Алпамыс жыры (5-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу
Кетейін деп түрегелсе Алпамыс
Жабысты тазша оған да.
Сүйретіліп етектен
Енді тазша қалмады.
Ашуланып Алпамыс
Жұмырықпен бір ұрды.
Көтерсін бе бейшара
Есін танып қалады.
Аузы-басы қан болып,
Есін жинап алады.
Тұрды дағы бұл тазша
Алпамысқа толғады.
Алпамыс берен ер еді,
—Асығымды бер,— деді,
Зорлық қылдың сен,—деді.
Маған зорлық еткенің,
Енді сенің нең,—деді.
Маған зорлық қылғанша,
Қайда кетті Гүлпаршын
Білемісің сен,—деді.
Жар қосағың Гүлпаршын
Қалмақтардың қолында.
Мықты болсаң, Алпамыс,
Алсайшы барып сен,—деді.
Өзің тірі тұрғанда
Қалмаққа беріп жарыңды,
Нағылып тірі тұрасың,
Мұнан дағы өл,—деді.
Ел ішінде құрбы бар,
Бірге туған құрдас бар,
Ішінде соның сырлас бар.
Солардың жүзін ұялмай
Қалай бір сен көресің.
Алпамыстай береннің
Бұрын сөзді құлағы
Есіткені жоқ еді.
Есітеді құлағы,
Нағып енді тұрады.
Қолындағы асықтың
Бәрін шашып тастады,
Бір қылықты бастады.
Етегін шеңгел түрініп,
Әр бұтаға сүрініп,
Жүгіре бала басады.
Орыстар ауыл айласы
Кенегеде хаты бар.
Мұсылман ақыл сұраса,
Ақылға жетік қарты бар.
«Сұрайын,—деп,—анамнан»,
Үйге таман жөнеді.
—Айналайын, анам-ай,
Мен бір сенің балаң-ай.
Аймалап емген мамам-ай,
Құлағыңа салам-ай.
Айттырып па едің келінді,
Енді, шіркін, маған-ай.
Алып та кетті енді деп,
Талқандайын ал, анам.
Байсары атам екеуі
Естіп келдім тазшадан.
Бұл арадан кетті деп,
Бөтен елге жетті деп,
Берді бір кісі қабар-ай.
Жар қосағым Гүлпаршын
Өзім тірі тұрғанда,
Енді беріп қалмаққа,
Мен неғып тірі қалам-ай.
Рұқсат берсең, мамам-ай,
Іздеп соны барам-ай.
Мына тұрған Айтолқын
Мықты уайым қылады.
Естіген соң қабарды
Егіліп Айтолқын жылады.
—Айналайын, балам-ай,
Құлағыңа салам-ай.
Ханның ұлы қара бар,
Мәріктің ұлы Шора бар.
Тыңдасаң мені, қарағым,
Отыз үйлі обыр бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар.
Осылардың ішінен
Таңдап қыздың бірін ал.
Омыртқаң сенің қатқан жоқ,
Қабырғаң сенің өскен жоқ,
Қарағым, менің тілімді ал.
Осы тұрған жас бала
Анасына көнбеді,
Өзінікін жөн деді.
—Берсең де, сен, рұқсат,
Бермесең де рұқсат,
Кесемін ізді мен,—деді.
Мінетұғын ат бар ма,
Киетұғын зат бар ма,
Маған тауып бер?!—деді.
Бәрі соның болмаса,
Кетемін жаяу мен,—деді.
Қисық таяқ қолға алды,
Кетейін деп оңдалды.
Шын кететін білген соң,
Кемпірі енді қозғалды.
—Сенің әкең Байбөрі
Кесірінен бір қамшы
Атаң сонан қозғалды.
Әкең сенің Байбөрі
Күні бұрын қабарды
Бүкіл елге салады.
«Есітпесін жас бала»
Деді дағы жасырды.
Есітсе әкең Байбөрі
Жібермей сені қалады.
Ішінде жылқы Шұбар бар,
Мойнына таққан тұмар бар.
Шапқан сайын ол Шұбар
Тарқалар, қалқам, құмарлар,
Жылқыдан барып соны ал.
Есітсе құлдың құлағы,
Шұбарды бермей қалады.
Алғашында құлдарға
Әкең салған қабарды.
Осы тұрған Алпамыс
Қолына алып жүгенді
Тал құрықты арқалап,
Алпамыстай беренің
Жылқыға қарай жөнеді.
Жылқы ішінде Шұбар тай,
Тауып алды балақай.
Мойнына салды бұғалық
Бір тигізбей табанын,
Алып кетіп барады ат.
Өлдім-талдым дегенде,
Өштім-жандым дегенде,
Кеттім-бардым дегенде,
Осы тұрған Шұбардың
Бетін бері қаратты.
Жүгенді келіп салады,
Басына жүген ілгенде,
Аз мойынына жол алды.
Шұбар атты жетелеп,
Төте қырды төтелеп,
Үйіне таман келеді.
Алпамыстай беренді
Айтолқын үйден көреді.