Раушанбек (3-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Халқыңнан көрген түске аласың бас,
Тып-тыныш қол астыңа қыласың қас.
Патшаның көрген түсін білді мамаң,
Баянын біле тұрып айтпай болмас.
Құлақ салып сөзімді есіт, бектерім,
Бір ер келіп алар сенен кектерін.
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын,
Құп тыңлағыл анаң айтқан гәптерін.
Самал тұрып ұшырыпты бақытыңды,
Түсіріпті астыңдағы тақытыңды.
Бір ер келіп алар несіп тақытыңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Ұшырыпты көлден үйрек-қазыңды,
Қыс қылады сенің көрген жазыңды.
Еш көтермес сенің айтқан назыңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Тыңламайды сенің еткен налаңды,
Шулатады қатын менен балаңды.
Быт-шыт қылып бұзар бір ер қалаңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Тыңламайды сенің айтқан сөзіңді,
Ол ер келсе, бере алмайды төзімді.
Шауып-шаншып алып кетед қызыңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Осылай деп жорып берді анаңыз,
Қандай болар ақырын байқап қараңыз.
—Я есітіп, я көргенің бар ма еді,
Ел көрместі қайдан білдің, анамыз?
Кемпір айтты:—Ашуыңды шақырма,
Үлкендерден көп есіттім нақыл да.
Сайыпқыран бір ер пайда болмақшы,
Шамаласам, шығады екен жақында.
Шыға-дүрміш асылы түрікпен елінен,
Асыл заты мұсылманның бегінен.
Өзім білем әкесін оның байқадым,
Пайда болар Раушанбектің белінен.
Емес пайда Раушанбектің келгені,
Келгеннен соң жарар еді өлгені.
Құлақ салып сөзім тыңла, Шағдат хан,
Осылайша бұл мамаңның білгені.
Айтып болды мыстан сөзін тамамы,
Шағдат ханның тарылып қалды заманы.
«Кешіктірмей дарға тарт,—деп,—Раушанды»,
Падишаңыз жалладтарға қарады.
Бұл сөзімнің бар демеңіз реуі,
Сіз едіңіз еліміздің тіреуі.
Жалладтар кеп мойнына арқан тартқанда,
Бас уәзірдің арыз айтты біреуі:
—Бір қасықтай кешсең, тақсыр, қанымыз,
Қаһарлансаң тәнде қалмас жанымыз.
Жұртың тегіс, өзің аман тұрғанда,
Бір жаманға келмей қалмас әліміз.
Өлтіргенің бір жаманды ар болар,
Құлшылықпен өткен өмір тар болар.
Әйел алмай бала қайдан туады,
Құл қып сатсаң, басыменен зар болар.
Тағдыр бітпей тәбділ болмас ажалға,
Шайтан кірмей пенде жолдан азар ма?!
Үшбу ақыл падишаға қол келіп,
Сатайын деп алып шықты базарға.
Раушанбекті базарға әкеп салады,
Құл деген соң жұрттың бәрі қарады.
Мың да бес жүз тіллә дейді бағасын,
Ешкім алмай, базар тарқап барады.
Берсе Тәңірім қиын емес кісіге,
Қараңыздар себеп болған ісіне.
Жалғыз үйлі түрікпен жігіт бар еді,
Көптен бері бұл шаһардың ішінде.
Бұл келгелі көп жыл өткен елінен,
Байлығының саны асқан шенінен.
Өз жұртына елін іздеп кете алмай,
Мағрұр болып дүниесінің көбінен.
Жылқысының есебінің саны жоқ,
Ақша менен байлық-дүние тағы көп.
Ешбір дұшман жүрмейді екен маңынан,
Өле кетсе қызылбастың малы деп.
Раушанбекті базар салды тағы да,
Ғаждамбекті душар етті бағына.
Назар салып қарап тұрса Ғаждамбек,
Түрікпендердің ұқсайды екен затына.
Бірте-бірте жақын барды қасына,
Қайғы-қасірет түскен Раушан басына.
Өз нәсілін таныған бұл Ғаждамбек,
Рақымы келді көзден аққан жасына.