Алпамыс батырдың хикаясы (3-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
—Ханның ісі елменен,
Патша зорлық қыла ма
Не ісі бар қызбенен?
Нәсіп болса, Баршынжан
Дәурен сүрер бізбенен.
Сөйтіп, Қаражан: «Мен аламын»,—деп, Тайшахан: «Мен аламын»,—деп келіспей тұрды.
Сол уақыттарда уәзірлерменен кеңесті. «Көпте—Қыдыр, мыңда—уәли бар» деген-ді, патшаға айтады:—Иә, тақсыр, көп айтып ерегесіп тұрғанша, хан да тоғыз жаушы, Қаражан да тоғыз жаушы жіберіңдер. Қайсыңызға берсе бақтарыңнан көріңдер,—дейді.
Бұл сөз ханға мақұл көрінді. Сөздің қызығы жақын келді. Хан да, Қаражан да жаушыларын сайлады. Хан теңдік айтты. Он сегіз жаушыға:—Ау, Байсары бай қызын хан десе маған берсін, батыр десе Қаражанға берсін, ықтияры Байсарыда, ханда зорлық болмайды, не қылса өзі білсін,—деп.
Он сегіз қалмақ бедеуге мінді, Байсары байдың ордасына жүріс қылды. Ханның жақсы уәзірі тоғыз жаушының басы еді, оның аты Көкеман қасқа дейтін еді. Байсары бай тіккен ордаға келді. Келіп мына сөздерді айтады:
—Бедеумен таудан асқалы
Тұрмаңыз бізден жасқанып.
Бұл жерде пенде бар ма екен,
Бізбенен хабарласқалы.
Бедеу сүрінген қия тас,
Ақты көзден қанды жас.
Ақ пенде бар болсаң—
Шығып үйден хабарлас.
Байбөрі үйден тысқа шықты. Ханнан адам екендігін біліп, Байсары байдың үрейі ұшып:—Уа, жол болсын!—дейді. Сонда тұрып уәзір Көкеман қасқа айтады:
—Лағлы маржанды садақты,
Дұшпанға бердік әдепті.
Арада жаушы жүрмектік—
Кәт құдалардан себеп-ті.
Дүние—пәни жалған-ды,
Кімдерге опа қылған-ды.
Арада жаушы жүрмектік
Біздерден емес, Байсары,
Кәт құдалардан қалған-ды.
Қарағай найза құн байлап,
Қиып байға келгенмін.
Ақ кіреуке көз ойнап,
Сәлемдікке келгенмін.
Екі мұсылман баласын,
Ептемекке келгенмін.
Ептестірмек—елшіден,
Жауластырмақ—жаушыдан.
Құстарды салған аушымын:
Сізде қыз бар, бізде ұл,
Қызыңа келген жаушымын.
Жалын бедеудің өресің,
Қоңыраттан шыққан төресің.
Тайшадан келген тоғызбыз,
Қаражаннан тоғызбыз.
Патша десең—Тайшаға,
Батыр десең—Қаражанға.
Ықтиярың, Байсары,
Баршыныңды бересің,
Сөзімді қандай көресің?
Байсарының кетті мәдеті,
Белінен тайды дәулеті.
Қайтып ордаға кірді. Жалғыз ұлындай көріп көрген қызы Гүлбаршынға қарап:
—Гауһарымсың сен менің,
Сен болмасаң, кім менің
Хал-жайыма қарайтын.
Тайша хан сізге жаушы жіберіпті. Қаражанмен екі талас, осы екеуінің қайсысына қалап, қарағым, көңліңді бересің?
Сонда Баршынжан тұрып сөйлейді:
—Ақылым бұл майданда енді болды, міне, дал,
Қалмақтың екеуінің де тілеуі дүние мал.
Жылай берме, ата, көңілім бұзылды,
Хақ жайында қарар табар, атажан.
Осы демнен өз деміңді дем деме,
Адам көрсең сен өзіңнен кем деме.
Жылай берме, ата, көңлім бұзылды,
Баршынжаның барда, ата, ғам жеме.
Айнаменен ақ жүзімді көрейін,
Хақтың салған жарлығына [көнейін].
Жылай берме, ата, шүкір қылайын,
Сол қалмаққа барып жауап берейін.
Жылдан жылға талдай бойым өседі,
Жарымның дерті, ойы бақытымды кеседі.
Мініп бедеу әр майданда желмей ме,
Суаш күні ат құйрығын өрмей ме?
Қабыл қылып бердің қоңырат сұлтанға,
Аман болса, он төрт жаста—келмей ме?