Алпамыс жыры (1-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу
Байбөрі деген бай екен,
Төрт түлікке сай екен.
Кемдігі жоқ дүниеде
Бір перзентке зар екен.
Байбөрі байғұс жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Қайдағы нәрсе қозғалып,
Қубас деген бір сөздер
Сүйегінен өтеді.
Ағайын, тума, қарындас
Қубасты пайда етеді.
Малын бермей туысқан
Бәрін тығып кетеді.
Байбөрі мен бәйімше
«Қалайша енді етем» деп,
Уайым, қайғы, қасірет
Көңілге толып сыймады.
—Айналайын, балам-ай,
Жыладың келіп маған-ай.
Сен тіледің біздерден,
Біз тіледік Алладан.
Қолыңды жайшы, балам-ай,
Берейін бата саған-ай.
Екеу болса бірі еді,
Біреу болса өзі еді.
Қарғаса қарғыс өтпеген,
Алысса әлі жетпеген,
Берейін бір ұл мен,—деді.
Бұны, балам, азсынсаң,
Берейін бір қыз тағы да.
Риза бол,—деп бабасы,
Көрмей ғайып болды енді
Ақ сәлделі бабасы.
Тұра келсе түсі екен,
Түсінде көрген ісі екен.
Бір Құдайға риза
Солар енді болады.
«Өтірік пе, шын ба» деп,
Тәубе Аллаға қылады.
Жатқан жерден тұрады,
Беті-қолын жуады,
Қынайы белін буады.
Осы тұрған Айтолқын
Шүйінші шалдан сұрады.
—Не болады мал,—деді,
Қалағаныңды ал,—деп шал,
Риза болып тұрады.
Өзінің келген ізімен,
Көк майсаның жүзімен,
Еліне қайтып оралды.
Кемпір менен шалыңыз
Бірнеше күн жол жүріп,
Арып-ашып мол жүріп,
Табанымен жер тесіп,
Маңдайынан күн қағып.
Бұрын-соңды бұл жұбай
Қиындықты көрмеген,
Бір баланың зарпынан,
Қуанышты түрімен
Еліне бұлар құлады.
Ағайыны жұм екен,
Малы аман тұр екен.
Айғырын сойып ақыртты,
Бурасын сойып бақыртты.
Кемпір мен жас қуанды,
Бергеніне Алланың
Риза енді болады.
Мына тұрған Толқынға
Алланың нұры дарыды.
Он бестегі қыздай боп,
Кемпір менен шалыңыз
Дарыған соң енді нұр
Қуат оған бітеді.
Кемпір менен шал ойнады,
Қуаныштың үстінде
Ойынға бұлар тоймады.
Екеуі жүрді келісті,
Жасарысып жандары
Ауық-ауық үбісіп.
Қырық күні толған соң,
Кемпір жерік болады.
Ұлан менен бұланды
Аса сала шайнады.
Оған да жерігі қанбады,
Жеті күн жерге аунады,
Қоңыр күздей болмады.
Жерігі қанбай Айтолқын
Шалдың сорын қайнатты.
Ойдан қырға айдады,
Екі көзі жайнады.
Бір күндері Айтолқын
Жерігін айтты, жасарды.
Құтырған қасқыр талағын
Шалдан талап қылады.
Осы тұрған Байбөрі
Қасқырды іздеп қарады,
Жан-жаққа қабар салады.
Желдей қарап табуға
Белді бекем буады.
Қып-қызыл оттай қыс көзі
Салбыраған жүні жоқ,
Жалынан басқа түгі жоқ,
Қасқырды іздеп табады.
Садағынан тартқан оқ
Өкпеге дәл барады.
Қасқырды сойып сабалап,
Талағын алып қасқырдың
Үйге таман құлады.
Келеді деп бұл шалың
Айтолқын жолдан күтіп тұрады.
Жерігі қанбай отқа сап,
Шала-шарпы пісіріп,
Кемпірің енді жеп еді,
Жерігі соған қанады.
Тоғыз ай, он күн болғанда,
Кемпірің [кетті] балпайып,
Бұты кетті талтайып,
Бір баланың зарпынан
Отыра алмады жантайып.
Уақыты жетіп толған соң,
Туатын күні болған соң,
Алтыннан бақан қақтырып,
Әйелдерге қабар салады.
Жұрттың бәрі жиналып,
Қатынның бәрі сипалап,
Таба алмады баланы.
Шақыртып енді алады
Қараүлектей ананы.
Ел көшті мен жау шапты,
Етекпенен қағады.