Алпамыс батырдың хикаясы (7-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қаражан қалмақ тұрып айтыпты:—Атсам, мылтық өтер, иә қылыш кесер. Атқанды да, шапқанды да қояйын, алыссам қалай болар. Алыспақ—алты атаның басына, алыспақ керек,—дейді.
Батыр Алпамыс тіллә кемерін шешті, атынан түсті. Қаражан да кемерін шешті. Батыр жанынан кешті. Арыстай ақ білегін сыбанып, екеуі Баршынжанның жолында жандарын садақа қылып, екеуі палуандыққа түсті. Сонда Алпамыс айтады:—Сен амалың болса қылып бақ, қапылыста қалып жүрме. Қаражан айтады:—Сен де амалың болса қылып бақ,—деп.
—Жоқ, сен қамдан, амалың болса қылып қал, сенің сақалың ағы бар, ағалығың тағы бар.
Сөйтіп, Қаражанға кезекті берді. Жолбарыстай қолды салды, Алпамыс сонда: «Иә, Шері Құда, Хазрет Әлі ер Мұртаза!»—деп мықтанып сиынды. Сөйтіп тұрғанда баяғы атын қойған жеті қаландар ерлері тайын болды, жеті кәміл пірі келіп, екі иініне қорғасындай салмақты [салды], Қаратаудай Алпамыс сұлтан тырп етпеді. Жамбасқа алып та көреді, көтеріп те көреді, тіпті қозғалта алмады. Алпамыс тырп етпеді.
Қаражан Алпамысқа кезек берді. Үш кезегі өткен соң, әуелі Құдайға, қалды жеті кәміл піріне жылап, Қаражанның беліне қол салды. Таулап-таулап көтеріп иініне алды. Қаттырақ қысты, Қаражанның аузы-мұрнынан қан кетті. Тастар уақытта жалынып-жалбарынып мына сөзді айтты:
—Жас бедеу өз аузынан шабылар,
Батыр болған ақ қалқанын жамылар.
Сындырдың белімді, алдың жанымды,
Іздегенің Баршын болса, табылар.
Жалғыз едім бір-біреуге ес болдым,
Бұ жалғанды ғаріп көңілім бос көрдім.
Құдайды бір білдім, Расулды хақ білдім,
Бес қана күн сеніменен дос болдым.
Хандар өлсе иесіз қалар алтын тақ,
Мен сөйлеймін, ағайындар, тыңдап бақ.
Бес қана күн сеніменен дос болдым,
Құдайды Бір, білдім Расулды бар хақ.
Баршасын халық еткен хақ Құдай,
Асы бендең төгілер ме гүнәһім.
Бес қана күн сеніменен дос болдым,
Дінім—ислам, бір хақ Құдайым.
Бұны айтқан соң Алпамыстың көңіліне бір қиял келді: «Осыны өлтіргенменен қара жер толар дейсің бе? Бұл «Алла» дейді, «Расулла» дейді—мұсылман болды». Осы ойларды ойлап қолын жіберді. Жеті қадамды барып жығылды. Бесін мезгілі болғанда Қаражан Алпамысқа келіп айтады:
—Ау, қорыққанымнан дос болып едім. Енді қайтадан расынан дос болдым. Сөйтіп, иман айтып, асфаһани қылышты ортасына қойып, құшақтасып дос болды. Сөйтіп, екеуі де аттарына мініп, Қаражанның үйіне келіп, бес-алты күн жатты. Қаражан досты Алпамысты сыйлап құрметтеді. Алтыншы күні Қаражан тұрып:
—Алты айшылық жол жүріп, меніменен дос болғалы келмеген шығарсыз. Баршындай сүйгеніңді іздеп келдің ғой. Солай болған соң, достым, рұқсат берсең, мен кетіп Баршындай сүйгеніңе барсам. Сенің келгеніңді барып білдіріп, сүйінші алып қайтып келсем қалай көресің?—дейді.
Сонда Алпамыс:—Жарайды, тіпті жақсы,—дейді. Қаражанның көңіліне бір ой түсіп: «Кел, не болса да достымның Байшұбарына мінейін, сөйтіп Баршынға барайын» деп Байшұбарға мініп, Баршынның тіккен ақ отауына келіп мына сөзді айтты: