Алпамыс батырдың хикаясы (12-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу
—Сарғайып достымнан таңдап бір атты,
Ат оздырып тарқатпадым қайратты.
Төрт аяққа мықтап төрт қазықты қақтырып,
Асылым қол болған соң негізге тарттым.
Өзім өлсем бекер қалар нардай күш,
Досқа қызмет етсем таяр ғой беһешт.
Төрт аяққа мықтап төрт қазық қақтырып,
Мұсылман болсам мен қылмаймын мұндай іс.
Ертемен ашылған баудың гүлдері,
Жан достымның Байсын қоңырат елдері.
Төрт аяққа мықтап төрт қазық қақтырып,
Қайда кеттің Сұлтанымның пірлері.
Бедеудің мәнаттан салдым терлігін,
Бекер өткізбейін өмірдің шерін.
Төрт аяққа мықтап төрт қазық қақтырып,
Сөзі жалған құлдың қалсын сүйегі.
Адамның көңлінде көп болар қата,
Қатесіз жоқ еш пенде.
Төрт аяққа мықтап төрт қазық қақтырып,
Шұбардың пірі сен, иә, Жылқышы ата.
Осы сөздерді айтып тұрған екен. Құлағына бір дауыс келеді, бұ не екен деп тыңдап тұра қалса «Алла» деген ғайыптан дауыс шығады. Құлағын салыңқырап тыңдап тұрса, басында селделері бар Қызырзанда келді. Қаражанның қасына келіп, оған Қаражан ізетпен сәлем берді. Сәлемін ғали-дағы алды. Сол жерде жеті кәміл пірлері байлаулы қолын шешеді. Әбден көп тұрған Қаражан шұқырда жатқан Шұбарға барып ұстап, шұқырдан суырып алды. Сол жерде кәміл пірлері бата береді. Берген батасы:
Осы сөзді айтып шілтен пірлері бата беріп қала береді. Қаражан батыр атына қамшы ұрып жолға салады.
Батыр туған Қаражан
Желіп кетіп барады.
Асыл туған Байшұбар
Құстай ұшып барады.
Төрт аяқта төрт таға
Асыл туған жануар
Жанын алып барады.
Аузын әректей ашады,
Омыраудан көбік шашады.
Дариядай болып тасады,
Қаражан қамшы басады.
Тұяғы қызды Шұбардың,
Аяқты нұқып басады.
Бір күн тамам жол жүрді.
Нақ намазшам болғанда
Қамшыға шабысын қосарды.
Қара құптан болғанда,
Топты жарған Байшұбар,
Тұрды жолды төтелеп.
Қаражан атты батырдың
Жүні қызды Шұбардай.
Қия майдан далада,
Дөңкіп алып қашады.
Жайпаңдау жерден зырғытып,
Ойпау жерден ырғытып,
Екі көзі телмеңдеп.
Омырауын көрсең есіктей,
Мойын еті бесіктей,
Талдап өрген жібектей.
Кекілі сұлу Байшұбар—
Базардағы мақпалдай.
Сымбаты сұлу жануар
Ойға тіккен ордадай.
Сауырыны сұлу жануар
Молда қиған қаламдай.
Құлағы сұлу жануар
Орыстан келген легендей.
Тұяғы сұлу жануар
Жалтыраған қояндай.
Ауырлығы екі елі
Алты құлаш сайлардан
Үш күннің жүзі болғанда,
Баяғы кеткен қалмаққа
Нақ таң мезгілі болғанда,
Шуылдасқан қалмаққа
Мұратқа Құдай жеткізіп,
Қаражан қуып жетеді.
Ертеңгі намаз уақытында
Байлап кеткен Шұбардан
Қауласып қалмақ айрылды.
Төрт күннің жүзі болғанда,
Сәске түстің уақтында,
Қарсы алдына қараса
Тайша ханнан Тарлан ат,
Жайылыпты қос қанат.
Бесін мезгілі болғанда,
Сәуірдің соққан желіндей
Тарлан аттың ізінен
Шауып жетті Шұбар ат.
Өте беріп Шұбар ат,
Шоқтықтан ауыз салады.
Артық туған Тарлан ат,
Тарлан ат қалды майрылып.
Мұнан да өтіп барады,
Күніменен жүреді,
Түніменен жүреді.
Бес күннің жүзі болғанда,
Қаратаудың баурында,
Досмұхаммет атты жалғызы
Астында мінген қара ат.
Қаражан атты батырдың
Тілеп алған жалғызы
Көз ұшында көрінді.
—Гауһарымсың сен менің,
Сен болмасаң хәлімді
Кім білер, жалғыз перзентім.
Жан атаң сенен айналсын,
Жалғызым менің, сұлтаным,
Шам-шырағым, жалғызым.
Жыласам естілер Аллаға
Менің төккен көз жасым,
Сен өлсең сынбай ма қанатым.
«Ата» десең сен мені
Достымның аты қалмасын,
Атыңның басын тарт, перзентім.