Алпамыс батырдың хикаясы (13-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
Шапқалы бедеу өз дәуірінде шабылар,
Батыр жігіт ақ сауытын жамылар.
Атты тарт сен, ат қалды деп қам жеме,
Баршындай қыз саған елден табылар.
Жаңбыр жаумай атым құйрығын өрейін,
Жаным балам, ақылсыз сен не дейін.
Баршындай қыз елден табылар,
Өз еліңнен сұлу таңдап берейін.
Сонда баласының қайтарған жауабы:
—Жаным атам, сөзіңе құлақ салмаймын,
Бұл жолдарда мен тіліңді алмаймын.
Аты жақсы аты озған жігіттің,
Баршыннан басқаны мен алмаймын.
Сол жерде Қаражанның ашуы келіп, шыдамай қайратқа мініп, Шұбарды қамшыменен ұрды, баласы да атқа қамшы ұрды.
Екі бедеу жарысты,
Батырлар қылды намысты.
Тұяқтан шыққан қара тас,
Шақпақтай болып шағылды.
Жамандатқыр қара ат,
Сірә, жолды бермеді.
Қайғыланды Қаражан,
Күйіп-пісті Қаражан.
Үстіне киген ақ сауыт
Тәніне сыймай кернеді.
Батыр қолын сермеді,
Аллам абырой бермеді.
Арадан өтті үш сағат,
Жамандатқыр қара ат
Тіпті жолды бермеді.
Өлдім-талдым дегенде,
Артық туған Байшұбар,
Киіктей ырғып жануар
Еміреніп жетіп барады.
Дұшпандық қылған ұлының:
—Тұр дегенде тұрмадың,
Мені ата демедің.
Досмұхаммет атты ұлының
Бір қолымен бастан ұстады,
Бір қолымен белден алады.
Тілеп алған жалғызын
Диірмендей қара тасқа
Көтеріп алып ұрады.
Жалғыз ұлын өлтіріп,
Ақ қылышты алады.
Қанатты қара тұлпардың
Басын кесіп алады.
Дос болсаң сондай бол,
Ұлын, атын өлтіріп,
Батыр туған Қаражан
Достықты орнына келтіріп,
Боздап кетіп барады.
Осы жүріспенен Қаражан жеті күн жол жүрді. Сол уақыттарда Тайша хан келетін аттарды қасында бірнеше дүрбішілерімен аттар келетін жолға қарап тұр екен, жолда келе жатқан аттарды көріп, Қаражанның атын қарап тұрған дүрбіші, Тайша ханның аттарын қарап тұрған дүрбішілер жолға әбден анықтап қарап келе жатқан аттарды аңғарды. Сонда Тайша ханның қойған дүрбішісі ханға қарап:—Сіздің Тарлан келе жатыр. Баршындай сұлу сіздің шығытыңыз болды,—деп ханды қуандырып тастады.
Қаражанның жолына қарап тұрған дүрбіші:—Абайлап қараңыз, бұл келе жатқан өзбектің Шұбары,—дейді. Сонда Алпамыс ақ түйенің үстіне шығып қараса, келе жатқан Байшұбарды көрді. Атына қарап айтып тұрған сөзі:
—Мойнына тақтым алтыннан тұмар,
Сені шапқан құмардан тарқар.
Өзің шауып, өзің абырой алмасаң,
Көзіңнен айналайын Байшұбар.
Інім бар-ау деп қайғы жейтін ағам жоқ,
Байшұбарым, сенің ешбір бағаң жоқ.
Өзің шауып, өзің абырой алмасаң,
Ат көтеріп Алла дерге ағам жоқ.
Ертемен ашылған бауда гүлім жоқ,
Өзің шауып өзің абырой алмасаң,
Ат көтеріп Алла деуге інім жоқ.
Елімнен айрылған мен бір жалғызбын,
Барша шілтен қолтықтасаң дайынмын,
Ат көтеруге менде адам жоқ.
Алпамыстың тұрған жері белгілі уағда еткен қақпалы қара тас еді. Тайша хан уәзірлеріменен кеңесіп: «Баяғы белгілеген қара тастан кімнің аты бұрын өтсе, Баршын қыз сонікі болсын,»—деп ұйғарып қойды.
Алпамыс сол жерде тұр еді. Байшұбар шауып келіп, Алпамыстан бір мәртебе айналып, жануар Байшұбар мылтықтай ұмтылып жығылды. Алпамыс атына қарап тұрса, аяғы келідей болып ісіп кетіпті.