Раушанбек (10-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Ғаждам, тыңла менім айтқан сөзімді,
Қор қылды ғой дұшман ойып көзімді.
Қара торының түрін тапсаң суытып,
Шаңың түгіл, таба алмайды ізіңді.
Ғаждамбек айтқан сөзді ұғып алды,
Егерлеп, жабу жауып мініп алды.
Жаратып күні-түні қырық күн жетіп,
Раушанды көрсеткелі тағы апарды.
Торыны көрді Раушан назар салып,
Ғам жерін сылап-сипап көңілі налып.
Алыпсың мұның терін қалдырмастан,
Оңғарсын талабыңды Жаппар Халық.
—Ғаждамбек, айтқан сөзге нан,—деп айтты,
Ақылсыз сөзге нанбас жан,—деп айтты.
Шағдаттың жеті қабат қорғаны бар,
Торыны сол дуалға сал,—деп айтты.
Ені бар әрқайсының жеті кезден,
Ұзыны он бір кездей, көрдім көзбен.
Салдырған Шағдат атын сынамаққа,
Қарғытар қандай адам жаннан безген.
Торыны салып сына сол дуалға,
Жаратқан жәрдем берсін нашар малға.
Қорғаннан, дуал түгіл, қарғып өтер,
Тұлпардың арызы жетсе Бір уа Барға.
Ғаждамбек айтқан сөзді ұғып алды,
Көңіліне махкам етіп бұл қиялды.
Жасырып түнде айдың жарығымен
Торыны алыстан кеп жолға салды.
Қорғанға тура салып қамшы басты,
Атылып сонда тұлпар аспанға ұшты.
Қорғаннан жеті қабат қарғып өтіп,
Қырық аршын ар жағына асып түсті.
Ғаждамбек көңілі тасып қайтып келді,
Торының қарғығанын айтып келді.
Тұлпардың маңлайынан сипап тұрып,
Раушанбек Ғаждамбекке сөз сөйледі.
—Ғаждам, тыңла менім айтқан сөзімді,
Қор қылды ғой дұшман ойып көзімді.
Менде көз жоқ, сізде көз бар, Ғаждамбек,
Кетермісің алып менім өзімді?
Дұшман сатып, алды менім пұлымды,
Көзімді ойып, солдырып тұр гүлімді.
Менде көз жоқ, сізде көз бар, Ғаждамбек,
Қалай дейсің менім айтқан сөзімді?
Ғаждам айтты:—Көңілің сенсе атыңа,
Мен алдына, сен мінерсің артыма.
Екеуімізді алып барса, арман жоқ,
Аман-есен түрікпен елдің халқына.
Алып сені түрікпен елге жөнейін,
Сені тастап жалғыз не күн көрейін.
Алла жазса тағдырдан кім құтылар,
Сізбен бірге мен ғам өлсем өлейін.
Кім көреді жүрегімнің парасын,
Қабыл етсін біздей ғаріп наласын.
Мінгесумен шығып кетіп дұшманнан,
Көрер күндер бар ма Үргеніш қаласын?!
Алдымызда асқар-асқар бел бар ма,
Бұл қалада достық қылар ер бар ма?!
Дұшмандардан аман-есен құтылып,
Ағайынды көретұғын күн бар ма?!
Өз елінен еріп келген Бабалы,
Дұшман салды көңілімізге сәнаны.
Кішкентайдан баламдай боп өсіп ең,
Қош-есен бол біз көргенше, Бабалы.
Анаңыздай болып еді Күләйім,
Бір перзентті бермеді оған Құдайым.
Жау жерінде жанашырым сен едің,
Көңіліңе сала көрме еш уайым.
Ақанайдың алдында жоқ інісі мен ағасы,
Дұшман салған көңілінде көп қапасы.
Қасы менен қабағына қарай жүр,
Қысылғанда Алла болсын панасы.
Бұл қаладан тұз-несібем үзілді,
Қан аралас көзден жасым тізілді.
Әрне етсе Жаратқанның өзінде,
Мал мен жанды, Бабалым, саған тапсырдым.
Мұнда тұрып жасытпайын күшімді,
Қайғы басып күйдіріп тұр ішімді.
Мен кеткен соң ойлап істе ісіңді,
Ақанай мен Күләйімді тапсырдым.