Раушанбек (4-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
«Ойлап тұрсам қайда қалды ағайын?
Дүние иттің жасымнан көрдім талайын.
Көп болғанда бір жылғы пайдам шығар да,
Қазынасынан жеткізер тағы Құдайым.
Елден шығып келіп едім жасымда,
Жалғыздықтың бар қайғысы басымда.
Тіллә беріп мұны сатып алайын,
Інімдей боп жүре берсін қасымда».
Осыны ойлап жетіп барды делдалға,
Жоғары айтып қызықпаңыз жалғанға.
Делдалменен ары-бері саудалап,
Сатып алды оны алты жүз тілләға.
Кешікпестен үйіне алып барады,
Әкелгенін әйелі де қалады.
Ғаждамбектің жалғыз қызы бар еді,
Жасы жетіп балиғатқа кеп еді.
Бір құлы бар, атын сұрсаң—Бабалы,
Жалғыз өзі көп жылқыны бағады.
Үргеніштен өзіменен бір келген,
Әр мінезі баласындай жағады.
Әйелінің аты еді—Күләйім,
Перзентсізден етуші еді уайым.
Раушанбекке қызын қосты некелеп,
Бір перзентті жеткізді деп Құдайым.
Екі жақсы бұйрық болып қосылды-ай,
Кетсе жақсы ақырын беріп тосылмай.
Шанбілден айдап келіп бұл жерге,
Құдіреті Жаратқанның осындай.
Ғаждамбекке жақын қонған жасынан,
Раушанбекті қалдырмайды қасынан.
Талаптары оңғарылып сол жылы,
Екі есе пайда көрді нарқынан.
Раушанбектің өз әкесі Толыбай,
Сыншылығы асқан еді халқынан.
Пайымы бір Раушанбектің кем емес,
Азап шеккен дұшмандардың зарпынан.
Тыңлағанға айтатұғын сөз келді,
Кешіктірмей айтар сөзім тез келді.
Базар жаққа бара жатып бір күні
Бір жылқының қу басына кез келді.
Қолына алды жатқан аттың қу басын,
Қу сүйектің сынап көрді тұлғасын.
Ол да жүрмей тоқтап тұрды Ғаждамбек,
Қасындағы Раушан жылап тұрғасын.
«Мен елімде жүруші едім алшақтап»,
Аға берді көзден жасы бұршақтап.
«Кім айтады сені тұлпар басы?!» деп,
Жатқан басты жылай берді құшақтап.
—Менім әкем аты шыққан Толыбай,
Түрікпен халқы еріп еді соңына-ай.
Мені соның баласы деп кім айтар?!
Пенде болдым қызылбастың қолында-ай.
Тірілікте сен секілді асыл жоқ,
Бұл уақытта бес тиындық бәсің жоқ.
Сен жатырсың топыраққа қуарып,
Кім айтады сені тұлпар басы деп?
Ғазиз басың жатыр топыраққа оранып,
Дұшман залым пенде қылды мені алып.
Басың қапты айдалада қуарып,
Кім айтады сені тұлпар басы деп?!
Сенің басың күнге күйіп қуарды,
Дұшман салды біздің басқа бұл зарды.
Бізден басқа көргендерге күмәнді,
Кім айтады сені тұлпар басы деп?!
Алла жазса тағдыр іске нешік-ті,
Менім күнім жылауменен кешіпті.
Раушанбектің жолда жылап тұрғанын
Халық егесі Шағдат хан мұны есітті.
Бұл дұшмандар қайран қалып бұл іске,
«Басыменен айдап кел мұнда» десіпті.
Басыменен айдап келді Раушанды,
Сұрамаққа көңілі кетті ахуалды.
«Мұның тұлпар екендігін сен қайдан
Білдіңіз?» деп Шағдат хан да сөзге алды.
Раушан айтты:—Мен еліңде болдым зар,
Пенде-дүрмін өзімде жоқ ықтияр.
Мұның тұлпар екендігін білгенім,
Байқағанға жеті жерде белгі бар.
Жеті жерде бар-дүр мұның белгісі,
Бір тұлпардың жетпіс жерде тынысы.
Сол жетпістің жетеуі бар басында,
Таңлайында жетеуінің бірісі.