Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (13-бөлім)

Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Арпалыс соғыс үстінде мұсылман әйелдің сөзін естіп, «Әділге көмегі тиетін дәрі»,—деген соң, Қарасай қолын соза береді, қолына бірдеңе ілінеді. Соғыс бітіп, Қарасай қаланы аралап, қауіпті жерлерді қарап жүрсе, айтқандай, жеті қабат темір үйді көреді. Ішіне кіріп келсе, темір үйдің төрінде, аяққолында кісен, жатқан Әділді көреді. Қарасай кісенді үзіп, екеуі көріскенде, екеуінің де көңілдері босап, көздерінен жас шығып кетеді. Сонда Әділ Қарасайға мынадай өкпе-назын айтады:

—Қияметтік досым—Қарасай,
Мұнша жаттың, не қылып?!
Өлер болдым сені сағынып.
Әділ сұлтан—досыңды
Іздемей жаттың, не қылып?!
Көптен бері келмедің,
Келіп, сәлем бермедің,
Тауға басқан көкірегім
Қайғы басты да, шерледің.
Мен қиында жатқанда
Бас тартатын ер ме едің?!
Мал ішінен жоғалған
Бір жандықтай көрмедің.
Ілия мен қарт ана
Жылатқаның жөн бе еді?!
Қарасай, қайтіп жасармын,
Елге қайтіп асармын?!
Қол-аяқта дәрмен жоқ,
Не қылып, аяқ басармын?!—

деп жатқанда, Қази кіріп келеді. Екеуінің көзіндегі жасты көріп: «Бұларың не, жаудың көңлін өсіріп? Ер емес, қатын екенсіңдер ғой! Сонда сендердің бастарыңды өзім-ақ алайын»,— деп қылышқа қол қояды. Екі батыр қорықпағанмен, сескеніп: «Еті қызып жүрген батыр неме бір жерімізді жазым қылар!»— деп, көздерінің жасын сүрте бастаған екен. Әділді сол қаланың бір тәуір үйіне кіргізіп, тамақтың тәуірін, табылған дәрілерін беріп, баяғы қалпына келтіреді. Өздері қолдарынан халыққа жағымды деген адамдарын хан сайлап, елге қайтуға дайындала бастайды. Сонда Қарасай: «Адамнан Қосайға және Құдайға берген уәдем бар еді, соны осы жерден орындаймын»,—деп, Қосайға беретін тоғыз құл, тоғыз күңін, тоғыз қара сусар тонын бөлек алады. Сөйтіп, Қарасай мен Қази көңілдері тасып, елге қайтып келе жатады. Елге жақындаған соң Қарасай сүйінші сұрауға Қазиды оздырып жібереді. Олардан ұзағасын Қазиға ой келеді: «Осы біздің анамыз бізге әрнемені айта береді, сол біліп айта ма екен немесе аналығын бұлдап айта ма екен, сынап көрейін»,—деп атын тоғайға тастап келіп, жабықтан сығаласа, үйде тек Қибат пен анасы бар екен. Қази кіріп келіп сөйлегені:

Ассалаумағалейкүм,
Қибат пен қарт ана,
Ақылың асқан сен дана.
Айналайын Қибатжан,
Неге бардым қасыңа,
Болмадым қамқа басыңа!
Ойлап-ойлап қарасам,
Қарағым, сенің көзіңнің
Қалып келіп тұрмын жасына.
Тәңірім тілек бермеді,
Көздің жасын көрмеді.
Қарекем қолда барында
Дұшпанға теңдік бермедім.
Бұл күндері болғанда
Қарекемнен айрылып,
Жез қанатым қайрылып,
Жасыған жездей майрылып,
Қарекемнен келгенім.
Дұшпандар кетті зор болып,
Біз сорлы қалдық қор болып.
Шаба алмады қайта қамалға,
Келмеді тілі аманға.
Қарекемнен айрылып,
Бишара болып, Қибатжан,
Тап болып тұрмын мұндай заманға.

Мына сөзді естіп Қибат шошып кетіп, Қазиға қарай жүгіргенде, кемпірдің басы жерге түсіп кетеді. Сонда кемпір басын көтеріп, байқаса, келіп тұрған өзінің баласы екен. Кемпір сонда Қибатқа қарап: «Сен бұлардан хабар сұрама, хабарды менен сұра»,—деп сөйлей жөнеледі. Бұлардың біреуі емес, екеуінің де менімен іш бәсекелері бар»,—деп хабарды өзі айта бастайды:

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз