Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс жыры (4-бөлім)

Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу

Осы уақытта уәзірі
Қаражанға сөйледі:
—Шүйінші бізге бересің,
Сөзімді мақұл көресің.
Жалғыз үйлі өзбектің
Бір сұлуы бар екен,
Лайық ерге жан екен,
Соны енді көр,—деді.
Батырдың шалды құлағы,
Нағып енді тұрады.
Бекбай деген уәзірін
Шақырып сонда алады.
Бекбайға батыр сөйледі:
—Батыр уәзір, сен,—деді,
Шеттен келген өзбекке
Барып енді кел,—деді.
Қызын маған берсін сол,
Мені күйеу көрсін сол.
Бір қабарын өзбектің
Алып бір, уәзір, кел,—деді.

Тұлпарға мініп сайланып,
Емпілдеп кетіп барады.
Жауабын соның алмаққа
Өзбекке кетіп барады.
Екі бірдей елшілер
Өзбекке бірге құлады.
Қабар салып өзбекке
Байсарымен сұрасты.

Естіген соң қабарын
Байсары сыртқа шығады.
Көзінің алды іріңдеп,
Буындары дірілдеп,
Алпыстан асқан жасы бар,
Аппақ болған шашы бар,
Байсарыға елшілер
Иіліп сәлем береді.
Сәлемді алып Байсары
Елшінің жөнін сұрады.
Ханнан келген бір уәзір
Сөзін енді бастады:
—Өзбек шалым—сен,—деді,
Жаушыға келдім мен,—деді.
Біздің асыл ханзада
Қызыңды соған бер, шалым,
Күйеу бір соны көр, шалым.
Не керегің мал болса
Өзің таңдап ал,—деді,
Бір жауабын бер,—деді.
Батырдан келген елшінің,
Мұның да сөзі сол болды.
Айттырушы—екеу, қыз—біреу,
Қайсысына береді.

Айтқанында бәйімше
Көнбеп еді қарашы.
Байсарының қырындап
Тыңдамаған кездерін,
Бәйімше бетке басады.
Бейшара шал қамалды,
Не қыларын біле алмай,
Қалмаққа жауап бере алмай,
Сонда шалың жылады.
Көзінен аққан жастары
Сақалын жуып тұрады.
Үйде отырған Гүлпаршын
Қонақты тыңдап тұр еді.
Бір сұмдықтың болғанын
Енді сөзсіз түсінді.
Үйден шығып Гүлпаршын
Әкесіне сөйледі:

—Айналайын, әкежан,
Үйге енді кірсең сен.
Сыртта тұрған қалмаққа
Жауабын өзі береді.
—Келген уәзір сен,—деді,
Тілегім бар ал менің.
Ханыңа дұғай сәлем айт,
Рұқсат етсе ханыңыз
Қырық күн уақыт бер,—деді.
Сөзімді мақұл көрсін де,
Тілегімді берсін де,
Тайша ханға дұғай сәлем де.
Тайшаға бәйгі жүлде алған,
Ынжыменен оятып,
Алуаменен ұйықтатып,
Тарланды әбден бақсын де,
Атының бабын тапсын де.
Атын әбден баптасын,
Қапыда өзі қалмасын.
Ханға тисем егер де,
Өкпелеп батыр қалар де.
Батырға тисем мен енді,
Хан өкпелеп қалар де.
Бәріне де Гүлпаршын
Осындай қабар салады.
Шүршіт-қалмақ еліне
Түгел қабар салады.
—Қай тұлпар бұрын келсе егер,
Соған мен енді барам,—деп.
Ат бәйгені білдірді,
Осылайша Гүлпаршын
Уәдесін беріп қалады.

Ендігі сөзді біз енді
Үйсін, қоңырат елінен,
Жиделі Байсын жерінде,
Он екі жасар Алпамыс
Алып ұшқан арыстан,
Асыл туған адал ер
Алпамыстан басталы.
Он бес асық, қос топай
Алпамыстың қолында
Ойнап бір енді жүр еді.
Алтын тақыр бойында
Балалармен ойын салады,
Асығын ұтып алады.
Бір күні келіп бір тазша:
«Ойнаймын,—деп,—сенімен»
Айтқанына болмады.
—Ойнамаймын мен,—деді,
Асығым енді жетеді.
Сонда да тазша көнбеді,
Кетпеген соң Алпамыс:
—Ойнайық енді, кел,—деді.
Алшы, тігі, бүк, шігі,
Болсын,—деді,—менікі,
Алшы түссе сенікі.
Осылайша қылады,
Екеуі ойнап барады.
Анда-сандағы омпаға
Бұған да дау салады.
Асығынан айрылып,
Тазша ұтылып қалады.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз