Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (12-бөлім)

Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Күндік жерден әрмен ақырған,
Айбатына қарасаң,
Дүнияның жүзі қапылған.
Қырық қашыр екен көлігі,
Дәулер екен серігі.
Ашуланып балаларға
Батырдың келді желігі.
Келе бере сөйледі:
—Танимысың бабаңды,
Тарттырармын жазаңды?!
Соны іздеп келіп жүрмісің,
Біздегі жатқан ағаңды?
Ноғайлы, Қалмақ болдым қас,
Менің кеудем—темір, басым—тас.
Барасың қайда, екі жас?!
Жерге түседі ғой домалап
Сендердің анау келдең бас.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен қалмақтан шыққан ер едім.
Ноғайлының батырын
Қырып жүрген де мен едім.
Кеудем—темір, басым—тас,
Мен не қылған күнде тең едім?!
Сендер ат-жөндеріңді айтып білдірші,
Бүгін қайдан шыға қалған неме едің?!

Сонда балалар сөйлейді:

—Ол айтқаның ып-рас,
Сенің кеудең—темір, басың—тас.
Тәңірім берсе тілекті,
Өзіңнің жерге түсер келдең бас.
Сөйлейін сөзді, жараса,
Қылармын саған тамаша.
Менің атымды сұрасаң,
Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Атса, мылтық өтпеген,
Салса, найза теспеген,
Қылышпен шапса, кеспеген,
Әзір болған жарандар
Түк қасынан кетпеген.
Мен аты-жөнімді айтайын:
Қази менен Қарасай,
Мен—сол ер Орақтың баласы!
Көп айтып, алма мазамды,
Жеткізермін қазаңды,
Тартқызармын сазаңды.
Келбетіңе қарасам,
Жасың үлкенге ұқсайды.
Кезегіңді берейін,
Қалдырмай етші маған жазаңды!
Мына сөзді естіп,
Сонда қалмақ бұрқанды.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанды.
Садағын қолға алады,
Толқып тұрған баланы
Толғай тартып қалады.
Қалмақтың атқан қол оғы
Темірге тиген кемедей
Қайтарып қайтып қалады.
Сонда Қарасай тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде, не дейді?
«Мен де саржамды тартып көрейін,
Тәңірім берсе тілекті,
Қозы жауырын қол оқпен
Сыбағаңды берейін!».

Садағын қолға алады,
Толықсып тұрған қалмақты
Толғай тартып қалады.
Баланың атқан қол оғы
Аспаннан түскен жасылдай
Саулап өтіп барады,
Сол жерде қалмағың құлап қалады.
Енді келіп қос батыр
Ойранды жауға салады.
Сөйтіп жүріп сөйлейді:
«Әділ сұлтан хан үшін
Қылайын құрбан жанымды.
Әділімнің жолына
Садақа еттім бүкіл малымды.
Алла берсе тілекті,
Бүгін басқа қоныңыз»,
Деп айқайлап дауыстар
Аспанға соза береді.
Сол уақыттар болғанда,
Көк те Аллалап келеді,
Шөп те Аллалап келеді,
Тас та Аллалап келеді,
Тау да аллалап келеді,
Аспандағы ұшқан құс—
Бұ да Аллалап келеді.
Бір бәленің келгенін,
Бір сойқанның болғанын
Сонда қалмақ біледі.
Алтыншы күн қырады,
Қызыл қанға бояды
Көлденең сай мен жыраны.
Жетінші күн болғанда,
Батырлар сыртқа шығып қараса,
Әлі үштің бірі болмапты.
Батырлар Хаққа жылады,
Сөйтіп жүріп және сөйлейді:
«Астымда мінген тұлпарым,
Аузыңа мың кісі,
Сыпыра жалың—мың кісі,
Әр құйрығыңның талына да.
Біз—өзіміз қос жетім,
Қалмақ деген—көп кісі.
Көп кісіге жолықтырған
Мінеки, Алла-Тәңірісі!»
Деп айқайлаған дауыстар
Аспанға соза береді.
Сол уақыттар болғанда,
Алладан болған пәрменмен,
Көк шекпенді, көк атты,
«Менің атым—Орақ!»—деп,
Саулап кірді қалмаққа,
Аламаны қойдай дуылдап.
Көп әскері артынан
Маңыраған қойдай шуылдап.
Аламандар кетті соңынан,
Аш бөрідей зуылдап,
Тартты жаудың қоңынан.
Сол мезгілдер болғанда,
Айналдырған екеуі
Шаһарды кетті аралап,
Аш бөрідей жаралап.
Қалмақ шіркін сап болды,
Байқап тұрса шамалап.
Көк семсердің астында
Талай қалмақ құлады,
Талай қалмақ жылады,
Талай қалмақ сұлады.
Қалмақ шіркін сап болды,
Батырлардың көңлі тынады.
Сол мезгілдер болғанда,
Қылыш астында бір әйел
Баса жаздап қалып жүр.
Басы мен кеудесін
Ат астына салып жүр.
Батырлар байқап қараса,
Асылы нашар бір әйел
Тізгіндеріне оралып,
Шаужайдан келіп алып жүр.
Сөйтіп жүріп сөйлейді:
«Ноғайлық еді жақыным,
Азап берді мына кәпірің.
Мен де—бір Ноғайлы баласы,
Мен—бір жүрген пақырың.
Қарақтарым, мені алып кет,
Иә, өз қолдарыңнан өлтіріп,
Дарияға салып кет.
Ноғайлыдан мен де бір
Қалмаққа түскен жан едім.
Ноғайлыны көрмекке
Көптен бері зар едім,
Әділің аман, сүйінші!
Жеті қабат темір үй,
Темір үйдің төрінде
Әділің аман бар еді.
Қысас болған қалмақтың
Білдірмей берген дәрісі.
Сол дәрінің уыты,
Әлі келсе, азғантай,
Қарақтарым, менде бар еді.
Бұдан артық не дейін,
Әділіңді тауып берейін?!
Мұсылманға жаяу ертсең,
Ат бергендей көрейін.
Өлсем, шейіт болармын,
Мұсылманның жолына
Талап мен де етіп көрейін».

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз