Алпамыс жыры (6-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 3 мин оқу
Шұбарға мініп шу деді,
Шу дегенде жануар
Ескен желдей гуледі.
Табаны тиген қара тас
Саз балшықтай иленді,
Шаңы шығып жөнеді.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Ауыздағы төрт елі,
Ауыздығы алтын жүгенді
Қарыш-құрыш шайнады
Шабуылға тоймады.
Басын тартса кетеді,
Өкше жағы қырындап.
Шұбар кетіп барады,
Ұшқын құстай пырылдап.
Құлазыған кең шөлден,
Жортпайтұғын ақ дөңдерден,
Бұдан да өтті зуылдап.
Қарсақ жортпас қара ой бар,
Қарайып өтіп барады.
Жортпайтын түлкі жыра-ойдан
Түнде өтіп барады.
Күні-түнін бір етіп,
Жетемін деп ынтығып,
Алып ұшып барады.
Көз жұмғанша Шұбарың
Айдынды көлдің үстінен,
Күн қызарып ауғанда,
Алпамыс әрең құлады.
Туғалы адам келмеген,
Бақасының көптігі
Көлге жылқы жаптырмайды.
Шыбынының көптігі,
Түйені шөккен таптырмайды.
Жыланы бар бақандай,
Шөгіп жатқан атандай,
Көрмеген жандар қорқады-ай.
Осындай жерде ал ерің
Дәнеңе жоқ ойында,
Демалысқа жатады-ай.
—Атым болса шалсын,—деп,
Ұйқым болса қансын,—деп.
Алтын қазық қақтырып,
Шұбарға арқан тағады.
Бес қаруды жастық қып,
Алпамыс ұйықтап қалады-ай.
Осы уақыт болғанда,
Қалмақтың ханы ер Тайша
Түнде жаман түс көрді,
Түсінде нашар іс көрді.
Бұлықсып, бұлқынып,
Түсінен шошып оянды.
Бүкіл елін жинады,
Түсін айтып сыйлады.
—Жиналған жұртым, халқым-ай,
Тыңдасаңдар, жарандар.
Алдымдағы малымды,
Қойнымдағы жарымды
Бір арыстан шабар-ды.
Мен де соны дөп көрдім,
Жиделі Байсын жерінен,
Қоңырат-үйсін елінен
Бір жас бала келеді.
Сақалы жоқ, мұрты жоқ,
Білмедім енді, халқым,
Қаншама адам өледі.
Келе жатқан баланың
Алдынан, ерлер, барыңдар.
Жалғыз атты жас бала
Басын кесіп алыңдар.
Сүйген жары Гүлпаршын
Қай жеңгенің алыңдар.
Жиналып ерлер келеді,
Кім барады деседі.
Ақылдасып қарады
Бүкіл қалмақ баласы.
Қаражан деген ер еді,
Онан да батыр кім еді.
—Сол баланың алдынан
Шығайын енді мен,—деді,
Бәрі де мақұл көреді.
Қаражанға баруға
Рұқсат қалмақ береді.
Қаражандай батырың
Қара қасқа атқа ер салды.
Келе жатқан баланы
Кездесем деп оңдалды.
Төс айылын бек тартып,
Бес қаруды қолға алды.
Үстіне киіп сауытын,
Осы тұрған Қаражан
Қара атқа мінеді,
Балаға қарсы жүреді.
Үш күншілік жол алды
Күні үшеу болғанда,
Төртінші күні толғанда,
Батырдың жолын ақ тұман
Енді, шіркін, басады.
Батыр да болса Қаражан
Жол таба алмай сасады.
Сарғая келіп таң атып,
Қызара келіп күн шығып,
Айналада тұмандар
Тарауға енді айналды.
Шұбардағы баланы
Қалмақтың көзі шалады.
Өтірік емес, расы
Адастырған батырды
Шұбардың алған демі еді.
Баланы көріп Қаражан
Соған сөйлей береді:
—Жасың кіші баласың,
Оттай қаулап жанасың,
Бармағың қайқы тартқышсың,
Білегің жуан атқышсың.
Батыр шешен түрлісің
Жауың жаман шорасың.
Атың болса тер қатып,
Көп шабуыл көріпті.
Қабағың болса жабылып,
Түн ұйқыңды бөлесің,
Қимылдасам өлесің.
Өлмей тұрып жөніңді айт,
Жас бала, қайдан келесің?
Қорқатұғын ер ме еді,
Жөнін айта береді:
—Үйсін, қоңырат елінен
Жоғымды іздеп келемін,
Алдын бастап кетеді.
Аузын шалған қарт бура
Соңынан соның еріпті.
Майда жүнді сары інген,
Сары інгеннің қасында,
Жез бұйдалы нар тайлақ.
Сол үшеуін жоқтаған,
Жоқшысы соның мен,—деді.
—Онан да қабар білесің
Сенің жоғың бар,—деді.
Мен тірі тұрғанда
Оны да ешбір алмассың.
Мені өлтіріп алмасаң,
Оны ешбір алмассың.
Қалмақ тұрған ер еді:
—Айналайын, жас бала,
Кезегімді бер,—деді.
Кезегін беріп тұрады,
Қарсы тұрып Қаражан
Қорамсаққа қол салды,
Көп оғына жол салды,
Атайын деп оңдалды.
Садағын алып қолына
Шұбардың енді басы деп,
Алтын ердің қасы деп,
Жүрегінің тұсы деп,
Үзеңгіге шіренді,
Көпшікке көтін тіреді.
Күштеп барған жебесі
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді.
Тоғызына жеткенде,
Жағасын жыртып кетеді.
Осы туған жас бала
Одан аман өтеді.
Алпамыс алды кезекті,
Батыр еді Қаражан
Күшпен атқан жебелер
Сауытынан қалмақтың
Сегізінен өтеді.
Тоғызына жеткенше,
Шашырап оғы кетеді.
Қолға алды көп найза,
Ұңғысы сұлу бұл қайла.
Батпан түгіл мыс болып,
Қармақ болып кетеді.
Қолға алды ақ алмас,
Ақ алмастан жан қалмас.
Қынапқа салса бір құлаш,
Суырып алса қырық құлаш.
Өмірде қанға тоймаған,
Шаш ал десе бас алған.
Тасқа шапқан пышақтай,
Бұл да адыра қалады.