Раушанбек (1-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Бастайын Раушанбектің хикаятын,
Баласы Толыбайдың асылзатын.
Тарихын бастан өткен айтып берсем,
Болады қалай теріс насихатым?
«Зер қадірін зергер білер» деген мысал,
Айырмас танымаған сөздің парқын.
Бар екен Шаһарқұла деген қала,
Билеген Шағдат патша бүкіл халқын.
Жайылған әр дуанға мағлұматы,
Қайтпаған адамзаттан ешбір пәті.
Шағында өз жұртына артық бопты,
Халқына жүргеннен соң үкіматы.
Алпыс мың сексен алты сәргарда бар,
Зорлықшыл, өзі күншіл, пейілі тар.
Бір күні барлық халқын жиып алып,
Сұрапты:—Менен артық елде кім бар?
Жиналып қол астының келді бәрі,
Отырды патша алдында жас пен кәрі.
Бір палуан қол қусырып жауап берді,
Аттары Мейрамбасы деген ер-ді.
Белгілі палуан еді жаһан кезген,
Мұртына әсемдікке маржан тізген.
Майданда атқа мініп қарсы тұрса,
Көргендер тұлғасынан жаннан безген.
Бұл айтыпты:—Шағдат хан, сөзім тыңла,
Тыңласаң таңғажайып бар-дүр мұнда.
Есіттім мұсылманда бір патшаны,
Жауабым жалған емес, хилап қылма.
Патша екен дәрежелі, асқан сәні,
Көтерген тәрбиелеп мұсылманы.
Бір күні дұшман болып қарсы шығар,
Қанеки, күн бұрыннан алсақ оны.
Көрген жоқ әскерлерің көптен ұрыс,
Бұл сөзім қалай, тақсыр, болар бұрыс.
Ей, шаһым, көңіліңізге қалай келер,
Дұшманға әскер алып ашсам ұрыс?!
Кеңесін мұның Шағдат ақыл көрді,
Ар-намыс, өз көңіліне мақұл келді.
«Әскерім бірі қалмай аттансын» деп,
Қайрат пен ашу қыстап шақырды елді.
Қарумен көп әскерін аттандырып,
Шағдат хан айтты мынау нақылды енді.
«Пенде ғып қолын байлап алып кел» деп,
Ақырып, қаһарланып алып демді:
—Астымда бар алтын тақытым,
Назбедеуге жабу жаптым.
Тез барыңдар, батырларым,
Ашылмай ма менім бақытым.
Арылдатып тұман басып,
Жау шабыңдар араласып.
Қонған жерге қарауыл қой,
Қалмаңдар ұйықтап қара басып.
Жаудан қорқып қашып келің,
Өлтіремін дарға асып.
Сен қашпасаң жау қашады,
Қаптай шауып ұмтылсаңдар,
Түрікпендер қалар сасып.
Шағдат хан көп әскерге айтты солай,
Мейрамға айтқан сөзі келді қолай.
Тарттырып сырнай-керней, дабыл қағып,
Ту ұстап Мейрам батыр жүрді бұлай.
Ақылхан түрікпен елдің ханы еді-ай,
Салдырған салтанатқа неше сарай.
Қызықтың неше түрлі бәрі сонда,
Көрген жан кете алмаушы ед қарай-қарай.
Тағдырдың әрне болса қалауында,
Толыбай сыншы бар ма хабарыңда?
Ат сейіс сыншы болып өткен екен
Әлгі айтқан Ақылханның заманында.
Үргеніш мекен еткен жерлері екен,
Бақ-дәулет жасынан-ақ берген екен.
Бар екен Раушан атты жалғыз ұлы,
Толыбай қаза жетіп өлген екен.
Тартпаған әсте Раушан қапалықты,
Жасынан үлкендерден бата алыпты.
Ажарлы, ақылы толық болғаннан соң,
Раушанбек сол себептен атаныпты.
Раушанға жасынан-ақ бақыт берді,
Қаратты ауызына тамам елді.
Халық билеп, сауық құрып жатқанында
Шағдаттың көп әскері жетіп келді.
Қаласын Ақылханның алды шауып,
Күн бұрын білмей қалды хабар тауып.
Патша деп Раушанбекті байлап алды,
Ханынан Ақылхандай етпей қауіп.