Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Раушанбек (13-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

Ай астына салған соң,
Шаба алмай көзі қамасып,
Әр шұқырға жығылып,
Болдырып аты қалыпты.

Тұрғызып атын алады,
Қамшымен басқа сабады.
Есенде елін таппаққа,
Болдырған атын жетектеп,
Айқайын салып дауыстап,
Жолдасын зорға табады.
Тұлпарларын қақпалап,
Еліне кетіп барады.

Бара берсін дұшмандар,
Раушан менен Ғаждамбек,
Соны айтамын манағы,
Дұшмандардан құтылып,
Келді екеуі шағына.
Шүкірлік етіп қуанып
Алланың берген бағына.

Неше күндей шабылып,
Қара терге малынып,
Астындағы жануар
Келген сонда бабына.
Бір белестен асқанда,
Қуанып көңілі тасқанда,
Құтылдым деп дұшманнан,
Ұрды қамшы санына,
Батырған екен жанына.

Тұлпарға қамшы батқан соң,
Ашынды жаман желігіп.
Жарауы түскен жануар
Ентікпеді демігіп.
Алып қашты екеуін
Ауыздығын кеміріп,
Бой бермеді тартса да.
Дауылдай борап шаңғытты,
Жүрегі сулап қорқады,
Жандарынан түңіліп.
Тау мен тастан қайтпады,
Екі көзі жұмылып,
Атылып тұлпар сайлардан
Қайтпай белі бүгіліп,
Төрт аяғын сермейді,
Сүрінбейді мүдіріп.
Күн-түн ылау жеккенмен
Кемімейді қадамы.
Тыңлағандай ер болса
Сөзімнің жоқ алаңы.
Енді айтайын хабарын
Үргеніш атты қаланы.

Енді айтайын Үргеніштей қаланы,
Түсінгендер сөзге құлақ салады.
Намаз жұма оқымаққа сол күні
Сол шаһардың жиналыпты адамы.

Намаз оқып шықты бәрі далаға,
Шын жүйріктен айтылмай сөз қала ма.
Бағанағы Раушан мен Ғаждамбек
Бұлар дағы келген екен шамаға.
Ат жақсысы жақын етті алысын,
Тәңірі оңғарса, енді табар танысын.
Намаз жұма оқып шыққан халайық
Есітіпті дүрсілдеген шабысын.

Бұл шабысқа қайран болды халайық,
Дүрсілдеген дабысы бар ажайып.
«Ел ме, жау ма, келе жатқан қандай жан,
Биік жерге шығып назар салайық».

Биік жерге шығып назар салады,
Шаң ішінде көрді жалғыз қараны.
Көп жасаған бір кәрия бар еді,
Сол арада осылай ақыл табады.

—Сөз айтамын, балаларым, құлақ ас,
Түсінбесе надан сөзді тыңламас.
Толыбайдың баласы еді Раушанбек,
Әкеткелі көп болып ед қызылбас.

Өзі сыншы, бір тұлпарды тапқан-ды,
Бар бәледен Тәңірім өзі сақтар-ды.
Дұшмандардан аман-есен құтылып,
Елін іздеп қашып келе жатқан-ды.

Бұл шабумен келатқанда желігіп,
Тартқанменен тоқтамайды шегініп.
Жеті жерге арқан керіп тұрыңдар,
Әр арқанға он адамнан бөлініп.

Бұл сөзімді шын екен деп біліңдер,
Жібек арқан бұғалықты салыңдар.
Жетеуінен тоқтата алмас болсаңдар,
Үстіндегі иесін алып қалыңдар.

Заманында Раушанбек те нар еді,
Сүйген ерге өзі Тәңірім жар еді.
«Тұлпар басы тоқтамайды» деген сөз
Толыбайдан есітуім бар еді.
Бар адамдар мақұл көрді бұл істі,
Қарияның бұл айтқаны дұрыс-ты.
Жетпіс адам жеті жерге он-оннан,
Жібек арқан керіп қатар тұрыпты.

Сонда тұлпар келген екен шамаға,
Жолдан шығып қайрылмады шамаға.
Жеті қабат арқанға кеп ұрады,
Жұрттың бәрі қарап тұрды далада.

Алтауынан қабат қарғып өтеді,
Тоқталмастан жетіншіге жетеді.
Алып қалды үстіндегі екеуін,
Шығып тұлпар бетіменен кетеді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз