Алпамыс жыры (7-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу
Қолына алды шоқпарды
Алпамыстай ерді аямай.
Бұл қалмағың ұрады,
Ұстап тұрған қалқаны
Кесек-кесек ат болып,
Жерге ұшып түседі.
Тұлпарлар кіріп тізеден
Баршасы аман қалады.
Алпамыс алды шоқпарды,
Аямады ұрады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Өгіздейін өкіріп,
Атандайын бақырып,
Бұдан да аман қалады.
Қару тамам болған соң
Ат үстінен алысты,
Белге шынжыр салысты.
Бірін-бірі ала алмай,
Қалмақ пенен жас бала
Үш тәуліктей алысты.
Ал жас бала талады,
Жығылуға қарады.
Қабырғасы қайысып,
Омыртқасы майысып,
Әлсіреп енді барады.
Қысылғаннан жас бала
Айқайды енді салады.
—Айырылдым ба барымнан,
Кесілдім бе қарымнан.
Түсі кетті бұзылып,
Бабаларын шақырып,
Қалмақты жерден көтерді.
Екі аяғы сереңдеп,
Мұрынынан қан кетті.
Қалмаққа қолы батады,
Өлуге қалмақ қарады.
Сол уақытта Қаражан:
—Қолды, жаным, бір босат,
Өлтірме енді мені сен.
Айтқаныңа көнейін,
Дегеніңе жүрейін,
Өлгенімше мен,—деді.
Бір шыбындай жанымды,
Бір қасықтай қанымды,
Сауғаға енді бер,—деді.
Алпамыс ойлап қарады,
Босатсам мұны не етер деп,
Қайда қалмақ кетер деп,
Қысылған жерде бұл тағы
Маған да пайда етер деп.
Қалмақтың қолын босатты,
Қаражан жерге құлады,
Жатып есін танады.
Есін жиып дәу қалмақ
Жатқан жерден тұрады.
Уағда қылған сөзі бар
Екі батыр дос болып,
Көңілдері хош болып,
Көңілдері тынады.
Әңгімесі қосылып,
Екі батыр дос болды.
Бір кісідей болады,
Алпамыстай досынан
Шұбарды бір күн сұрады.
—Гүлпаршынға барайын,
Көңіліне салайын,
Шүйіншімді алайын.
Қуантайын жарыңды,
Айтқанына сенеді,
Дегеніне көнеді.
Тай Шұбарды береді,
Шұбарға мініп Қаражан
Еліне таман келеді.
Өзінің кеткен ізімен
Үстінен елдің құлады.
Өзбек тұрған ақ орда
Соған жақын келеді,
Сырттан қабар береді.
Шыққасын қабар даладан,
Гүлпаршын шықты бұралып,
Аққудайын керіліп.
Қалмақтағы Шұбарды
Көрді көзі сұлудың
Еңіреді егіліп.
Маңдайынан бір сипап,
Сауырынан бір сипап,
—Егең қайда?—деп еді.
Айтатұғын тілі жоқ,
Шұбар тайың тұрады.
Қаражандай батырың
Шүйіншісін сұрады.
—Екі батыр дос болдық,
Өтірік емес, шын болдық.
Гүлпаршын оған сенбеді,
Сенбесе де, амал жоқ
Қаражанға сөйледі:
—Білмейсің, батыр, сен,—деді,—
Ханды Құдай ұрды ғой,
Төбеден жел тұрды ғой.
Аламын сені мен,—деді,
Көнбегенің нең,—деді.
Бермесең де, берсең де,
Аламын енді мен,—деді.
Хан мен қара тең бе еді,
Бермегенің жөн бе еді.
Қызыңды маған бермесең,
Зынданға сені қамаймын,
Жалғыз өзбек сен,—деді.
Шын айтып жүрсең бұл сөзді
Зындандағы ата-анам
Шығарып алып кел енді.
Шүйіншіңді беремін,
Келгесін енді мен,—деді.
Батырдың естіп құлағы,
Ханға қарап Шұбардың
Қаражан басын бұрады.
Ордасына Тайшықтың
Осы ерің құлады.
Бүкіл қалмақ көреді,
Еріп түгел жөнеді.
Шұбарды алып баладан,
Өлтірді соны деп еді.
Ордаға келіп тұрады,
Ханға батыр толғады:
—Тайша, тақсыр хан,—деді,
Ақылың артық жан,—деді.
Шеттен келген өзбекті
Қамағаның нең,—деді.
Сұрай келдім өзбекті
Сенен, Тайша, мен,—деді.
Өзбекті маған бер,—деді,
Атың озса аларсың,
Қалса атың не ісің бар.
Өзбекті сен бермесең,
Осыдан, ханым, өлесің,
Қалсаң, қорлық көресің.
Ендігісін ал, ханым,
Өзің ойлап білесің.