Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Раушанбек (7-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

Шағдат көрді анық тынжы екенін,
Шаһарқұла дейді оның мекенін.
Өгізге де айтқаны рас келді деп,
Шағдат айтты:—Тағы бір нан әкелің.
Алып келді:—Сен же мынау нанды,—деп,
Атаңа рахмет, білігіңе, пәлі,—деп.
Тағы да айтты Раушанбекке Шағдат хан:
—Адамзаттың сырттаны деген кәні?—деп.

Раушан айтты:—Үш айтқаным келді деп,
Үшеуін де өз көзіңіз көрді,—деп.
Қайта-қайта айтпайын деп өтінді,—
Тақсыр, мені қинамаңыз енді,—деп.

Жалынған соң дейді Шағдат:—Қояйын,
Өнеріңді қол астыма жаяйын.
Енді менім өз басымды сынап бер,
Мен сонан соң саған риза болайын.

—Не айтайын, көңілімде айтар кеңес көп,
Жөніменен айта алмасам емес құп.
Мүсәпірмін ел-жұртымнан айрылған,
Тақсыр, сізді сынамаққа әддім жоқ.

—Ақылың болса еремісің шайтанға,
Атың қалсын кейінгіге айтарға.
«Хан жарлығы қалт болмайды» деген бар,
Менім айтқан бұл сөзімді қайтарма.

Раушан айтты:—Көңілің, тақсыр, шат,—дейді,
Бір сөз айтсам көңіліңе түсер дерт,—дейді.
Қайта-қайта айтпаймын деп өтінді,
—Қаның кештім,—Шағдат қоймай,—айт,—дейді.

—Қоймадыңыз, айт десеңіз айтамын,
Сіздей ханның қаһарынан қорқамын.
Не айтсам да ашуланбай көтерің,
Тақсыр, сізді әлдеқашан байқадым.

Шағдат айтты:—Мәнісіне түстім,—деп,
Шешілмейтін түйіндерді шештің,—деп.
Қайта-қайта қолын беріп ант ішті,—
Не айтсаң да қаныңызды кештім,—деп.
—Айт деп рұқсат бердіңіз бе, Шағдат хан,
Сенің әкең келген екен Бағдаттан.
Айтпайын-ақ десем дағы қоймайсың,
Өз әкеңіз наубай екен нан жапқан.

Алты атаңыз дегдар болып өтіпті,
Өз басыңа жетіншіде жетіпті.
Дәрежесі алтауының артық боп,
Бақыттары өздерімен кетіпті.

Айтатұғын сөзім келді өзіңе,
Қисық болса саларсыңыз тезіңе.
Нәсілсіздік, бұзықтығың, Шағдат хан,
Шисіз үйдей көрініп тұр көзіме.

Дәм бұйырып, тұзын таттым осы елден,
Бізге Тәңірім жазған шығар әзелден.
Дәл сен өзің ұғылы емессің патшаның,
Нанбасаңыз сұрап көрші шешеңнен.

Жұрттың бәрі мұның сөзін ұнатты,
Таудай көңілін Шағдат ханның құлатты.
«Мені кімнен туып едің, анам?» деп,
Шешесінен көп алдында сұрапты.

Шағдат хан тұр Раушанбекке қаһар қып,
Кемпір отыр сөйлей алмай дағдарып.
Пенде болған Раушанбекті көрген соң,
Қартаң кемпір сөйлеп жатыр аңғарып.

—Бұл баланың айтқаны рас, шырағым,
Қу дүниенің тапқаным жоқ тұрағын.
Мен патшаға жұпты болып келген соң,
Перзент тумай көзден ақты бұлағым.

Көзден жасым араласты қан болып,
Кетіп кейде дүние жүзі тар болып.
Ішкен ірің, жеген желім секілді,
Кеші-күндіз бір перзентке зар болып.
Жылап жүрдім көзден жасым тия алмай,
Ақырымның не боларын біле алмай.
Перзент үшін екінші әйел алуға
Патшам жүрді менім көңілім қия алмай.

Айтатұғын сөзім келді тағыда-ай,
Өтірік айтпан өлерімнің шағында-ай.
Бір нан жапқыш наубайымыз бар еді
Патшамыздың таққа мінген уағында-ай.

Нанын жауып наубай жүрді, пұл тауып,
Бағдаттан көшіп келген жер ауып.
Көп ауырып бір күн өлді бейшара,
Бәріміз де жатамыз ғой жер қауып.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз