Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Раушанбек (6-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

Жұлым үйде бір қоспақ тұр байланып,
Екі-үш мәрте көрді Раушан айналып.
«Бұл түйемді таныдың ба, нең бар?» деп,
Жұлым үйден шыққан кісі шамданып.

Жұлым үйдің адамы екен иесі,
Көк ала бас қоспақ екен түйесі.
Жүк артқанда алпыс пұттан көтерген,
Артығырақ бір мал екен киесі.

Раушан айтты:—Бекерге ашу қылма,—деп,
Сөз айтайын, құлақ салып тыңла,—деп.
Осы түйең керек болды Шағдатқа,
Берер едің сатсаң қанша пұлға?—деп.

—Сат дейсіңіз мұны неге теңгеріп,
Айтасыз ба соны маған жөн көріп?
Арқасымен осы жалғыз түйенің
Отыр едік үш-төрт үй жан күн көріп.

—Шын кәдірін білген болсаң сен мұның,
Сұрасаң да айып емес ер құнын.
Сатамын деп ауызыңнан шығаршы,
Әперейін Шағдат ханнан нақ пұлын.

—Керек болса бес жүз тіллә бересің,
Патшазада, біздің жайды білесің.
Сізге ойланып бес жүз тіллә сұрадым,
Басқалардың мың тілләсы құрысын.
Шағдат айтты Раушанбекке:—Не дерсің?
Бес жүз тіллә бұған санап берерсің.
Айтқаныңнан шықпай қалса бұл түйе,
Сонда менен түрлі азапты көресің.

Раушан айтты:—Бұл сөзіңде тұра бер,
Тура қылып бес жүз тіллә санап бер.
Айтқанымнан шықпай қалса бұл түйе,
Сонда маған білгеніңді қыла бер.

Осы сөзге тұрақтатты патшасын,
Бес жүз тіллә санап берді ақшасын.
Бауыздамай соямыз деп түйені,
Тамашаға жиды жұрттың баршасын.
Аяғын да байламаймыз түйенің,
Шын зат болса шығармайды дыбысын.

Есі бүтін ерлер білер есепті,
Таза кісі бұзбайды әр кез несепті.
Мұның жампоз екендігін Шағдатқа
Тар қолтықтан бұрау салып көрсетті.

Раушанбек те арыстандай жүректі,
Бір Құдайдан көп сұрап жүр тілекті.
Шөгерді де бауыздамай түйені,
Арқасынан екі адамға іретті.

Үш-төрт адам сойып алды терісін,
Мен айтайын, тыңла сөздің келісін.
Жалаңаштап терісін алып болғанда
Жаны шықты, шығармады дыбысын.

Жұрттың бәрі мұны көріп таң қалды,
Анық сыншы екендігін аңғарды.
Түйеге де айтқаны рас келді деп,
Шағдат айтты «әкеп бер,—деп,—бір нанды».

Сыншылыққа мынауыңыз ұқсайды,
Менім көңілім осындайды қостайды.
Қандайында сиыр малдың тынжы бар,
Соны маған тауып бер деп қыстайды.

Амалы жоқ аралайды сиырын,
Талай жердің басты таппай қиырын.
Үш күн ұдай қарап жүріп таба алмай,
Жаңа білді сыншылықтың қиынын.

Сыншылыққа қайдан жүріп жетілді,
Қайғы басып таудай көңілі кетілді.
Әкесінің айтқаны түсіп есіне,
Басын шайқап көп қамыққан секілді.

Төмен қарап отыр еді өкініп,
Қашатұғын жері де жоқ бекініп.
Өзі қасқа, түсі тарғыл, ақ құйрық,
Тайпақ бастау келді бір бұқа өкіріп.

Келгенімен өз жайына тұрмады,
Кезіккеннен аяқпен жер тырнады.
Бұрып мойынын, қарап көзін алартып,
Дем алмастан алпыс екі шыңырады.

Бесті бұқа екен, жалпақ сауыры,
Кім толықпас келсе басқа дәуірі.
Тұрғандарға «мынаны ұстап сой» деді,
Тап осының тынжы екен деп бауыры.

Ұстап алып бауыздатып сойыпты,
Көріңдер деп қырық нөкер қойыпты.
Ішін жарып ашып көрсе бауырын,
Айтқанындай анық тынжы болыпты.

Тағы оқыңыз