Қарасай, Қази (10-бөлім)
Қарасай-Қази · Қашаған Күржіманұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Уа, шырағым, Қарасай,
Аман-есен келдің бе,
Қалмақтың жауын көрдің бе?!
Менің Әділ сұлтанжанымды
Жауға тастап келдің бе?!
Иә болмаса, шырағым,
Өз қолыңнан көмдің бе?!
Қарасай достым сен едің,
Әуре бейбақ мен едім.
Екі көзім еңіреуде,
Қайғымен уайым жеп едім.
Сен қасында бар болсаң,
Кешегі Әділ сұлтан—қарағым
Жауда қалмас па екен»,—деп едім.
Сол бойыма біткенде,
Балалы пілді асырап,
Пілдің сүтін ішкен де мен едім.
Қарасай, айтшы шыныңды,
Мен алайын тынымды,
Қорқып тұрмын, қарағым,
Көрген соң сенің түріңді.
Әуре қылмай, шыныңды айт,
Қай жаққа тастап келесің
Менің Әділ сынды ұлымды?—
деп айтқанда Қарасай жалт қараса, Әділдің шешесі екен. Сонда:—Балаң жауда қалған жоқ,—деп, үйіне қарай кете берген. Өзінің үйіне келгенде, алдынан шешесі шығып, мына сөзді айтқан еді:
—Әуре болдым сенделіп,
Талай кездім желденіп,
Жағасы жақұт кіреуке
Жыртыла жазды енденіп.
Кете жаздым, шырағым,
Көрінген жұртқа жем болып.
Айым мен күнің—екеуің
Қосылдың ба жаңа тең болып?
Алғаным кетіп, арланып,
Алғаным қолдан кеткен соң,
Айдаһардың екі баласы,
Іздендің талап қарманып.
Тәңірім тілек бермеді,
Көздің жасын көрмеді.
Аян беріп түсіңде
Бабаңыз жәрдем бермеді.
Қарасай, аман келдің бе,
Қалмақтың жауын көрдің бе?
Қасыңдағы әскерің
Бәрі де сау-саламат келді ме?
Мына сөзді естігеннен кейін Қарасайдың шешесіне берген жауабы:
—Аруақты қарт ана,
Ақылға кәміл сен дана.
Мен өзім теңімнен кем болып,
Жамандармен тең болып,
Дұшпанға қылған қайратым
Сонда қалды шен болып.
Әділімнен айрылып,
Жез қанатым қайрылып,
Жасыған жездей майрылып,
Осы күнде келемін
Қас масқара мен болып.
Өртенді бауыр-үйегім,
Қайғыменен күйемін.
Тоғыз қайтара ат салдым,
Сонда да көре алмадым оның сүйегін.
Қамалға қанша кірсем де,
Әділімді көрмедім,
Қайратымнан не пайда?
Соның жатқан жерінде
Мен де жатып өлмедім!
Енді қашан көрермін,
Бір көрмесем, өлермін?!
Таңда мақшар күнінде,
Тар көшенің жүзінде,
Бір көрсем, сонда көрермін.
Сонда соқыр кемпір ойлайды: «Бұлар Әділді «өлді» деп, күдерін үзіп келген екен. Әділ менің көрген түсім бойынша, өлген жоқ сияқты еді. Шешесі жылап жатырған шығар, көңілін көтерейін»,—деп, бір адамға жетелетіп келсе, Әділдің шешесі абысынын көріп, мына сөзді айтқан көрінеді:
—Айналайын, ене-еке,
Мен өз теңімнен кем болып,
Пақырлармен тең болып,
Дұшпанға қалдым жем болып.
Әділімнен айрылып,
Жез қанатым қайрылып,
Осы күні отырмын
Қас масқара мен болып.
Жүруші едім сағынып,
Болармын адам не қылып?!
Кешегі менің жалғызым
Жатыр ма екен жерді бағынып?!
Қалды ма екен жалғызым
Ақ кіреуке жамылып?
Қолдан жуып қоярға
Үйде де өлмеді қағынып.
Кезіп қайда барайын,
Қайдан ақыл табайын?
Маңдайсыз болған арлы қаз,
Сені қайтіп бағайын?!
Бір үйдегі бір-екі жан,
Қайткенде бабың табайын?
Әділ менен Қарасай
Жүретін еді тең болып,
Қалғаны рас-тағы айрылып.
Бір көрінсең көзіме,
Өкпемді алып қағайын.
Қара тамақ қамы үшін
Қай есікте жүрермін?
Дорба салып мойныма,
Қайдан тамақ тілермін?
Таяқ алып қолыма,
Неғып жаяу жүрермін?
Жетім қызды құшақтап,
Не қылып дәурен сүрермін?
Қарағым келіп қасқайып,
Құдай-ай, қашан күлермін?!
Енді қайтып баруға
Жүрегі де қайтты бұл елдің.
Айналайын қарағым,
Артыңда қалған ағаң жоқ,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Иә болмаса, Құдай-ай,
Артыңда балаң жоқ,
Көкіректе алаң жоқ,
Тым болмаса, қарағым,
Артыңда қалған інің жоқ,
Мен сорлыда тыным жоқ.
Халқым қалды қаласыз,
Мен сорлы қалдым баласыз.
Бишара болған сорлы қыз,
Сен де қалдың ағасыз.
Адыра қалған ақ орда,
Әділім саған кірер ме?!
Арқасы құтсыз Ақтабан,
Әділім саған мінер ме?!
Аулымның үстіне
Билер кеңес құрар ма?!
Билер басы құралып,
Көңілімді сұрар ма?!
Отырсам, не қып тұрармын,
Қарағым еді-ау тұрағым?!
Қарағың аман келеді, деп,
Естір ме екен құлағым?
Алладан үміт үзбейін,
Саламат жаны бар болса,
Бір күні келеді-дағы, шырағым!