Раушанбек (12-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Мирахорлар, қайдасың,
Сұр менен шағырды алып кел,
Қумаққа соның қамына,
Басқа жылқы ере алмас,
Ерлерім, оның шаңына.
Екі батыр сайланып,
Қару-жарақ байланып
Екеуің мініп қуыңдар.
Қайрат келіп [егерде]
Орта жолда жетсеңдер,
Басын кесіп алып кел
Шағдат сынды ханыңа.
Алып келді мирахор,
Сұр менен ертіп шағырды.
Амалы нешік, қайтармас
Шағдаттың еткен әмірін.
Екеуі де ер еді
«Заманымда ешкімге
Бермеймін,—деген,—арымды».
Аңғарып тұр, жақсылар,
Тәубесі кімнің қабыл-ды.
Сұр менен шағыр жануар
Қара терге малынды.
Жетемін деп залымдар
Атқа берді зәбірді.
Үш күн, үш түн өткенше
Еш көрмеді дамылды.
Төртінші күнге жеткенде,
Бір белестен асқанда,
Көріп қалды дұшмандар
Бұлдыраған сағымды.
Көрген соң қатты қуанып,
Жүректері қабылды.
Қамшы басып қос батыр,
Зор беріп қуып келеді.
Қолға түссе аямайд,
Күштеріне сенеді.
Раушан менен Ғаждамбек,
Тұлпарды артық қинамай,
Арт жағына қарайлап,
Жайменен шоқып келеді.
Шындап басын жіберсе,
Көрінбей кетед дерегі.
Халыққа мәлім Раушанбек
Келе жатқан дұшманның
Дүбірінен біледі.
Раушан айтты Ғаждамға:
—Артыңа қарап бақ,—деді.
Біздей ғаріп нашарға
Бір Алла болсын жақ,—деді.
Артымызда бір дүбір
Келе жатыр жақындап.
Назарың салып байқашы,
Пормасы қандай ат?—деді.
Қашып кетті деген соң,
Бізді қуып келеатқан
Қызылбас шығар тап,—деді.
Ғаждамбек айтты Раушанға:
—Құлағың бір сал деді,
Айтқаным рас, нан,—деді.
Артымдағы дүбірді
Назарым салып байқасам,
Реңкі қара, ала аяқ,
Көзі шағыр мал,—деді.
Раушанбек айтты Ғаждамға:
—Хайласы мұның бар,—деді.
Шағыр ат болса бұл келген,
Торының басын қайтарып,
Астына күннің сал,—деді.
Ғаждам тілін алыпты,
Дұшманды көзі шалыпты,
Торының басын қайтарып,
Астына күннің салыпты.
Астына күннің жөнелді,
Ғаждамбек, Раушан шұбалып.
Шағырды басқа төпелеп,
Әр бұтаға ұрынып,
Омақасып сүрініп,
Қызылбас қалды қуарып.
Дариядай тасып келісті,
Демінен түсті су алып.
Онан-мұнан бас қосып,
Әлеумет отыр құралып.
Жалған деме, бұл анық,
Біраз жерге барған соң,
Басын бұрып тұлпардың,
Жолына түсті оралып.
Ғаждамбек атқа «шүу!» деді,
Раушан айтты Ғаждамға:
—Желе шоқып жүре бер,
Жібермей басын тым,—деді.
Қамшыны ұрма сіз,—депті,
Қамшы батса жанына,
Алып қашад бұл,—дейді.
Шабуылмен кеш болып,
Қас қарайып күн батты.
Шоқытумен келатыр,
Жібермей басын тым қатты.
Бір уақыттар өткенде
Көтеріліп ай туды.
Раушанбек сыншы айтулы,
Халыққа мәлім зерегі,
Бір дүбірді сезеді.
Ғаждамға айтып білдіріп,
Ақылдасып келеді.
—Артымызда бір дұшман,
Келе жатыр жақындап.
Азу тісі сақылдап,
Назарың салып тез қара,
Тұлпардың қандай реңі?
Ғаждамбек айтты Раушанға:
—Сөзіме құлақ сал,—депті,
Айтқаным рас, нан,—депті.
Артымдағы дұшманды
Назарым салып байқасам,
Астындағы сұр,—депті.
Раушанбек айтты Ғаждамға:
—Бұл неткен ақымақ жан,—дейді,
Бұған да хайла бар,—дейді.
Торының басын қайтарып,
Астына айдың сал,—дейді.