Алпамыс батырдың хикаясы (11-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу
Осы келген жиырма күншілік жолға аттардың бәрі де әрең келіп жетіп, қайтуға жарамайтын болып қалды. Қалмақтардың бәрі аттан түсе қалып кеңес қылады. Қаражанның да көңіліне бірнеме келіп: «Осы бүгін Байшұбар атқа дем алғызсам, бес-он уыс жем берсем,»—деп ойлап, дорбасын алып Байшұбар аттың алдына барады. Алдына барса дорбадан үркіп жолатпады. Араннан, жусаннан басқа ештеме көрмеген жануар дорбаны қайдан білсін. Қаражан маңдайын сипап, омырауын қасып, құлағынан басып, дорбаны Байшұбар зордан алады. Алса да берген жемін сілкіп, шашып жемейді. Сонда қалмақтар қарап күліп: «Әй, задыңды.... соның аты ертең байраққа жетер,»—деп мысқақ қылып күледі, әрқайсысы сөйлесіп қосы-қостарына қайтты.
Тайша ханның патшалықтан жіберген атсейіс атты бір төресі бар еді, әдейі «қандай ат бәйгеден келер екен, қайсысы өлер екен» деп сынауға жіберген.
Сол атсейіс төре айтады:—Төрт жүз тоқсан бедеуді бір биікте тұрып, алдымыздан өткеріп, ішінде ханның тарлан атынан, Қаражанның қара атынан басқа аттардың бәрі де өгіз екен. Бәрін көрдік. Енді солардың ішінде Қаражанның мінген досының Байшұбар атын айтушылардың кейбіреулері бедеу дейді, кейбіреулері жабы дейді. Енді соны барып көрсем екен,—деп, тоғыз қалмақты жолдас қылып алып, жақындап Байшұбардың қасына келді. Қаражанды қараса Алпамыспенен дос болғаннан бері, Құдайды бір біліп, Расулды Хақ білген екен. Бір ракағат намазын қазаға тастаған жоқ екен. Сол кездерде бесін намазын оқып тұрған екен. Өзінің арт жағында байлаулы тұрған Байшұбардың тура қасына барды. Омырауына қол салып, денесін көрді. Байшұбар аттың қарыс сүйем қанатын көріп, қанатының көтеріліп, жабылып тұрғанын көріп, атсейіс төре қорықты. Сөйтіп, өзінің адамдарының ішіне барды. Барып төрт жүз тоқсан қалмақтың бәрін де жинап алды. Жиып алып атсейіс төренің айтып тұрғаны:
—Естіңдер! Айыл тарттым дан бедеудің беліне,
Сапар қылдық Мұхаммедтің дінінің жолына.
Мен ойлаймын Баршын қайда сіздерге,
Атты шаппай қайта бер, қалмақ, еліңе.
Ат шапқанмен қия майдан жерлерге,
Киген сауыттарың келмес тіздерге.
Абырой барда елге қайтқан жақсырақ,
Қалғаның барар келетін көздерге.
Жамандатқыр Байшұбар ат барлықта
Ойланамын, Баршын қайда сіздерге.
Жаман екен Қаражан,
Байшұбар атты баптапты.
Онан да ұста Алпамыс
Қазанатты баптапты.
Қырқылмаса қанаты,
Сөгілмесе тұяғы,
Жамандатқыр Байшұбар
Жиырма күндік жолдарды
Жеті күнге шақтапты.
Сол уақытта көптің ішінен тұрып, Қаражанның жалғыз ұлы Досмұхаммет атсейіс төреге мына сөздерді айтады:—Сендер мен тұрғанда менің атамнан қорықпаңдар. Менің атамның жеті күндік ұйқысы бар. Біздерді енді жеті күнге кешіктірілді, аттар демін алсын деп пәтуа қылайық. Сонан соң менім атам ұйқыға кіріседі, сол ұйықтағаннан жеті күнге шейін тұрмайды. Сол ұйықтап қалғаннан соң Байшұбар атты өлтіріп кетейік, иә болмаса атамның қол-аяғын байлап кетеміз,—деді. Қалмақтар осы сөзге қаулы қылып, жаңағы айтылған «жеті күнге кешіктіріледі» деген сөзді жар қылып, бұл сөз Қаражанның да құлағына есітіліп, «батыр аңқау-ер көдек» деген ғой, атты тұсаулап, көпшікті басына қойып, сағатын құлағына қойып жатты. Сол жатқаннан әбден ұйқыға кетіп, кәдімгі жеті күн ұйқысына кетті. Ұйықтап қалғанын қалмақтар көріп, бастығы Досмұхаммет—Қаражанның ұлы атасының жанына келді, келсе кәдімгі ұйқысына кеткен. Жылдам төрт жүз тоқсан қалмақты шақырып алып келіп, өзінің туған әкесі Қаражанның екі қолын арқасына қайырып байлап, әбден шешілмейтін қылып қатты байлап тастады. Бұны байлап болғаннан соң төрт жүз тоқсан қалмақпенен Байшұбар аттың қасына келді. Төрт жүз тоқсан қалмақ жабылып, әр қайсысы әр жерінен ұстап, сол жерде Байшұбарды жерге көтеріп ұрды, сексеуілдің жігерін алып келіп төрт жерден қағып, Байшұбар аттың төрт аяғын төрт қазыққа тас қылып байлап, қалмақтар уақыты болып аттарына мініп, барлығы қатар тұрып, атсейіс төреден рұқсат алып бәрі жарысып кетті. Сол кеткеннен кетіп арадан үш күн өтті. Қаражан шырт ұйқыда жатып тұншығып оянып кетті, басын көтеріп қараса жұрттың бәрі кетіп қалған, ешкім жоқ, жалғыз өзі ұйықтап қалыпты. Қалмақтардың кеткеніне үш-төрт күн болып қалыпты. Аттарының тезегі қурап қалған. Ұйқыдан мең-зең болып тұрайын деп ұмтылса қошқардай жер сүріп, мойны астына түсіп жығыла берді, қолының байланғанын сонда білді. Ұмтыла-ұмтыла орнынан тұрды. Тұрып қараса, қасында Байшұбар жоқ. Жан-жағына қараса Байшұбардың ізі жатыр, ізіне түсіп барса бірнеше оқпан шұқырға тығып, Байшұбардың аяғын төрт қазыққа байлап кеткен. Атын босатып алайын десе қолы байлаулы, ыза болғаннан сол жерде мына сөздерді айтыпты: