Раушанбек (2-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Пенде қып Раушанбекті алып кетті,
Көңіліне қайғы-қасірет салып кетті.
Жол жүріп қызылбастар шабуылдап,
Он күнде шаһарына алып кепті.
Раушанды алып келді Шағдатханға,
Дұшмандар мұны көріп қалды таңға.
Мейрамға шашу шашып, дүние беріп,
Сыйлық пен әнғам берді барша жанға.
Жалладқа Раушанбекті тапсырыпты,
Бейхабар болмағайсың мұнан депті.
Сол түні Шағдат ұйықтап сарайында
Бірталай таңғажайып түс көріпті.
Түсінде тұман басты жердің жүзін,
Дауылдан аша алмайды екі көзін.
Ұшырды басындағы киген тәжін,
Түсірді тақ үстінен ханның өзін.
Тақытынан аударылып жерге түсті,
Көрсеткен құдіретімен Тәңірім күшті.
Жар салып Шағдат қорқып халқын жиды,
Көрген соң ұйықтап жатып жаман түсті.
Ханыңыз қайғыланып көрген түстен,
Сандалып қалтыраумен есі кеткен.
Мирахор жалладтарға хабар айтып,
Сәргарда баршасына хабар жеткен.
Келіпті сәргардалар хабарменен,
Патшамыз қандай ақыл табар деген.
Қалмады қол астында жалғыз адам,
Шағдат хан шақырған соң қаһарменен.
Халық келді көріп патша үкіматын,
Білмейді не айтад деп ақиқатын.
Келген соң халық жиналып сарайына,
Айтады түсте көрген хикаятын.
—Кәрі мен тегіс жидым жастарыңды,
Айтамын көпке баян дастанымды.
Мен бүгін таңғажайып түс көріппін,
Білмесең тегіс алам бастарыңды.
Мазмұны мұндай болды көрген түсім,
Ұшырды басымдағы бақыт құсым.
«Баяндап бұл түсімді жорыңдар» деп,
Бәріне қол астының етті қысым.
—Мен айтайын түнде көрген түсімді,
Мені бүгін алтын тақтан түсірді.
Үкәмалар, жорып берші бұл қалай?
Алтын тәжім басымдағы ұшырды.
Мен отырдым өңім-түсім біле алмай,
Құлап жаттым ешбір хайла қыла алмай.
Бір мені емес, тау мен тасты көшірді,
Үкәмалар, баян әйла, бұл қалай?
Көп қамалды орнынан жұрт тұра алмай,
Падишаның көрген түсін біле алмай.
Қайран болып ақылынан адасты,
Ешқайсысы түс жоруын біле алмай.
Қалдырмаған шаһардағы адамды,
Тегіс жиған жақсы менен жаманды.
Қаласында жалғыз мыстан бар екен
Өнерімен қанықтырған ғаламды.
Әкімдана сол мыстанның аты еді,
Қысылған соң соған берді хабарды.
Қолдан келсе, істейтіні жамандық,
Көріп жүрген халық сонан азарды.
Жасынан мыстан еді Тәңірім атқан,
Патшаға шақырған соң келе жатқан.
Екі көз тостағандай маңлайында,
Қарасаң мұрыны орақтай, жағы қатқан.
Үстіне бір құлағын жамылғы қып,
Астына бір құлағын төсеп жатқан.
Қайқайған ерні түрік, беті тесік,
Шүңірек көз, тісі сойдақ үңгір есік.
Қара жүз, көзі шегір, түсі суық,
Айтқанмен қанша мұнда болмайды есіп.
Жасы бар үш жүз жетпіс кеткен асып,
Өзінде тазалық жоқ малғұн басып.
«Бұл түсті мен табамын, қорықпаңдар» деп,
Алдына Шағдат ханның келді басып.
Шағдат хан «сөйлеңіз» деп әмір қылды,
Мыстанды келіп тұрған көзі көрді.
—Бір қасық қаным кешсең, айтар едім,
Патшалық қаһарыңнан қорқам,—депті.
Шағдат хан «Сөйле,—дейді,—қаның кештім»,
Мыстаннан таба алмай тұр басқа ешкім.
Ал сонда мыстан былай сөз сөйлейді:
—Айрылған, Шағдат хан, сен ақыл-есің.