Алпамыс батырдың хикаясы (14-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
Атының мұндай қиналғанын көріп шыдай алмай, қылышын қынабынан суырып алып, Қаражанға қарап көтеріп тұрып, Қаражанға мына сөздерді айтып тұр:
—Мұсылманға жоқ менім зияным,
Атты көріп кетті ақыл қиялым.
Төрт аяққа төрт қазықты қақтырып,
Мәрт Қаражан, қане маған достығың,
Кесем басың, келтір иманың.
Ат қадірін білмеген менім жастығым,
Алтын кесе құйып ішкен мастығым.
Кесем басың, келтір иманың,
Дін білмеген, қане, маған достығың.
Атқа байлап көрсетейін көріміңді,
Қазаппенен сарғайтайын жүзіңді.
Төрт аяққа төрт қазықты қақтырып,
Сен-мен деп ісіндірдің өзіңді.
Сонда Қаражанның қайтарған жауабы:
—Сол кеткеннен кеткенмін,
Майданда тәкбір еткенмін.
Он бес күндер болғанда
Ақбұлаққа тигенмін.
Дін білмеген көп қалмақ
Күншілік қылды біздерге.
Айналайын Байшұбар
Мылтықтай атылып жығылды.
Алдыма салып айдадым,
Қинадым мен жанымды.
Күн жиырма болғанда
Шабатын жайға барғанмын.
Қалмақтар бізді алдады,
Жеті күн еру болдық деп.
«Батыр аңқау, ер көдек»,
Инандым сөзіне мақұл деп.
Тәкбір айтқан Қаражан
Көз ұйқыға барғанда
Екі қолым байлапты.
Шырт ұйқыда жатқанда,
Айналайын Шұбарға
Төрт қазықты байлапты.
Мықтап байлап Шұбарды,
Өз Құдайына жылап,
Дін білмеген қалмақтар
Жолға түсіп айдапты.
Ұйқым қанып сол жерде,
Секіріп тұрсам орнымнан,
Қысметте қалғаным білдім,
Шұбардың жатқанын білдім.
Зар жылап бардым жанына,
Етек-жеңім көл болды,
Көзімнен аққан жасыма.
Майданда өліп қалғанда,
Құдай—жалғыз, мен—жалғыз,
Кім келеді қасыма
Пірлерім менің рахым етті,
Көзімнен аққан жасыма.
Мен жыладым Аллаға,
Жеті кәміл піріңіз
Екі қолым босатты,
Шүкір қылдым Аллаға.
Оқпақта жатқан Шұбарға
Жолбарыстай қол салдым,
Оқпақтан суырып алғанмын.
Байшұбарға міндіріп,
Жеті кәміл піріңіз:
—Қарауыл басы қабыланым,
Қабыланым, жолың болсын,—деп,
Жұрт-ел басы жолбарысым.
Жолбарысым, жолың болсын,—деп.
Баршынжан атты жан балам,
Алпамыс деген болсын,—деп.
Астыңда мінген Байшұбар,
Бізден емес—Алладан,
Бәйгеден озып барсын,—деп.
Жеті кәміл піріңіз
Сол сөздерді айтып қалғанда,
Арадан тоқсан күн өткен.
Тайшадан кеткен Тарланның
Қуып жеттім соңынан.
Өте беріп Байшұбар,
Шоқтықтан ауыз салғанда,
Тарлан ат қалды майрылып.
Досмұхаммет атты жалғыз баламды
Тұр дегенде тұрмады,
Ата деп тілімді алмады.
Көп жалбардым ұлыма,
Айтқанымды қылмады.
Жалғыз ұлым өлтірдім,
Қара атымды өлтірдім.
Зерлі тон кидім қиясыз,
Қалуым жалғыз бұйымсыз.
Ақ үйімнің арысланы,
Боз құбамның бостаны,
Жалғыз ұлым өлтірдім.
Жалғанда бақыты қарамын,
Жалғыз ұлдан айрылдым.
Шүкір қылдым Мұхаметтің дініне,
Дүниеден Алла деп өтемін.
Бұл сөздерді досты Қаражаннан естіген соң Алпамыс батыр жылап, Қаражан досты да жылап, екеуі де бір-біріне риза болды.
Баршынның Алпамыс батырдың аты келгенін есітіп айтып тұрған сөздері:
—Менің сүйген батырым, сұлтанымның аты бәйгеде озып келген сияқты көрінеді. Барып өз көзіммен көріп, құтты болсын айтайын,—деп орамалын басына шалып, көргендердің ақылын алып, екі беті күндей жанып, қасын қағып, ернін тістеп, бір қолын қусырып, қолын жаңа ғана шыққан емшегінің үстіне қойып, Баршынның айтып тұрған сөзі: