Раушанбек (14-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 1 мин оқу
Шығып тұлпар кете берді бетімен,
Сыпырылып түсіп қалды көтінен.
Ағайындар жүгіріп келіп тұрғызып,
Құшақтасып көрісті жылап шетінен.
Раушанбектің көзі жоғын білісті,
Жаны ашып басын шайқап тұрысты.
Туысқаны қолтығынан көтеріп,
Үйлеріне енді алып жүрісті.
Ағайыны бәрі келіп табысты,
Бастан-аяқ сұрап білді мәністі.
Бұл екеуі жата берсін құрметпен,
Кеткен тұлпар түзеп алды шабысты.
«Есіл тұлпар қолға түспей кетті-ау» деп,
Атқұмарлар нала болып қалысты.
«Қызылбастан қалай кекті алам» деп,
Ғаждам, Раушан көп ойлады намысты.
Нәсілі таза тұлпар еді тегінде,
Раушан әбден сынап алған жерінде.
Сол бетімен ұстатпастан еш жанға,
Барып түсіп кетті қойып теңізге.
Раушанбек пен сөз айтамын Ғаждамнан,
Тірі пенде не көрмейді кезінде.
Бірлік қылды ортасынан туғаны,
Үйбасынан қаражатты жинады.
Шанбілбелдің шатыр салып басынан,
Раушанбекті соған қойып сыйлады.
Ғаждамбекті туысқаны әкетті,
Сарай салып көрсетті халқы құрметті.
Ортасынан Барша сұлу әперіп,
Сондай сыйлық туысқаны көрсетті.
Осыменен бітті Раушан саласы,
Іште қалды Көрұғлыдай баласы.
Екінші сөз Күләйімнен айтамыз,
Дұшмандарда қалды, ұзақ арасы.