Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Раушанбек (8-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

Шешең менен өзің қалдың соңында,
Шешең өлді көп кешікпей тағы да.
Әке-шешең екеуі де өлген соң,
Балам, менім қалып өстің қолымда.

Ата-анаңнан жетім қалдың жасырақ,
Қолыма алып бала еттім асырап.
Үш жасыңнан бауырыма салған соң,
Өз баламнан көрдім сені жақсырақ.

Жігіт болдың бір күндері нұрланып,
Патшам өлді ажал торға шырмалып.
Патшамыздың орнындағы бала деп,
Тағын берді көп халайық қолға алып.

Сонан бері сен патшасың осы елге,
Өлмейтұғын себеп болар кеселге.
Бұл баланың айтқаны рас, шырағым,
Мұның сөзін жалған деме бекерге.

Мен қолыңда ана болдым неше жыл,
Раушан бұл білесің шарбақтағы қызыл гүл.
Мен шынымды айтып бердім жасырмай,
Ендігісін, Шағдат балам, өзің біл.
Шағдат хан бұл арада қалды қайран,
«Тудың,—деп шеше айтты,—сен наубайдан».
Раушанға Шағдат айтты ашуланып:
—Наубайдан туғанымды білдің қайдан?

—Қу басты,—Раушан айтты,—бердім сынап,
Басыңды «нан бер» дедің шайқаңқырап.
Тақ мініп, халық билеген патша болсаң,
Емес пе нан бер деуің ұятырақ?!

Түйенің жампозын да сынап бердім,
Оным да қате болмай көзбен көрдің.
Онда бір шапан кигіз дей алмадың,
Дұрыс па нан бер деуі сіздей ердің?!

Үшінші таптым тынжы сиыр малдан,
Аралап қарап жүріп мыңнан-саннан.
Онда бір ат мінгізсең көп бола ма,
Бергіздің бір күлше нан тағы маған.

Мұнан соң асылыңды шамаладым,
Ауызыңа наннан басқа нәрсе алмадың.
Нанның бір зары өткен жері бар-ау,
Осының нәсілінде деп ойладым.

Шағдат хан, осы менім білген жерім,
Өзімнің қайда қалды туған елім?
Торға түскен тұйғындай пенде болдым,
Өзіңде ықтиярың, Шағдат, сенің.

Шағдат хан сонда жаллад жидырыпты,
Өзінің зұлымдығын білдіріпті.
«Соларды көрген көзің осы ғой» деп,
Раушанның екі көзін ойдырыпты.

Айрылды екі көзден Раушанбек,
О баста ауызын бағып жүрмеді тек.
«Жолығар басқа бәле тілден» деген,
Жолықты бәлеге ақыр сол айтқан кеп.
Тұрыпты бірқатар жұрт зар жыласып,
«Залымдық қылды Шағдат» деп шуласып.
Ғаждамбек Раушанбекті жаны ашып,
Жетелеп алып шықты жіп ұстасып.

Екеуі жіп ұстасып үйге келді,
Бұлардың ахуалын Күләй көрді.
«Сорлылар, қандай бәле кез болды» деп,
Ақанай екеуінен сұрай берді.

Ғаждамбек айтып берді бастан-аяқ,
Көргенін қалдырмастан тастамай-ақ.
Есітіп сонда Ақанай зар жылады,
Деген бар «саяқ жүрсең жерсің таяқ».

Зар жылады Ақанай:
—Не күйге салдың, Хақ пана-ай?
Екі көзін ойыпты
Рақымсыз дұшман, бетпақ-ай.
Дұшманға қор қып қойғанша
Неге алмайсың, Жаппар-ай?!

Екі бірдей қамқорым
Елін іздеп бармаса,
Бір ер шығып біздерден
Дұшманнан кегін алмаса,
Ішінде кетер арманы-ай.
Сыр білдірмей жүре берсең болмай ма,
Елің қайда, ат сынайсың, бейшара-ай.

Әр нәрсенің білуші едің жобасын,
Шағдат ханның білген жоқ па ең шамасын?
Жүре бермей мүсәпірлік халіңмен,
Неге керек сынап Шағдат түйесін?!

Бірге жүрген қайда қалды үйірің,
Қыздыратын ағайын жоқ бүйірің.
Тынжыны алып қай ауруды емдеуші ең,
Не табар ең сынағанда сиырын?!
Мұнан кемдік ойлап тұрсам өтпеген,
Алла ісіне көп деген ғой жетпеген.
Сыналмаса сиырдың құрысын тұқымы,
Сәлау-мәлік неге қырып кетпеген?!

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз