Алпамыс батырдың хикаясы (10-бөлім)
Алпамыс · 1922 жылғы Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу
Осы сөзді Алпамысқа айтып бар,—дейді де, Баршын үйіне қайтты. Қаражан досты Алпамысқа кетті. Достына айтып бар деген Гүлбаршынның сөзін айтты.
Сонда Алпамыс:—Қалай, атам, тағам сау ма екен? Достымның дені сау ма екен?—деп сұрады. Алпамыс жары Гүлбаршыннан жаңағыдай сөзді есіткен соң Байшұбар атты жеті күн, жеті түн суытып, терін алып, әбден даярлап, Тайша ханның қаласына жүріп кетті досты екеуі.
Қалмақтар ат шаптырды далаға,
Жарын салды қалаға.
Баршынжанды тігеді деп байраққа,
Қиямет түсті араға,
Қатын менен балаға.
Өрілді аттың құйрығы,
Өлім—Хақтың бұйрығы.
Қалмастан қалмақ жиналды,
Бәрі де Баршыннан үміт қылады.
Қалмақтан төрт жүз тоқсан жүйрік жиналды. Тайша ханның өзі бір биіктің басына шығып, Алпамысты шақырып алды, досты Қаражан екеуі келді. Алпамыс атқа өзі мініп шабайын десе ретін таба алмады, атына мінетін бала табылмады. Сонда Қаражан досты тұрып:—Атқа мінетін ыңғайлы бала жоқ. Бір жолға біреуіміз-ақ шабар бала болайық,—деп Қаражан Шұбарға мінді. Қаражанды Аллаға тапсырып, Байшұбарды Қаражанға тапсырып, төрт жүз тоқсан бірінші атқа қатарына тіркетіп, диуан моллаға хатқа жаздырды.
Алпамыс достының Қаражанға айтып тұрған сөзі:
—Шығып едім Байсын қаладан,
Мұрадым көп бір Жаратқан Алладан.
Дос себепті Байшұбарды міндірем,
Дұшпандық қылмағыл, достым Қаражан.
Шапса бедеу жаның шықпай ма,
Соңынан ат шаба алмас Байшұбардың лебінен.
Дос себепті Байшұбарды міндірдім,
Хабардар бол бары менен жоғынан,
Ашы менен тоғынан.
Жылай-жылай, аға, бас ауырттым,
Қолымдағы боз тарланым қашырдым.
Дос себепті мен Шұбарды [міндірдім],
Бар, Қаражан, Хаққа тапсырдым.
Жол жүруге уақыт аз қалды,
Қаражан сұлтаннан фатиха алды.
Әуелі Алла, екінші кәміл пірлерге тапсырды,
Мұндайын дәурен қайда-ды.
Тайша ханнан алып жауап,
Батыр туған мәрт Қаражан.
Төрт жүз тоқсан бедеуді
Жолға бір рауан айлады.
Ат шомылды терлерге,
Сиынды кәміл пірлерге.
Қаражан жолдар жүріп барады,
Қырық күншілік жерлерге.
Бес күн тамам болғанша,
Жолдар жүреді Қаражан.
Әр жерлерге барады,
Аулаққа демін алады.
Түн ұйқысын қандырып,
Және мінді Шұбарға.
Төрт жүз тоқсан бедеуге
Он күннің жүзі болғанда
Және келіп қалады,
Аулақта демін алады.
Түн ұйқысын қандырып,
Достының атын сынады.
Он бес күндер болғанда,
Және жетті соңынан.
Сол уақыттарда Ақбұлақ деген бұлақтың басында көп қалмақтар жиылып, Қаражанға күліп бір сөз айтып тұрғаны:
—Мен жыладым бұл майданда зар-зар,
Көп жыладым бұл көңлімде кемдік бар.
Азғыруға еріп, өз еліңнен айрылма,
Сүйектес ек аға-іні, Қаражан.
Бедеу деп жабының жал құйрығын тарайды,
Батыр туған Қаражан тура жолды сұрайды.
Тілімді алсаң елге қайтқыл, Қаражан,
Қылдыкөт қазағыңның [жабысы] қайда жарайды.
Айыл тарттым дан бедеудің беліне,
Сен де кірдің Мұхамедтің дініне.
Бұл байраққа қылды көтің жарамас,
Атты шаппа, Қаражан, қайтқыл еліңе.
Байшұбарға қалмақтардың көзі өтіп, адамнан ақылы зият жануар Байшұбар мылтықтай атылып жығылды. Қаражан қамшымен ұрды, Байшұбар орнынан тұрмады, Қаражанның ашуы келіп, бір қолымен құйрығынан, бір қолымен шоқтықтан алып, көктемде жығылып қалған арық саулықтай көрмей көтеріп, төрт аяғына бастырып қояды. Үш мәртебе көтеріп қойды. Ең болмаған соң қолына бір жігерді алып, атты салып-салып жіберді. Қатты ұрма дегендей қылып жануар даусын бір түрлі қылып кісінеді, ішін тартады. Әбден жаны қиналды. Батыр Қаражан Шұбарды алдына салып айдады. Күн-түн жол жүрді. Арадан бес күн өтеді. Жиырма күн болғанда Көкдербент деген атты жібертіп жерге келді.