен мал иесі келген-ді,
Мен қарасам үйің күйді, Тайша хан.

Мініп бедеу әр майданда желген-ді,
Асфаһандай сансыз қалмақ өлген-ді.
Мен қарасам үйің күйді, Тайша хан,
Байсын елінен ер Алпамыс келген-ді.

Ашылып тұрған бауда гүлім солған-ды,
Ажал жетпей сұм тағдырым толғанды.
Алты күндей бізде мейман болған-ды,
Падишаһым, есіткіл менім зарымды—
Алысқанда алды менің жанымды.
Мазамды кетіріп болды ол залым, қорегі
Әр мезгілге жеді тоғыз нарымды.

Бұл сөзді қалмаққа досты Алпамыстың дәрежесін көтеріп, әр күні тоғыз нар жейді деп мақтап айтқаны. Мұны баяғы уәзірлердің бастығы Көкеман қасқа есітіп, патшаға келіп айтады:—Ау, Тайша хан, бұл өзі әр күні тоғыз нар жейтін болса, ақырзаман болды дей берсейші. Бұл бір дажал болды. Егер ертең келіп қалаңа тиіп қырғын салғанда, азап қылып сенің басыңды алғанда, сен болсаң өз жөніңе өлерсің. Қандай бәле болса да маған қыларсың, «қайын енем, қайын атамды қамап қорлық берген сен» деп бір пәле қылар.

Осылайша айтып, ханның қорыққанын сезіп, үйге келіп қайын атасы Сарыбайды, қайын енесі Алтыншашты үйден шығарып, Көкеман қасқа Қаражанға берді. Сонда Байсары Байшұбар атты танып, маңдайынан сипап, көңілі қуанышта болды. Қаражан Байсарыны Байшұбарға отырғызып, өзі артына мініп, өзінің атына Алтыншашты мінгізіп, оның артына Баршынды мінгізіп, Алпамысқа жүріп кетті. Байшұбар бауыры созылып пері жүрісімен қалмақтарға көз қылды.

Ат шомылды тер болды,
Сиынды кәміл пірлерге.
Қаракөрім жер еді,
Жетіп келді Байсары
Үміт еткен жерлерге.

Қаражан аттан түсіп, Баршынның сүйіншіге жапқан шапанын алып, досты Алпамыстың қасына бармақ болды. Сонда Баршын Қаражанға мына сөзді айтты:

—Ақылым бұл жерде менің болды дал,
Мен мұңлымын бендем дегіл, Хақ Жаппар.
Мен мұңлының сізге айтар арызы бар,
Құлақ салып тыңда сөзім, Қаражан.

Ат шапқан үлкен тақырлар,
Бектерім құрған шатырлар.
Азбенен келген бола ма,
Көппенен келген бола ма
Іздеп келген батырлар?

Ашылған бауда гүлменен,
Несібең болсын хорменен.
Байсын атты қоңыраттан
Біздерді іздеп келгенде,
Неше тулы қолменен?

Жаратқан Алла Тағала,
Ойнасам мейірім қана ма.
Батыр аңқау, ер көдек,
Дін білмеген қалмаққа
Иә болмаса, сұлтаным
Жалғыз келген бола ма?

Қаражанның Баршынға берген жауабы:

—Осы демнен өз деміңді дем деме,
Сұлтаныңды еш батырдан кем деме.
Бұл майданда қанды соғыс болғанда,
Алпамысты қырық мың қолынан кем деме.

Сонда Баршынның оған қайтарған сөзі:

—Қара нәркес көзім бар,
Алмадай қызыл жүзім бар.
Батырым келместен бұрын
Дін білмеген қалмаққа
Алдап бір айтқан сөзім бар.
Енбегей ақтар шашыма,
Рақымың келсе нетеді,
Көзден аққан жасыма.
Арадан алты ай өткенде,
Өзімді қойғым келеді
Қырық күншілік жерге, қайтейін,
Ал байрақтың басына.
Мініп бедеу желгенің,
Армансыз дәурен сүргенің.
Өзім соған тиемін—
Қырық күншілік байрақтан
Аты озып келгенге.
Зерлі тоным киемін,
Мұқтажбын есім жиямын,
Қай қызылбас демеймін,
Қай бір қалмақ демеймін,
Қырық күншілік байрақтан
Аты озып келгенге
Бақыты қара Баршынмын,
Өзім соған тиемін.
Досты болған, Қаражан,
Уағда қылған мұңлымын.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз