Алпамыс жыры (2-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 3 мин оқу
—Толғақ деген бұйым ба,
Бұ да бізге қиын ба?
Сыртын сипап Қараүлек,
Алтын айдар бір бала
Туып енді қалады.
Басы мұның қазандай,
Ту сыртына қарасаң,
Он екі қарыс сазандай.
Тал жібекке орады,
Төр алдына қояды.
—Толғақ деген қиын ба,
Бұ да бізге бұйым ба?—
Деді дағы Қараүлек,
Ішін сипап қалады.
Құдай тағы береді,
Тал жібектей бұралған
Бір қыз туа қалады.
Екі бала туған соң,
Туша мен туды қырады,
Жорға бие сойдырып,
Төменгі елді жинады.
Түгелінен халыққа
Қабар енді қылады.
Байсары деген ханменен
Уағдасы бар екен.
Баласын құда деген соң
Байсарының еліне,
Бұған да қабар қылады.
Осы тұрған Байсары
Сары ала аты астында,
Кәмшат бөркі басында,
Қырық кісі қасында,
Шақырғасын Байбөрі
О да келіп құлады.
Ал құдасы келген соң,
Жіп-бұйымын жияды,
Жібек бұйым жаяды.
Жылқыдан алып тай сойып,
Түйеден алып нар сойып,
Құдасын қонақ қылады.
Ат бәйгісін шапқызып,
Балуанын тұрғызып,
Енді халық көкпарды
Тартуға енді тұрады.
Бәрі бірдей келеді,
Көкпарды қолына
Байсарының береді.
Жамандатқыр сары ала ат,
Жылқыда жүргіш сол еді.
Көкбөріні алып қолына,
Байбөрінің көп халық
Енді түсті соңына,
Келгей жағы оңына,
Алты қырдан асады,
Жетіге аяқ басады.
Мына жүрген Байбөрі
Соңынан, сірә, қалмады.
Тарлан аты астында,
Кәмшат бөрік басында,
Жеті қырдан асқанда,
Байбөрі келді елпеңдеп.
Байсарының қолына,
Пәруана болды басына
Байсарының келіп қасына.
—Көкбөріні бер,—деді,
Көкбөріні Байсары
Құдаға енді бермеді.
Көкбөріні Байбөрі
Аламын деп ерегесті.
Сөзді бұлар шұнайтты,
Дауды құда молайтты,
Екі байың ерісті.
Көкбөрі үшін екі хан
Екеуі әбден керісті.
Екеуі ілкі бастан егелесті,
Көкпарға екі құда төбелесті.
Байсарыны Байбөрі
Салып қалды мойнына.
Сорғалады қан енді
Құданың, шіркін, қойнына.
Көзінің жасы төгіліп,
Жаға-бауы сөгіліп,
Бір баланың жоқтығы
Байсарының түсті ойына.
Сонда тұрып Байсары
«Байбөріден ұл туған,
Ойында болды-ау үлкендік
Мен байғұстан қыз туған,
Көкіректе бар кемдік.
Тумай жатып баласы
Қамшы салды мойныма.
Сорғалады ыстық қан
Енді менің қойныма.
Мен енді бұдан кетейін,
Байбөріні құда қылғанша,
Қалмақты құда етейін».
Деді дағы Байсары
Еліне қайтып жөнеді.
Осы ашумен Байсары
Еліне келіп құлады.
Жиып алып жаршы[сын],
Қабар енді қылады.
—Бұл жерден мен кетейін,
Қоныс қылып не етейін.
Жылқыны жиып алыңдар,
Жөнге соны салыңдар.
Тайша ханның жеріне,
Қаражанның еліне
Кетемін енді мен,—деді.
Көп түйеге барады,
Көшемін деп Байсары
Бұларға қабар салады.
Жез бұйдалы сары інген
Жетегіне алады,
Үйіне таман барады.
«Оянса бәйімше не етер» деп,
«Әңгіме олар етер» деп,
Бір жағына жүк артып,
Бір жағына кебеже,
Сары інгенді сайлады.
Ұйықтап жатқан жерінде
Гүлпаршын мен Айтолқын
Шайқайтпай-ақ жай ғана
Кебежеге салады.
Тігуімен ақ орда
Бір қамшының зарпынан
Орнында қалады.
Туып-өскен жер қалды,
Бір қамшының зарпынан.
Байсары елден қозғалды,
Көштің жүрген соңынан.
Сарғая келіп таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн шыққасын бәйімше
Оянуға қарады.
Жан-жағына бәйімше
Ояна келіп қарады.
Бір сұмдықтың болғанын,
Бір қонақтың қонғанын,
Бәйімше сонда біледі.
Толғады да жылады:
—Әй, алғаным, алғаным,
Қағып төсек салғаным,
Не болды саған, жазғаным?
Мінбейтін атты мініпсің,
Кимейтін киім киіпсің.
Сендей елді ер туған
Қай сапарға жүріпсің?
Бұған да жауап бермеді,
Бөрігін баса киеді.
«Жауапқа келсе бұл кемпір
Үйге алып кетер» деп,
Үндемейді жүреді.